Фейк | 7-8 тамызда улау жүреді…

Соңғы күндері WhatsApp желісіндегі қолданушылар 7-8 тамызда халықты далаға шықпауға үндеп, үкімет кезекті жоспарын орындап жатқанын айтып “дабыл” қағуда. Былтырғы шілде кезіндегі оқиғаны еске түсіріп, сол сияқты биыл да қайталанады деп ескертуде. Кезекті хабарламаны талдап көрейік.

Фейк | 7-8 тамызда улау жүреді...
WhatsApp-ғы хабарлама

Бәріңе сәлем! Қалдарың қалай? Сендерге бәрнәрсе айтайын деп ем, біздің СЭС-та істейтін танысымыздың айтуынша, 1-10 тамызда халықты жаппай улау жүреді екен, сондықтан ешқайда шықпай үйде отырыңыздар, есік-терезелерді жауып отырыңыздар, былтырғы жылы адамдар қалай жаппай ауырды және өлді, сол сияқты болады. Ұшақпен у шашып улап жатыр, оларда Қазақстан бойынша 25 мың адамға арналған өлім жоспары бар, соны өткізу керек екен. 10 тамыздан кейін азаяды, олар қайдан біледі дейсіз ғой, себебі олар өздері қолдан жасап отыр. Таныстарыңызға айтыңыздар, 1-10 тамызда үйден шықпасын, тек маскамен жүрсін, өздеріңізді сақтаңыздар.

WhatsApp-ғы хабарлама (орысшадан аударма).

Үкім: Фейк

ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілінің хабарлауынша, ақпарат жалған әрі шындыққа сәйкес келмейді. Бұған дейін де осыған ұқсас хабарламалар тараған, бұл да соның бір түрі. Ешқандай да улау не болмаса басқа да процестер жүргізілмейді.

Бұл ақпараттың екеуі де шындыққа еш жанаспайды. Бұған дейін де бірнеше мәрте ауыл-шаруашылық тыңайтқыштарын шашқан ұшақтардың видеосына жалған комментарий жазып, негізсіз айыптаулар түсірген қазақстандықтар анықталып, халықтан кешірім сұраған еді. 

Ержан Байтанаев, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі

Ақпараттың жалған екендігін қарапайым әдіспен де талдап көруге болады. Біріншіден, аудиода “СЭС-та істейтін танысым” деп келтіреді, яғни манипуляцияның негізгі құралын пайдалана отырып адамдарға сенімділікті арттырады, ол кім, қайда жұмыс істейді, ол туралы ешқандай ақпарат жоқ. Екіншіден, ұшақпен улау туралы ақпараттың тізесі шықты, пандемия басталғалы химтрейлер туралы зомби-фейктің шарлап жүргеніне біраз болды. Үшіншіден, “25 мың адамға арналған өлім-жоспары бар” деген ақпарат тіпті ақылға сыймайды. Төртіншіден, нақты уақыт айтылмаған, қай жылғы тамыз айы, қай жақты улайды деген сұрақтарды да жауабы жоқ. Адамның санасын манипуляциялау мақсатында эмоционал сөздер қолданылған.

Бұл осы типтегі алғашқы ақпарат емес. Осыған дейін де әсіресе WhatsApp желісінде әртүрлі форматта ешқандай негізсіз әрі шындыққа жанаспайтын фейк ақпарат тарады.

“СЭС-та істейтін танысым”, “медсестра көршім”, “дәрігер бауырым”, “министрлікте істейтін көкем” және т.б. осы сияқты тіркестер манипуляцияның, адам эмоциясына әсер етудің негізгі қаруларының бірі. Адамға сенімділікті ұялату үшін қолданылатын тіркестер фейк ақпараттың таралуын үдетеді. Сондықтан да дереккөзі белгісіз ақпаратқа сенбеуге және мұндайларды әлеуметтік желіде таратпауға әрі тек ресми ақпаратқа сенуге шақырамыз!

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz