Карантинде әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылық артты ма?

БҰҰ-ның Даму бағдарламасы мәліметінше, карантин шектеулері мен дүниежүзіндегі төтенше жағдай кезінде әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылық артқан. Оған қоса басшы қызметіндегі әйелдерді қорқыту және өз міндеттерін орындауға кедергі келтіруге жасалатын қоқан-лоқы тек офлайн ғана емес, онлайн да көбейген.

Әлемде әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылық

Короновирус таралғанға дейін отбасын құрған 15-49 жас аралығындағы әр үшінші әйел (14-бетте) өмір бойы күйеуінен физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылық көрген. Ал әрбір бесінші әйел 12 ай бойы зорлық-зомбылықтың құрбаны болған.

БҰҰ-ның Даму бағдарламасы және IPSON “Көлеңкелі пандемияны өлшеу: COVID-19 кезінде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық” атты зерттеуінде зорлық-зомбылықты екі кезеңге бөлген. Зерттеу нәтижесіне 18 жастан асқан 16 154 әйелдің сауалнама қорытындысы пайдаланылған.

Сауалнамада әйелдерге карантин уақытында менталды, эмоцияналды және физикалық денсаулығына қатысты сұрақтар қойған. Нәтижесінде азық-түлік қауіпсіздігіне және әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылықтың кейбір түріне баса назар аудару керектігі анықталды.

Карантиндегі 5 әйелдің екеуі менталды және эмоцияналды денсаулығы нашарлағанын айтқан. Жалпы 41% әйел менталды және эмоциялды денсаулығына зиян келді деп санайды. Бұған себеп ретінде әйелдер мен қыздарға жасалатын зорлық-зомбылық болуы мүмкін.

Пандемия уақытында әйелдер мен қыздарға жасалатын зорлық-зомбылық туралы хабарлаған респонденттердің менталды денсаулығы нашарлаған. Оған себеп ретінде стресс пен үй шаруасындағы міндеттердің артық болуы мүмкін деп көрсеткен. Мысалы, басқа әйелдердің зорлық-зомбылыққа ұшырғанын білгені үшін менталды және эмоционалды денсаулығына шағымданғандар 1,3 есе артқан. Сауалнамаға қатысқан әйелдердің үйде (1,3 есе жоғары) және қоғамдық орында (1,2 есе жоғары) өзін қауіпсіз сезіну индекстерін де сараланған. COVID-19 кезінде қоғамдағы зорлық-зомбылық (1,3 есе жоғары), жыныстық зорлық-зомбылық (1,2 есе жоғары) және әйелдерге жасалатын тұрмыстық зорлық-зомбылық (1,4 есе жоғары) жиілеп кетті деп санайтындар саны артқан. Бұл менталды және эмоционалды стресстің жоғарылауы туралы хабарлаған әйелдерге қарағанда жиі кездеседі.

Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық не себепті өсті?

Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, пандемия уақытында жұбайының/серіктесінің физикалық немесе вербалды зорлық-зомбылық жағдайлары жиілеп кетті деп хабарлағандар саны 60%-тен асқан.

Карантинде зорлық-зомбылықтың артуына әйелдердің үйде жұмыс істеуінен бөлек, үйдегі шектеулер және міндеттемелер де әсер етуі мүмкін. Атап айтқанда, жұмыстан бөлек, тамақ пісіру, кір жуу, үй жинау және бала қарау секілді басқа міндеттемелерді әйелдің мойнына артуын негізгі себеп ретінде қарастыра аламыз. Мысалы, карантинге дейін әйелде жұмысынан кейінгі үй шаруасына 6 сағаттан артық уақыт бөлсе, короновирус уақытында бұның көлемі едәуір өскен болуы мүмкін.

БҰҰ-ның дерегінше, әйелдер үй шаруасын ерлерге қарағанда 2,5 есе көп атқарады. Нәтижесінде әйелдердің жұмыс істеуге уақыты болмайды немесе үй шаруасы мен өз жұмысын біріктіріп, шамадан тыс көп еңбек етеді.

Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) мәліметінше, әйелдер мен ерлер үй шаруасымен тең дәрежеде айналысатын бірде-бір ел жоқ. Мәселен, әйелдер жалпы уақытының 75%-інен астамын үй шаруасына арнайды.

Карантин уақытында төрт қабырғаға қамалған адамдардың арасында кикілжің жиі пайда болуы мүмкін. Артынша әйелдерді ұрып-соғу немесе жыныстық зорлық-зомбылық көрсетумен аяқталуы ықтимал. Бұл әйелдердің тек физикалық жағдайына ғана емес, сонымен қатар менталды денсауылғына зиянын тигізеді. Бұл пікірді сауалнама нәтижесі де нақтылай түседі. Пандемия уақытында жыныстық зорлық-зомбылық жағдайы жиілеп кетті деп санайтын әйелдер саны 50%-тен асқан.

Қазақстанда ше?

2020 жылдың наурыз-сәуір айларында тіркелген отбасылық-тұрмыстық құқықбұзушылық – 179 болса, қаңтар-ақпанда 117 болған. 2019 жылы бұл көрсеткіш қаңтар-ақпан айларында 128, наурыз-сәуірде 159 болған. Осы статистикаға қарап-ақ, карантин уақытында зорлық-зомбылықтың артқанын аңғаруға болады.

Қазақстан карантин уақытында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмектесуге тырысты. Ол үшін астаналық қыз-келіншектер 102-ге хабарласып, “маска мен антисептиктер келді ме?” деген жасырын сөзді қолданып, шағымдануға мүмкіндік алды.

Қазақстанның карантин уақытында гендерлік идексі өзгерген. Атап айтар болсақ, 2019 жылы 0,351 болса, 2020 жылы 0,426 индексіне жеткен.

Карантинде әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылық артты ма?
дереккөз: gender.stat.gov.kz

Контекст

  • Әйелдер мен қыздарға жасалатын зорлық-зомбылық (Violence against women, VAW) – көбінесе адам құқықтарын бұзудың тікелей деструктивті және ұзақ мерзімнің салдары. Әйелдер зорлық-зомбылықты әртүрлі жиілік пен ауырлық деңгейінде түрлі нысандар мен шарттарда өтеді. Қыз-келіншектер зорлық-зомбылықты өзінің жақын серіктесі немесе отбасы мүшесі, тіпті басқа да адамдардан көреді. Осылайша әйелдердің азаматтық, саяси, экономикалық және әлеуметтік құқықтары шектеледі.
  • Пандемия басталғанға дейін зорлық-зомбылықты тек “ұлттық дағдарыс” ретінде ғана қарастырылды. Алайда 2013 жылы ДДСҰ әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықты “жаһандық індет” деп атады.
  • “Көлеңкелі пандемия” – карантин уақытында зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге қатысты енген термин.

Материал MediaNet Халықаралық журналистика орталығының «Гендерлік мәселелерді медиада көтеру арқылы бұқараның біліктіліктілігін арттыру» жобасы аясында Қазақстандағы Финляндия елшілігінің қолдауымен дайындалды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің түлегі (2021). Әлеуметтік ғылымдар магистрі (2023). OMS (Online Media School, 2020) және OFA (Online Factcheck Academy, 2021) түлегі.

Factcheck.kz