Фактчек | Қоныров азық-түлік бағасының өсуі туралы

24 ақпанда Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан халық партиясының» депутаты Айқын Қоңыров Премьер-Министр Асқар Маминге азық-түлік бағасының өскені жайлы сауал жолдады. Депутаттың айтуынша, биыл қаңтарда азық-түлік тауарларының бағасы өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда 11,4% -ға қымбаттаған. Сонымен қатар, Қазақстандағы отбасылардың азық-түлікке кететін шығын үлесі 54,3% жеткенін айтты. Factcheck.kz депутаттың айтқан деректерін тексерді.

Биылғы қаңтарда азық-түлік бағасы өткен жылғы қаңтармен салыстырғанда 11,4%-ға жоғары болды. Сонымен қатар тұтынушылардың көпшілігі үшін жеке маңызды тауарлардың өсім әлдеқайда ерекше сезілді. Мәселен, жармалар – 27,6%-ға, ұн – 19,5%-ға, макарон өнімдері – 13,7%-ға, қой еті – 15,9%-ға, жұмыртқа – 26,2%-ға, күнбағыс майы – 38,6%-ға, картоп – 22,3%-ға, қант – 36%-ға өсім көрсетті.

Депутат Айқын Қоңыровтың сауалы

Үкім: Шындық

Депутат бұл мәселені бірінші рет көтеріп отырған жоқ. Статистика комитетінің дерегінше, биыл шынымен де азық-түлік бағасының өскенін байқауға болады. Биыл қаңтарда азық-түлік бағасы былтырғы қаңтармен салыстырғанда 11,4% өскен. Ал тұтыну тауарлары мен қызметтеріне 7,4%, сонымен бірге, азық-түлік емес тауарлар – 5,3%, ал ақылы қызметтер – 4,1% қымбаттады.

Бұған қоса, депутат айтқандай жарма бағасы – 27,6%, ұн – 19,5%, макарон өнімдері – 13,7%, қой еті – 15,9%, жұмыртқа – 26,2%, күнбағыс майы – 38,6%, картоп – 22,3%, ал қант – 36%-ға қымбаттады.

Бұдан бөлек, қаңтар айында (2020 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда) көкөністер бағасы – 7,8%, жұмыртқа – 6,9%, картоп – 5,1%, күнбағыс майы – 3,6%, қатты ірімшік – 1,3%, құмшекерге, жаңа жиналған жемістерге – 1,1%, ұн – 1%, пастерленген сүт – 0,7%, жарма – 0,6%, шайға, тоқаш, ұн өнімдері және айранға – 0,5%,-дан, ал сары май бағасы 0,4%-ға өсті. Сонымен қатар, темекі өнімдері 2,5%-ға қымбаттады.

2020 жылдың соңғы деректері бойынша қазақстандық отбасылардың бюджетіндегі азық-түлік шығыстарының үлесі 54,3 пайызға жетті. Бұл біздің еліміз үшін тарихи антирекорд және әлемдегі ең нашар көрсеткіштердің бірі. Бұл фактіні азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы дабыл ретінде қарастыруға болады. Бірақ солай бола тұра, ешкім бұған жауапкершілік арқаламайды және жүйелік шешімдерді ұсынбайды.

Депутат Қоңыров

Үкім: Шындық

Депутат Қоңыров аздап қателесті. Статистика комитетінің дерегінше, былтыр (Статистика комитетінің сайтында 2020 жылдың 3 тоқсанындағы деректер келтірілген) үй шаруашылығы бойынша негізгі тамақ өнімдерін сатып алуға арналған шығыстардың үлесі 54,8% – ға жетті.

Мәселен, 2018 жылы әлемнің 104 елінде үй шаруашылығының азық-түлікке жұмсайтын шығынын зерттейтін АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің (USDA) дерегінше, Қазақстан аутсайдерлердің ондығына кіріп, 96-орында болған. Осылайша, тамақ өнімдеріне кететін шығыс үлесі 44,9% – ды құрады. Ал 2019 жылы РИА агенттігінің тапсырысымен жүргізілген зерттеу бойынша, жылына қазақстандық орташа есеппен табысының 47,6%-ын азық-түлікке жұмсады.

Төлепберген Маликов
Төлепберген Маликов. Байқоңыр қаласында туған. Сулейман Демирел университетінде журналистика мамандығы бойынша оқиды. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.