Грета Тунберг пен оның мәлімдемелері туралы

Швециядағы оқушы Грета бір жыл ішінде медиаиконаға (Instagram-да 6,5 млн  жазылушысы, Twitter-де 2,5 млн жазылушысы бар, оның суретін әлемге белгілі бұқаралық ақпарат құралдарының негізгі беттерінен көруге болады) ғана емес, колумнистер, публицистер, саясаткерлер мен экологтарды қызылкеңірдек қылатын тақырыпқа да айналды. Серіктесіміз «Монитор Медиа» жобасымен бірге мына сауалдарға жауап іздедік:

  • Грета Тунберг кім және ол не нәрсеге қарсы?
  • Ол туралы қандай фейк таралды?
  • Оның танымал мәлімдемелері қазіргі ғылыми теориялар мен тексерілетін деректерге қаншалықты жанасады?

Грета Тунберг деген кім?

Грета Тунберг. Anders Hellberg [CC BY-SA 4.0], via Wikimedia Commons

Грета Тинтин Элеонора Эрнман Тунберг – швед оқушысы, экобелсенді, әлеуметтік желі жұлдызы, ол – опера әншісі Малена Эрнман мен актер Сванте Тунбергтің қызы.

Климаттың өзгеруіне кішкентай кезінен алаңдап, 11 жасында депрессияға ұшыраған. Өзінің айтуынша, кейін оған «Аспергер синдромы», «обсессия-компульсия ауытқуы», «ішінара мылқаулық» деген диагноздар қойылған.

15 жасынан бастап швед парламенті алдында наразылық білдіру үшін жұма сайын сабаққа бармай, «келешек жолындағы жұма» әлемдік үрдісін бастады. 2019 жылдың қыркүйегінде БҰҰ мінбесінен жалынды сөз сөйледі, оның бұл сөзі баспасөзде материалдар легіне, әлеуметтік желілерде талай фейк ақпараттың тарауына себеп болды.

Грета Тунберг туралы көп тараған фейктер

Грета Тунберг ДАИШ-қа (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) мүше таксиспен бірге тұрады.

Үкім: Фейк

Таксист туралы әңгіме таяуда, 25 қыркүйектен бастап тарады. Гретаның «ДАИШ мүшесімен түскен фотосының» өзі ертерек пайда болды, оны Snopes әшкерелеп те тастады. Фотодағы қыз Грета емес, әуеліде (2014 жылы) сурет тіпті басқа жазбамен, мұсылмандардың кішкентай қыздармен некелесуі туралы ақпаратпен бірге тараған. 

Сол кезде «бұл – секс құлдыққа сатылған қыз бала» деп айтылған еді. Шынына келсек, фото 2013 жылы Алеппода өткен Құран оқу жарысы кезінде түсірілген. Қыз бала байқауда бірнеше қате жібергеніне жылап тұр.

Грета Тунберг – Джордж Соростың жобасы/Соростың немересі.

Үкім: Фейк

Фотоны Lead Stories жобасы тексеріп, алғашқы нұсқасын тапты – оған Тунберг Ал Гормен бірге түскен.

Фейк фото мен мақала оңшыл саяси бағыттағы бірнеше сайтта жарияланған. Францияның SecretNews.fr  сатира басылымы фотомонтаждың анағұрлым ықтимал авторы деп есептеліп отыр, басылым сондай фото мен мақаланы 2019 жылдың 28 тамызында жариялаған.

Джордж Соростың басы Гордың денесіне «жалғанған».

Швед шіркеуі Грета Тунберг Иса пайғамбардың «мұрагері» деп мәлімдеді.

Үкім: Фейк

Ақпараттың фейк екенін Lead Stories жобасындағы Мартин Швенк анықтады. 2018 жылы жергілікті пасторлардың бірі сондай мазмұндағы твитті жариялаған (кейін сол үшін кешірім сұрады). Шведтердің жартысынан астамының басын біріктіретін швед шіркеуінің өзі ешқашан мұндай мәлімдеме жасамаған, шіркеу бұл туралы ресми жауап та берді.

Қай діннің өкілі болса да, приход священнигі доктриналар мен шіркеудің ресми ұстанымын таратушы емес, тіпті ол шіркеуге қарсы болуы да мүмкін екенін түсіну керек.

Гретаның қарсыластары ғана емес, оның жақтастары да тексерілмеген тұжырымдарды таратып жатады. Мысалы, «Аспергер синдромы бар адамдар өтірік айта алмайды» деген тұжырым да жиі айтылады.

Үкім: Жалған

Аспергер синдромы Аурулардың халықаралық жіктемесінің 10-қаралымы бойынша адам психикасы дамуының жалпы ауытқуына жатады. Ол «әлеуметтік өзара әрекет пен қарым-қатынас көрсеткіштерінің сапа жағынан ауытқуы, әуестік пен әрекеттің шектеулі, стереотип және қайталана беретін жиынтығы» деп сипатталады. Аурулардың халықаралық жіктемесінде мұндай науқастың өтірік айтуға бейім не бейім емес екені туралы ештеңе айтылмаған.

Австрияның осы синдромды ашқан психиатры Ганс Аспергер мұндай балалардың сөйлемей қарым-қатынас жасауы (ым, мимика, дауыс тоны және тағы басқа) қиын, эмпатиясы (жаны ашу, өзгелердің эмоциясын тану мен соған ортақтасу) шектеулі және қимылы ебедейсіз болатынын айтқан. Аспергер синдромы бар орысша сөйлейтін адамдарға арналған сайт мұндай науқастардың көбіне сыпайылық пен басқа да жағдайларға қарамастан турасын айту тән екенін жазып отыр. Бірақ шын сөйлеу мен өтірік айта алмау бір ұғым емес. Аспергердің өзінің зерттеуінде де, синдром туралы орыс қоғамдастығының сайтында да мұндай адамдардың өтірік айта алмайтыны туралы ақпарат жоқ. Есесіне олардың «ағаштың ар жағындағы орманды көретін, яғни тұтас картинаның орнына жағдайдың детальдарына назар аударатын» қабілеті бар екені айтылған.

Ағылшын тілінде оқи алсаңыз, Грета Тунберг туралы фейктерге жасалған талдаулар топтамасын Poynter институтының сайтынан табуға болады.

Грета Тунбергтің танымал мәлімдемелері

Дереккөздер: Тунбергтің Medium сайтындағы мақаласы және оның БҰҰ саммитіндегі сөзінің жазбаша нұсқасы.

Швеция халқы жыл сайын жан басына шаққанда 11 тонна CO2 өндіреді. Біз WWF мәліметі бойынша  әлемде 8-орындамыз.

Грета Тунберг

Үкім: Жалған

Union of Concerned Scientists ұйымының дерегі басқа. Бұл ғалымдардың зерттеуіне қарағанда Швеция CO2 бөлу жөнінен жиырмалыққа да кірмейді. Еуропа одағы Ғылыми хабының есебінде Швеция 2017 жылы жан басына шаққанда 5,1 тонна көмірқышқыл газын өндіргені көрсетілген, яғни Грета айтқандай 11 тонна емес.

Олардың рейтингінің 8-орнында Жаңа Каледония, жетінші, тоғызыншы орындарында БАӘ мен Сауд Арабиясы тұр. Бүкіләлемдік банк сайтында 2014 жылғы мәлімет қана көрсетілген, ол да экобелсендінің сөзіне сәйкес келмейді – 4,5 тонна. Бұл сайттағы график Швеция жан басына шаққанда 11 тонна көмірқышқыл газын бір-ақ рет – 1970 жылы ғана, Грета Тунберг дүниеге келерден әлдеқайда бұрын өндіргенін көрсетіп отыр.

Біз жаппай құрып кету алдында тұрмыз

Грета Тунберг

Үкім: Жартылай шындық

Мәлімдеменің ақиқатын білу үшін «біз» деп кім айтылып тұрғанын түсіну керек. Адамзат айтылып тұрған болса, әлемдегі халық саны еш азайған емес, керісінше, көбейіп жатыр, БҰҰ бұл үрдіс XXI ғасыр бойы жалғаса береді деп болжап отыр.

Ал әңгіме тірі организмдердің жойылуы туралы болса, расында да олардың түр саны Жер шары тарихының басқа кезеңдеріндегі жаппай құрып кетуден де жылдам азайып жатыр. Бірақ бұл – алтыншы жаппай құрып кету және ол планетадағы тірі организм атаулы түгел жойылып кетеді деген сөз емес.

Егер біз 10 жылдан соң ауаға таралатын қалдықты екі есе азайтсақ, температураны 1,5 градустан [Цельсий] жоғарылатпаудың және адам бақылай алмайтын қайтымсыз тізбекті реакцияға жол бермеудің жүз мүмкіндігінің елуіне ғана қол жеткіземіз. Әлем температура жоғарылауының жаһандық деңгейін 1,5 градустан асырмайтын 67% мүмкіндікке ие болуы үшін – мұның өзі ең жақсы болжам [Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық топ] – 2018 жылдың 1 қаңтарындағы кезеңде ауаға қалдықты 420 гигатоннадан артық таратпауы қажет болды.

Грета Тунберг

Үкім: Жартылай шындық

Тунберг абсолют дәл дерек айтқанымен Жер бетіндегі тіршілікті түгел жоймайтын басқа да сценарий бар екені туралы ештеңе демейді. Мысалы, 770 гигатонна қалдық пен температураның 2 градус жоғарылау сценарийі.

Бұл туралы Жаһандық климат және экология институтының ғылыми жетекшісі С. М. Семёнов мейлінше саралап түсіндіреді: «1,5 мен 2 градус арасында шаруашылық пен табиғат жүйелеріне және кейбір өңірдегі халық денсаулығына кері әсер ететін жағдайлар қаупі анық артады. Мысалы, температура 1,5 градус жоғарылағанда әлемдік мұхит деңгейі температураның 2 градус жоғарылауымен салыстырғанда 10 сантиметрге жетер-жетпес көтеріледі. Былай қарағанда көп емес, бірақ Бангладеш сияқты елдер үшін айтарлықтай қауіпті болуы мүмкін. Баяндамадан мынадай цифрды айта аламын – егер күн 1,5 емес, 2 градус жылыса, мұхит жағалауындағы аймақтарда қосымша 10 млн адамға қауіп төнеді. Көпжылдық тоң жіби бастайды, ол ғимараттар іргетасының беріктігіне әсер етеді. Мұндай жағдай Ресейде де болуы мүмкін. Арктика мәселесі тап сондай. Мұз ауданының азаюы Солтүстік теңіз жолын босатады, екінші жағынан Арктика экожүйелеріне қауіп төнеді».

Қалдық шығарудың қазіргі деңгейінде CO2 бойынша лимит сегіз жарым жылға жетпейтін уақыттан соң-ақ түгел таусылады.

Грета Тунберг

Үкім: Жартылай шындық

Қалдық деңгейімен бірге атмосферадағы CO2 концентрациясына тағы бір параметр – атмосферадан CO2-ні шығару да әсер етеді.

Бүгінде оның технологиялары да бар – «көмірқышқыл газын ағаш сүрегі түрінде көміп, одан орындықтар мен шкафтар жасауға, газды жерасты қуыстарына айдауға, мұхиттың үстіңгі қабатының өнімділігін арттыруға болады». Бұл қымбатқа түседі, дегенмен Париж келісімінде ондай жұмыс қарастырылған. Бұл жерде сегіз жарым жыл деген нақты мерзімді атау аса орынды болмайды, себебі біз барлық факторды ескере алмаймыз.

Қорытынды және редакция ұстанымын түсіндіру

Конспирологтар не десе де, Грета Тунбергтің өзі айтқан мәселелердің бәріне – экология проблемаларына, планетаның ластануына және парник эффекті қаупіне қатты алаңдайтыны күмәнсіз.

Оны қанша жерден «медиажоба» деп атаса да, жобалардың ауадан пайда болмайтынын есте ұстау керек, Грета өте көп адамның пікірі мен уайымын айтты, қазіргі ақпарат әлемінде оны ескеруге тура келеді.

Бірақ бірнеше мәлімдемені талдағаннан кейін Грета Тунбергтің әдістері мен сөз сөйлеу стратегиясының, айталық, Дональд Трамптың популистік стратегиясынан айырмасы жоқ екенін көрдік.

Қазіргі қарама-қайшылықты әлемде қарсыластың позициясын елемеу және кез келген жайтты ақ пен қара деп бөлу – өте қолайлы әрі тым үйреншікті әдіс. Нақты өзгеріс жасау үшін мұндай стратегияның қаншалықты өнімді екені – өз алдына бөлек тақырып. Қара аспанды төндіретін мәлімдемелер қалың бұқараға өте жақсы әсер етеді, бірақ, әсіресе, түрлі саладағы әркелкі ғылыми деректерді бір ғана қарапайым формулаға салуға келмейтін кезде ондай мәлімдемелер әлем саясатына ықпал етуге қауқарлы ма?

Грета Тунбергтің БҰҰ Бас ассамблеясының мінбесінен айтқан сөзіне қатысты қарама-қайшылықты реакция да қоғамдағы көзқарас әркелкілігіне байланысты болар.

Комментаторлардың көбі екі топқа бөлінді, бірі қызды пір тұтса, екінші топ ашуға булығып, өшпенділік пен қасақана жеккөрінішке толы пікір айтып жатыр. Қаһармандар мен антиқаһармандарды қарама-қайшылықты әлем өз шамасына қарай қабылдайтынына ғана констатация жасай аламыз. Бұл жайт қазіргі жаһандық экология проблемаларын шешуге мүмкіндік бере ме, жоқ па, әзірше жауабы табылмаған сұрақ – осы.

Қазақ тіліне аударған: Болатбек Мұхтаров

Павел Банников
Журналист, редактор. Филолог-славист. Соавтор и составитель ряда работ по журналистике и языку вражды. Работал журналистом и редактором в различных научно-популярных, развлекательных и общественно-политических изданиях Казахстана. Главный редактор проекта «Фактчек в Казахстане». Медиатренер, создатель образовательного проекта Factcheck.Academy