Каддафи 2009 жылы БҰҰ-да пандемия туралы айтқаны рас па?

Муаммар Каддафидің 2009 жылы БҰҰ-да жасаған “мәлімдемесі” әлеуметтік желіде талқыланып жатыр. Интернетте таратылған суретте Каддафи коронавирус пандемиясы туралы білгені айтылған. Хабарлама желі қолданушылары арасында резонанс тудырды. Кейбірі “Каддафи дәл осы үшін өлтірілді” деген теорияны алға тартып, оны пайғамбарға теңесе, енді бірі саясаткердің болашақты болжай алатына күмәнмен қарады. Factcheck.kz БҰҰ-ның 64-ші Бас ассамблеясында Каддафидің қандай мәлімдеме жасағанын тексерді.

Каддафи 2009 жылы БҰҰ-да пандемия туралы айтқаны рас па?

Желіде тараған жазба: Олар вирусты өздері жасап, сіздерге антивирусты сататын болады. Олар бұл мәселені қалай шешу керек екенін білсе де, біраз уақыт керек екенін айтады.

Үкім: Манипуляция

Расымен, Ливия лидері болған Муаммар Каддафи 2009 жылы БҰҰ Бас ассамблеясының 64-сессиясында мәлімдеме жасаған. Каддафи мәлімдемесінің ұзақ болғаны соншалық, берілген 15 минуттың орнына 1 сағат 40 минут сөйлеген. Бұдан бөлек интернетте тараған суретте вирустың аты аталмағанын байқауға болады. Бұл манипуляция жасауға тырысқандардың айласы. Муаммар Каддафи БҰҰ сессиясында вирус туралы басқаша айтты:

Бұл сессия біз кездестіретін көптеген ауыртпалықтың тұсында өтіп жатыр. Бүкіл әлем бірігіп, біздің басты жауымыз саналатын – климаттың өзгеруі, халықаралық мәселелер, капиталистік экономикалық құлдырау, азық-түлік, су дағдарысы, шөлейттену, терроризм, иммиграция, қарақшылық, антропогендік, табиғи індеттер және ядролық қаруды тарату секілді халықаралық дағдарыстарды шешу үшін күш біріктіруіміз керек. Мүмкін H1N1 тұмауы бастапқыда әскери қару ретінде ойластырылған зертханадан шыққан вирус болған шығар. Мұндай қиындықтарға екіжүзділік, кедейлік, қорқыныш, материализм және азғындықты да қосуға болады.

Каддафидің вирус туралы айтқан екінші мәтіні:

Мүмкін, алдағы уақытта балық тұмауы болады, себебі кей уақытта вирусты қолдан жасап, бақылауда ұстаймыз. Бұл — коммерциялық бизнес. Капиталистік компаниялар вакцина шығарып, оны сату үшін вирус жасайды. Бұл тым ұят және жаман этика. Екпе мен дәрі-дәрмек сатылмауы тиіс. Өзімнің жасыл кітапбымда дәрі-дәрмектерді сатуға немесе коммерциялауға болмайды деп жазған едім. Дәрі-дәрмек және вакцинация балаларға тегін болуы керек. Бірақ капиталистік компаниялар вирустар мен егулерді шығарып, пайда табуды қалайды. Неліктен олар тегін емес? Біз оларды сатып емес, тегін беруіміз керек. Бүкіл әлем біздің халқымызды қорғауға, вакцинация жасауға және жүргізуге, балалар мен әйелдерге дәрі мен вакцинацияны тегін беруге ұмтылу керек. Осы тармақтардың барлығы Бас ассамблеяның күн тәртібіне енгізілді, енді бұл міндетті орындау ғана қалды.

Муаммар Каддафи

Мәтіннен байқағаныңыздай, Каддафи коронавирус пандемиясына қатысты ештене демеді. Эпидемия сөзін бір рет айтып, пандемия сөзін мүлдем қолданбаған. Саясаткер сөзінің басында «шошқа тұмауы» деп танылған H1N1 тұмауы туралы айтты. Сонымен қатар, Каддафи фармацевтикалық корпорацияларға қарсы болғанын, бірақ ақысыз жаппай вакцинацияны жақтағанын атап өткен жөн.

Муаммар Каддафи Ливияны 42 жыл басқарды. 2011 жылдың ақпанында Ливияда үкіметке қарсы жаппай демонстрация басталды. Кейін олар үкіметтік күштер мен оппозиция арасындағы қарулы қақтығысқа ұласты. 2011 жылы 20 қазанда Муаммар Каддафи НАТО-ны қолдаған көтерілісшілердің қолынан қаза тапты.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz