Фактчек | Нановакциналар және Адамзатты Билл Гейтс пен құпия үкіметтің чиптеуі

Бір ай бұрынғы оқиғамен салыстырғанда (біз ол кезде адренохром мен «сатанистердің қастандық теориясы» туралы жазған едік) қазір пайда болған әңгіме конспирологияның басқа теориясының айналасында. Оның арасында 5G желісі мен адам ағзасында наночип «егетін» нановакциналар арасындағы байланысты сипаттайтын ақпараттық трэш те бар. Мұндай мәліметтер кезінде әдетте Билл Гейтстің аты аталатын еді. Ал бұл жолы ол COVID-19-ға қарсы вакцина жасау жұмыстарын қаржыландыратынын мәлімдеді. Сондықтан бұл сюжетті жан-жақты әрі егжей-тегжейлі қарастыру керек.

Жалпы сюжет желісі мынадай: «Адамға СОVID-19-ға қарсы вакцина еккен кезде (нановакцина дейік — Ред.) оның ағзасына қосымша микрочип (наночип дейік) те енгізіледі. Осыдан кейін іске 5G желісі қосылады, яғни ол арқылы әлем элитасы адам ағзасына енгізілген микро (немесе нано) чип арқылы әртүрлі (элитаға қажетті) сигналдар жібереді. Керек болса жер бетінде тек «алтын миллиард» қана қалатындай нұсқау жібере салады.

Бұл теорияны танымал «бесогон» Никита Михалков та таратып жүр.

Негізі, біз басқа фактчекерлермен бірге Билл Гейтстің вакцина арқылы чиптеу жоспарына қатысты мәселенің басын ашып алған едік. Тағы қайталап айтамыз, жоқ! Ол адамдарды чиптейін деп жүрген жоқ – мұның бәрі жалған.

Алайда барлық контексті жақсы түсіну үшін чиптеу туралы біраз айтуға тура келетін сияқты. Сондықтан келесі тақырыптарға кеңінен тоқталамыз:
– Чиптеу деген не және неге бұл жаңалық емес.
– Адамдарды чиптей ме (және қалай).
– Адамдарды нановакцина арқылы наночиптермен чиптеуге бола ма?
– Нановакцина дегеніміз не?
– Бұл мәселеге 5G желісінің қандай қатысы бар.
– Бұл конспирологиялық теория қашан және қалай пайда болды.

Жануарларды чиптеу

Үйінде жануар ұстайтын қалада тұратын көп адам чиптеудің не екенін білетін шығар. Көптеген ветеринарлық клиникалар мұндай қызметті баяғыдан істеп келеді. Чиптеу кезінде үй жануарына 15 таңбалы нөмірі бар шағын құрылғы (күріш дәні сияқты) енгізіледі. Мұның бәрі жануарды сәйкестендіру үшін ғана қажет. Мысалы оны шетелге тасымалдаған кезде немесе ол жоғалған жағдайда.

Микрочип ауыл шаруашылығы саласында да қолданылады. Мысалы ұрлық кезінде жануарды анықтау үшін. Ірі қара мал үшін әртүрлі чип бар, кейбірі терінің астына енгізіледі, кейбірі құлақ сырғасы түрінде орнатылады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығында GPS-бақташы деген жүйе бар, алайда оның чип енгізуге қатысы жоқ. Әдетте gps-трекері мойындағы қарғыға бекітіледі. Микрочипке негізделген RFID технологиясы радиусы 100 метрге жуық жерде трекинг жүргізуге мүмкіндік береді.

Чиптер туралы айтуды жалғастырайық. RFID (Radio Frequency IDentification, радиожиілік идентификациясы) технологиясы АҚШ-та IFF («өз адамы – жау») атты радиолокациялық анықтау әдісі ойлап шығарылған әскери уақытқа жетелейді. Жануарларды чиптеу үшін 3 құрамдас бөлік қажет: чиптің өзі, оны анықтап, мәліметін ала алатын құрылғы және дерек қоры (онда жануар, оның екпелері және иесі туралы ақпарат жиналады).

Адамдарды чиптеу

Денесіне чип енгізілген алғашқы адам – атақты ұлыбританиялық ғалым — Рединг университетінің кибернетика профессоры Кевин Уорик (оны «Капитан Киборг» деп те атайтын). Бұл оқиға 1998 жылы болды. Уорик кітабының мұқабасы «Мен киборгпін» (2002)

Фактчек | Нановакциналар және Адамзатты Билл Гейтс пен құпия үкіметтің чиптеуі

Ол кезде ол силикон чипін имплантациялау электрондық таңбалаудың тамаша мысалы екенін және ақылды картаға қарағанда сенімді екенін айтатын: «Бұл технологияның әлеуеті зор. Имплантат үшін Visa картасын алмастыру әбден мүмкін. Оны жоғалтып немесе ұрлатып алу қаупі жоқ десе де болады».

Содан кейін, 2002 жылы Уорик өзіне 100 электрод болатын матрица орнатып алды да, оны нейрондық интерфейс пен өзінің әйелі Иренге имплантталған күрделі емес құрылғымен байланыстырып қойды. Сол кезде профессорда «Капитан Киборг» деген лақап ат пайда болды.

Ал 2017 жылы ол этикалық мәселелер мен жеке басқа қатысты деректерді қорғау туралы айта отырып, былай деген еді: «Адамға қатысты мұндай (дербес – Авт.) ақпаратты имплантсыз да оңай алуға болады. RFID технологиясы дүкендерде жүк, багаж және өнімді таңбалау үшін қолданылады. Үй жануарларын микрочиптеу үшін пайдаланылады. Көбіміз ОНЫ әмиянымызда күні бойы алып жүреміз: RFID технологиясымен заманауи ұялы телефондардың бірсыпырасы, сондай-ақ байланыссыз карталар, жол жүру карталары мен электрондық паспорттар жабдықталған. Біздің құпия мәліметтерімізге ұялы телефон әлдеқайда қауіпті. Технологияны қалтамызда ұстамай, теріміздің астына енгізе отырып, біз бір керемет технологиялық қадам жасамаймыз. Мұнда бастысы – таңдау еркіндігі. Ал егер қандай да бір компания «біз сізге жұмысты тек чип болған жағдайда ғана береміз» деп мәлімдесе, онда, әрине, этикалық мәселе туындайды».

Фактчек | Нановакциналар және Адамзатты Билл Гейтс пен құпия үкіметтің чиптеуі
Микрочиптің түрі осындай. Толығырақ BBC.COM сайтынан танысуға болады.

Айта кетейік адамға чипті, әдетте, қолына, ал үй жануарына жотасына орнатады.

Адамдарды чиптеуге қатысты қызықты ақпарат: 2004 жылы Барселонаның түнгі клубтарының бірі өзінің VIP-клиенттеріне идентификация үшін денеге енгізілетін микрочиптерді пайдалануды ұсынды, ал 2010 жылы тағы бір британдық ғалым тәжірибе үшін компьютерлік вирус жұқтырған микрочипті өз денесіне орнатып алды. Сондай-ақ, 2015 жылы швециялық Epicenter стартап-хабының 150 қызметкеріне свайп-карталарды алмастыру мақсатында арнайы чип орнатылды.

Ұсыныс: vc.ru сайтында адамға арналған чиптер контекстінде дәл осы технология тарихына қатысты өте қызықты әрі көлемді материал бар.

Алайда чиптерге қарағанда, тірі жасушаны бағдарламалауға және ДНҚ арқылы «хабар алмасуға» негізделген биокомпьютер жасауға байланысты әзірленіп жатқан технология қызықты. Бұған кеңінен тоқталайық.

Ақпараттық сандырақ: Нановакцинация + наночиптеу = алтын миллиардтың рахат өмірі

Үкім: Конспирологиялық трэш-фейк

5G желісі, наночиптер мен нановакциналар туралы фейк ақпаратты Илья Варламов өз хабарында жан-жақты талқылап, рас-өтірігін анықтап берді. Ол үшін, тіпті, физик-мамандарды да тартты – бір көріп шығуға кеңес береміз. Спойлер: барлығы өтірік.

Енді нановакцинаға тоқталайық.

Жалпы «Нано» деген не?

«Нано» префиксі «бастапқы шама миллиард есеге азайтылған кезде қолданылады, яғни сан 9 нөлі бар 1-ге бөлінеді — 1 000 000 000. Мысалы 1 нанометр деген метрдің 1 миллиардтағы бөлігі (1 нм = 10-9м)». Нанотехнологиялар туралы толығырақ 2010 жылғы «Экология және өмір» журналынан оқуға болады.

Фактчек | Нановакциналар және Адамзатты Билл Гейтс пен құпия үкіметтің чиптеуі

«Нанотехнология» дегеніміз – атом және молекула көлемінде болып жатқан процестерді зерттейтін ғылыми және инженерлік пәндер кешені. Нанотехнология өте кішкентай материал мен құрылғымен жұмыс істейді, сондықтан одан кіші зат болуы мүмкін емес. Нанобөлшек дегенде, негізінен, 0,1 нм-ден 100 нм-ге дейінгі өлшемдер айтылады. Көптеген атомдардың өлшемдері 0,1-ден 0,2 нм аралығында, ал ДНҚ молекуласының ені шамамен 2 нм, қан жасушасының өлшемі шамамен 7500 нм, адам шашы – 80 000 нм. Бұл туралы «Новые Известия» газеті New Scientist-ке сілтеме жасап жазады.

Нановакциналар мен наночиптер адам ағзасына қандай да бір бағынбайтын әрекет арқылы әсер ете алады деген идея футуролог Эрик Дресслерден басталуы мүмкін. Себебі ол 1986 жылы утопиялық болашақтың бейнесін суреттеп көрген еді. Онда өзін-өзі жетілдіре алатын нанороботтар қоғамға қажетті барлық жұмысты орындайды. Бұл кішкентай құрылғылар адам ағзасын ішінен «жөндеуге қабілетті», сондықтан адамдарды виртуалды түрде өлмейтіндей қылатын. «Новые Известия» бұл туралы да жазады.

Нановакцина деген не?

Мысалы 2 жыл бұрын АҚШ ғалымдары «А типті тұмау вирусының барлық дерлік штаммдарына қарсы» әмбебап нановакцина ойлап тапқаны туралы ақпарат шықты. Олар бірнеше май қабатынан және гемагглютининнің бөлшектерінен (өкпе жасушаларына жабысу барысында маңызды рөл атқаратын вирустың ақуыз қабаты) тұратын нанобөлшектер жасап шығарды. Ақуыздың бөлшектері пішін жағынан «тірі» вирусқа ұқсас келеді, сондықтан нанобөлшекте орналасқан ақуыз иммунитетке гемагглютинин құрылымындағы негізгі учаскелерді біртіндеп анықтауға және оларға жету қиын болса да бейтараптандыруға мүмкіндік берді.

2017 жылы Техас университетінің Солтүстік-батыс медицина орталығының ғалымдары қатерлі ісіктің бірнеше түрімен күресе алатын нанобөлшектері бар вакцина негізінде алғашқы иммунотерапия жасады.

Өткен жылы Тель-Авив университетінің зерттеушілері «нановакцина» көмегімен меланоманы емдеу және алдын алудың жаңа әдісін ойап тапқанын мәлімдеді. 2007 жылы Ресей ғалымдары «Нановакциналар мен диагностикалық тест-жүйелерді жасаудағы инновациялық аспектілер» атты зерттеуін жариялады. Онда поливалентті вакциналар туралы да айтылған.

Яғни, нановакцина деген – наночип емес!

Онда наночип деген не?

Егер қарапайым тілмен айтатын болсақ, наночип деген – көлемі жағынан микрочиптен кішкентай құрылғы. Әрине, медицинада наночипті қолдана отырып, көптген жұмыс белсенді жүргізіліп келеді. Мысалы, тіндердің нанотрансфекциясы терінің кәдімгі жасушаларын басқа тіндердің немесе ағзалардың жасушаларына айналдыруға мүмкіндік береді. Бұл жерде наночип тінге ақуыз жеткізумен айналысады. Сондай-ақ наночиптер гиппокамп нейрондарының қызметін имитациялау үшін де қолданылады. Сол арқылы зақымдалған бөлімдерде адамның жүйке жасушаларының жұмысын қайталауға болады.

Әңгіме қайдан пайда болды?

Бұл жаңадан пайда болған сюжет емес, мұндай әңгімелер 2011 жылдан бері айтылып келеді: Жақын арада арнайы нанопрепараттарды енгізу арқылы жаппай чиптеу басталады. Ал тұмаудың жалған ауқымды пандемиясы осындай жаһандық вакцинация үшін тамаша себеп, деп жазылған «Вакцинация арқылы чиптеу» деген мақалада.

Өкінішке қарай, біз оның дереккөзін таба алмадық, себебі мақала өзі жарияланған сайтпен бірге жоқ болып кетті. Алайда SARS-Cov-2 коронавирус пандемиясына байланысты вакцинацияға қарсы адамдар мен конспирологтар сол баяғы ескі әңгімелерін қайта бастады. Тек 90-шы жылдары бедеулікке алып келетін (Африка әйелдеріне) вакцина жасауда ДДСҰ мен Рокфеллер қоры айыпталса, енді ДДСҰ мен Билл мен Мелинда Гейтстің қоры айыпталуда. Біз бұл туралы егжей-тегжейлі жазған едік.

Вакцина арқылы адам ағзасына енгізілген наночиптерді 5G көмегімен басқаруға бола ма?

Болмайды. Наночиптің (бірінші кезекте өлшеміне байланысты) энергия сыйымдылығы өте аз, сондай-ақ ол 5G көмегімен сырттан басқаруға болатын радиотолқын сигналын қабылдай алмайды.

Анықтама үшін

5G электромагнит толқындарының екі диапазонын пайдаланады, ол — FR1 (600-6000 МГц) және FR2 (24-100 ГГц). Ал 4G – 2600 МГц. Мысалы авионика саласында да наночиптер қолданылады, алайда оларды конспирологтар айтатын наномөлшермен, тіпті, салыстыруға келмейді. Томск политехникалық университетінің жасап шыққан ең жаңа құрылғы көлемі – 0,5 х 0,5 мм (диэлектрик мөлшері 80 нанометр). «Бұл ретте күшейетін сигналдың жиілігін 12 гигагерцке дейін арттыруға болады…», – дейді[А1]  ТБЖРУ ректоры Алексей Шелупанов.

Аса танымал экономист-конспиролог, профессор Катасоновтың айтуы бойынша, адамдарға вакцинамен бірге «өте кішкентай» (шаң тозаңынан да кішкентай, радиусы шамамен 5 микромиллиметр, бұл шамамен шаш радиусынан 10 есе аз) әрі арзан (микрочиптер — Авт) енгізіледі.

Бұл ретте айта кетейік, микромиллиметр деген – 10-6 м көлеміндегі бөлшек (мысалы 1 нм = 10-9 м). Басқа конспирологтар бөлшектер шамамен 5 нанометр болады деп мәлімдейді.

Жалпы нановакцинация кезінде ағзаға енгізілетін наночиптің өлшеміне қатысты фейк авторлары әзірге бір пікірге келген жоқ, себебі олар бұл технологияның қандай екенін де білмейтін сияқты.

Келесі материалда чиптеу мен Илон Маск туралы сөз қозғайтын боламыз.

Қорытынды

  • Адам ағзасына чип енгізу мен жалпы адамнан киборг жасау деген – жаңалық та, құпия да емес. Бұл бірқатар ғалымдар жүргізіп келе жатқан тәжірибе жұмыстары. Ондағы мақсат – техника көмегімен адамды «жақсарту».
  • Адамды бақылау үшін ұялы телефон чипке қарағанда әлдеқайда ыңғайлы құрал, себебі оның энергия сыйымдылығы көп. Құпия мәліметтерді сақтау тұрғысынан адам денесіне «жасырын егілетін» наночиптерден емес, дәл осы телефондардан сақтану қажет.
  • Нановакциналар мен наночиптер – екеуі екі түрлі зат, оларға ортақ нәрсе – тек нано префиксі және медицина саласы.
  • Қазіргі замандағы технологиялар наночипті 5G желісінің көмегімен басқаруға мүмкіндік бермейді.

Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)

Factcheck.kz