Физикалық белсенділік төмен болғанда COVID–19-дан көз жұму қаупі үш есе артатыны рас па?

“COVID-19-дан болатын өлім қаупін екі есе арттыратын фактор анықталды” деп хабарлады stan.kz. Бұл туралы skif–news.kz, ktk.kz сайттары да жазды. Жаңалық мазмұнында АҚШ дәрігерлері пациенттің физикалық белсенділігі төмен болған жағдайда коронавирустан көз жұму қаупі үш есе артатынын анықтады делінген. Бірге тексеріп көрейік.

Пациенттің физикалық белсенділігі төмен болған жағдайда коронавирустан көз жұму қаупі үш есе артады

ktk.kz сайты

Үкім: Манипуляция

British Journal of Sports Medicine журналының зерттеуі бойынша, COVID-19-бен ауырған адамның физикалық белсенділігінің төмен болуы өлімге алып келмейді. Зерттеудің негізгі мазмұнында дене белсенділігі бойынша нұсқаулықтарды үнемі сақтау COVID-19 жұқтырған адамдардың ауыр нәтижелерінің пайда болу қаупін төмендетеді деп көрсетілген. Медицина, жалпы алғанда, әркез тұрақты дене қозғалысында болуды жөн көреді және адамдарды соған шақырады.

Зерттеу қалай жүргізілді?

Зерттеу 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2020 жылдың 21 қазанына дейін COVID-19 диагнозы қойылған 48 440 ересек пациентке жүргізілді. 2018 жылдың 19 наурызынан бастап 2020 жылдың 18 наурызына дейінгі аралықтағы науқастардың физикалық белсенділік санатын үшке бөледі. Біріншісі, тұрақты белсенді емес, екіншісі, кейде ғана белсенді, үшіншісі үнемі белсенді болған.

Зерттеу нәтижесі физикалық белсенділігі жоғары әрі тұрақты айналысқан адамдар тобының COVID–19-ды жұқтырса да, ауруханаға түсу әрі аурудың ауыр түріне өту қауіпі төмен екенін көрсетті.

АҚШ-тың аурудың алдын алу және бақылау орталығы (CDC) COVID-19-дың ауыр формасына алып келетін факторларды анықтаған. Олардың ішінде жастың кәрілігі, жыныс (ер) және басқа да қосымша аурудың болуы, мысалы, диабет, артық салмақ, жүрек қан-тамырлары аурулары. Жиі физикалылық белсенділіктің болуы COVID-19 нәтижелеріне қалай әсер ететіні туралы ешқандай мәлімет жоқ. Алайда, төмен физикалық белсенділік басқа аурулардың тәуекел факторы.

ДДСҰ физикалық белсенділік не туралы не дейді?

Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы да COVID–19 кезінде физикалық белсенділікті үнемді сақтауға және жиі қозғалыста болуға шақырды.

Тұрақты физикалық жаттығулар қан қысымын төмендетуге, салмақты реттеуге және жүрек ауруы, инсульт, 2 типті қант диабеті және әр түрлі қатерлі ісік ауруларын азайтуға көмектеседі. Сондай-ақ сүйектер мен бұлшықеттерді нығайтады және тепе-теңдікті дамытады, икемділікті жоғарылатады, жалпы физикалық жағдайды жақсартады.

Егер сіздің дене қызуыңыз көтеріліп, жөтел, ентігу пайда болса, ешқандай жаттығу жасамаңыз. Үйде болып, демалыңыз, медициналық көмекке жүгініңіз. Дәрігерлер бекіткен талаптарды орындаңыз.

Егер сіздің жаяу немесе велосипедпен серуендейтін мүмкіндігіңіз болса, әрдайым басқа адамдармен арақашықтықты сақтаңыз. Белгіленген жерге жеткенде, үйге оралғаннан кейін дереу қолыңызды сабынмен жуыңыз. Егер су мен сабын болмаса, спиртпен сүртіңіз.

Егер сіз үнемі спортпен айналыспайтын болсаңыз, жаяу жүру және жеңіл жаттығулар жасауды біртіндеп бастаңыз. Төмен қарқынмен, шамамен 5-10 минут, кейіннен 30 минутқа дейін істейсіз. Егер сіз оған үйренбеген болсаңыз, ұзақтығын көбейтуге тырысқаннан гөрі, аз болса да, тұрақты жаттығу жасауды әдетке айналдырыңыз.

Сулейман Демирел университетінің журналистика мамандығы бойынша оқиды. "Ұлан" газетінің штаттан тыс тілшісі. 2019 жылдан бастап factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz