Фактчек | Өскенбаев Қазақстандағы автомобиль жолдары жайлы

17 мамырда ҚР Үкіметінің отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев елдегі автомобиль жолдары жайлы бірнеше дерек келтірді. Factcheck.kz министр сөзі қаншалықты рас екенін тексерді.

Еліміздегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 96 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде 25 мың шақырымы республикалық маңызы бар жолдар болса, қалған 71 мың шақырымы – облыстық және аудандық маңызы бар жолдар.

Қайырбек Өскенбаев

Үкім: Шындық

Расымен автомобиль жолдары комитетінің мәліметінше, Қазақстанның автомобиль жолдары желісінің жалпы ұзындығы – 96 мың км. Оның ішінде: республикалық маңызы бар жолдың ұзындығы 25 мың км, ал жергілікті желінің ұзындығы 71 мың км құрайды.

Сонымен қатар, Статистика бюросы деректері де министр мәлімдемесін қуаттайды. Бюро дерегінше, 2020 жылы автокөлік жолының ұзақтығы — 95 767,8 км, ал халықаралық және республикалық маңызы жолдың ұзындығы — 24 727, 1 км. Бұған қоса, облыстық маңызы бар жол — 32 080, 7 км, ал аудандық жол ұзындығы — 38 779,1 км.

Қазақстандағы жол сапасы

Қазақстанда жол сапасының жағдайы мәз емес. Былтыр президент Қасым-Жомарт Тоқаев сынаған соң және жол сапасынының нашар болуына байланысты “ҚазАвтоЖол” (2015 жылдан бері елдегі жол инфрақұрылымын дамыту операторы) төрағасы Ұлан Әліпов жұмысынан кеткен. Ал қазіргі төрағасы Мейрхат Қасымбаев жол сапасының нашар болуына климаттың, әсіресе жаңбырдың қатты әсер ететінін айтып, ақталды.

Елде жол сапасының қандай деңгейде екенін бақылау — Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты Автомобиль жолдары комитетінің міндеті. Дәл осы мақсатпен Үкімет қаулысымен жол сапасына сараптама жасап отыру үшін 2019 жылы «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» құрылған.

Орталық республикалық деңгейдегі жолдардан бастап, ауылдағы көшелерге дейін тексеріс жүргізуі тиіс. 2021 жылы 11900-ден астам жол тексеріліп, 5800-ден астан бұзушылық анықталған.

Контекст

  • Қазіргі уақытта елде инфрақұрылымды дамыту мақсатында 2020-2025 жылдарға арналған “Нұрлы жол” мемлекеттік бағдарламасы жұмыс істеп жатыр. Оның жалпы бюджеті 5,5 трлн теңге. Оның ішінде, автожол саласына 3,5 трлн теңге қарастырылған.
  • TheGlobalEconomy мәліметінше, Қазақстан жол сапасы бойынша 141 елдің арасынан 93-орында. Рейтиңде әр елдегі жол сапасы 1(нашар)-ден 7-ге(жоғары) дейін бағаланған. Қазақстанның 2019 жылғы жол сапасы — 3.60 балл.
  • TheGlobalEconomy Дүниежүзілік экономикалық форумның дерегіне сүйеніп, рейтиң жасайды. Рейтиңді жасау үшін 144 елден 14 000-нан астам адамнан жол сапасы туралы бір ғана сұрақ қойылған. Яғни, сауалнамаға қатысушылар өз еліндегі жол сапасын 1-ден 7-ге дейін бағалайды.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz