Фейк | Coca-Cola автокөлік ұтысын ұйымдастырып жатыр

Instagram желісінде кезекті жалған ұтыс “ойнатылып” жатыр. Бұл жолы алаяқтар танымал әнші немесе жұлдыздың емес, әйгілі сусын компаниясының атын жамылып отыр. Бірер күн бұрын жарияланған жазбада Coca-cola компаниясы көліктермен қоса, миллиондаған теңгені ұтысқа қойыпты-мыс.

Фейк | Coca-Cola автокөлік ұтысын ұйымдастырып жатыр

Үкім: Фейк

Жарнамада қолданылған видео өңделген. Видеодағы диктор Мақсат Толықбай қазір “31 арнада” жұмыс істемейді. Арна логотипі де ескі. Бұдан бөлек “Информбюро” орнына “ИнфорУмбюро” деп жазылғанын көруге болады (Бұдан басқа да қатесі көп). Түпнұсқа сюжет эфирге 2016 жылғы 17 тамызда шыққан.

Биыл акция болды ма?

Иә, биыл промо-акция 15 ақпан мен 30 сәуір аралығында болған. Ұтысқа көліктер мен миллиондаған теңге емес, қарапайым заттар тігілген.

Фейк | Coca-Cola автокөлік ұтысын ұйымдастырып жатыр
Ұтыс шартынан скрин

Енді Instagram-дағы әлгі жазбаға оралайық. @cocacola_syilyk парақшасында көрсетілген ойын шарты бойынша “демеушілерге” жазылып, постқа пікір білдіріп, 5 досыңызды белгілеп, биодағы сілтемедегі сауалнаманы толтыру керек.

Сауалнамада сіздің жеке деректеріңізді, тұрғылықты қалаңызды және туған жылыңызды сұрайды. Бұл деректерді әдетте өзге компанияларға сату үшін жинайды немесе өз өнімдерін жарнамалау кезінде пайдаланады.

Мұндай жағдайда не істейміз?

  • Міндетті түрде “Алаяқтық” туралы Instagram немесе басқа әлеуметтік желі әкімшісіне хабарлау керек. Оны “Шағым түсіру” батырмасы арқылы жасауға болады.
  • Жақындарыңызды белгілеуден аулақ болыңыз.
  • Егер сізді біреу белгілеп кетсе, міндетті түрде оған бұл алаяқтардың ісі екенін жеткізіңіз.
  • Жалған ақпарат туралы жарнамада пайдаланылған кейіпкер немесе мекемеге хабарлаңыз.
  • Егер жалған жарнама екеніне сенімді болсаңыз өз парақшаңызға пост жазып, жақындарыңызға ескертіңіз.
  • Есіңізде болсын, тегін ірімшік тек қақпанда ғана болады.

Күмәнді ақпарат көрсеңіз, бізге де жіберіңіз. Ол үшін сайтымыздағы “Кері байланыс” бөлімі арқылы хабарлама қалдыруға, Telegram желісіндегі каналға және чатқа жазуға болады.


Қаракөз Кенжебаева

Материал Online Factcheck Academy жобасы аясында дайындалды.

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz