Фейк | Италия Парламенті Гейтсті адамзатқа қастандық жасағаны үшін тұтқындауды талап етті

Желіде миллиардер Билл Гейтске қарсы жаңа деректер пайда болып, WhatsApp-та кең тарап жатыр. Бұл жолғы материал авторлары әлдебір италиялық депутаттың парламент отырысы кезінде айтқан сөзін негізге алған. Мәселен, «Караулов Life» сайтында «Италия Билл Гейтсті парламенті адамзатқа қастандық жасағаны үшін тұтқындауды талап етті» деген тақырыппен материал жариялады. Оған қоса Youtube-та осыған ұқсас тақырыппен – «Italian Government call for arrest of Bill Gates» (Youtube әкімшілігі видеоны «қоғамдастық принциптерін бұзғаны үшін» өшіріп тастады) видеосы жарияланды. Оларда әңгіме италиялық парламентарий Сара Куниалдың сөзі туралы болып отыр.

Парламент әлде парламентарий?

«Депутат Куниал Билл Гейтстің ісін «адамзатқа жасалған қастандық» деп атап, Италия президентін жиналған дәлелдерді Халықаралық қылмыстық сотқа беруге шақырды. Ду қол шапалақпен аяқталған жеті минуттық сөзінде Куниал көптеген факт келтіріп, соған сәйкес қорытынды шығаруды ұсынды», делінген «Караулов Life» сайтында.

© «Караулов Life» сайтынан скриншот

Дегенмен, бұл материал көшірілген және мәтінде алғашқы дереккөзге сілтеме жасалған. Ол – GreatGameIndia сайты (өздерін геосаясат пен халықаралық қатынастар туралы жазатын сайт деп көрсетеді). Бұл сайттағы тақырыптың мағынасы басқаша екені назар аудартты: «Италиялық саясаткер Билл Гейтсті адамзатқа қастандық жасағаны үшін тұтқындауды талап етті».

© GreatGameIndia сайтынан скриншот

Алғашқы қорытынды: біздің ойымызша, «Италиялық саясаткер Билл Гейтсті адамзатқа қастандық жасағаны үшін тұтқындауды талап етті» дегенге қарағанда «Италия парламенті Билл Гейтсті адамзатқа қастандық жасағаны үшін тұтқындауды талап етті» деген тақырып біржақты және манипуляция. Шын мәнінде әңгіме дауыс беру арқылы қабылданған әріптестік шешім емес, тек бір депутаттың сөзі туралы.

Ду қол шапалақ болды ма?

GreatGameIndia материалында Куниалдың жеті минуттық сөзіне барлығы «ду қол шапалақтады» делінген.

Дәл сол парламент отырысында шын мәнінде не болғанын білу үшін біз Италияның беделді басылымдарының бірінен ол туралы материал табуға тырыстық. Таптық. La Repubblica басылымы биыл 14 мамырдағы Сара Куниалдың сөйлеген сөзі туралы жазған. Басқа да пікірлерімен бірге депутат елдің премьері Джузеппе Контеге былай деген: «Келесі жолы сізге филантроп Билл Гейтс хабарласқан кезде оны адамзатқа қастандық жасағаны үшін халықаралық қылмыстық сотқа жіберіңіз».

© La Repubblica сайтынан скрин

Сонымен қатар La Repubblica материалында былай деп көрсетілген:

«Бұл көптеген депутат үшін орынсыз сөздер еді. Олар Сара Куниалдың бұл іске араласқанына шулап қарсылық танытты. Бірақ депутаттар палатасының вице-президенті Фабио Рампелли қарсы болғандардың аузын жапты».

Екінші қорытынды: Италиялық La Repubblica танымал басылымындағы материалдан түсінгеніміздей, депутат Сара Куниалдың сөзіне ешкім ду қол шапалақ соғып, қолдау көрсеткен жоқ. Керісінше кейбір парламент мүшелері оны жақтырмағандықтан, кейбірін тыныштандыруға тура келген.

Депутаттан фейк

Сара Куниалдың сөзіне келер болсақ, ол бұған дейін Билл Гейтстің қоры Африкада миллиондаған вакцинаның таралуын қаржыландырды деп айыптаған. Сонымен қатар, «Африкадағы миллиондаған әйелді ұрықсыздандырған провакцинация саясатының» жауапкершілігі Гейтстің мойнында деді. Factcheck.kz Гейтске бағытталған бұл «қастандық теориясының» сырын ашқан болатын.

Үшінші қорытынды: Италиялық депутат Куниал сөзінде еш дәлелі жоқ фейкті пайдаланды. Оны тек жеке пікір деп қарастыруға болады, бірақ факт емес екені анық.

Жалпы қорытынды: Италиялық парламент депутаты Сара Куниал өзінің сөйлеген сөзінде күдікті ой тұжырымдарын келтіріп, Билл Гейтстің ғаламшар тұрғындары санын тұрақтандырғысы келетіні, бұған дейін миллиондаған әйелдің бедеулігіне әкелген жаппай вакцинацияға қатысы бар деп танымал «қастандық теориясын» пайдаланды. Оған қоса, бірқатар БАҚ «парламентарий-парламент» сөздерін ауыстырып қолданып, депутат сөзінің мағынасын өзгертіп жіберді, ақпаратты солай таратты.

Сонымен қатар, кем дегенде бір материалда (оның рерайтын есептемегенде) мәліметтің фактпен сәйкестігі бұзылып, Куниалдың сөзін басқа парламентарийлер қолдады деген жалған ақпарат қосылған.

Сергей Ким
Журналист, медиакритик, фотограф. Работал на телевидении и радио, сотрудничал с проектом «Радиоточка» до его закрытия в 2017 году. Возглавлял алматинскую редакцию проекта «Спутник-Казахстан», ведёт колонку медиакритики для проекта NewReporter.org