Фактчек | Қазақстан Ресейден қанша дизель сатып алады?

8 қыркүйекте өткен Сенаттың жалпы отырысында депутат Ғұмар Дүйсембаев жанар-жағармай мәселесін көтеріп, Қазақстанның Ресейден сатып алатын дизель отынына қатысты дерек келтірді. Factcheck.kz депутат сөзі қаншалықты рас екенін тексерді.

Депутат сөзінен үзінді (тайм-код: 1:15:45)

Мәлімдеме: Өткен жылы республика жанармай отынының тапшылығын жою үшін Ресей Федерациясынан 450 мың тоннадан астам дизель отынын сатып алған болатын.

Ғұмар Дүйсембаев

Үкім: Техникалық қате

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сай, 2021 жылы Ресейден Қазақстанға 314,3 мың тонна дизель отыны импортталған. Бұл депутат айтқан көрсеткіштен айтарлықтай аз, бірақ расымен Қазақстан кейінгі 5 жылда жүз мыңдап дизель отынын Ресейден сатып алып жатыр.

Мәлімдеме: Ағымдағы жылы, тағы да 100 мың тонна көлемінде жанармай алу жоспарланған.

Ғұмар Дүйсембаев

Үкім: Шындық

Энергетика министрі Болат Ақшолақов Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан өндіретін дизель отынының көлемі жылдан жылға өсіп жатса да, өзіміздің дизель отыны жетіспейтінін мойындаған. Министр сол үшін де Ресейден дизель импорттау жалғасады дейді. Оның көлемі жыл біткенше 100 мың тонна болады деп жоспарланып отыр.

Қазақстан 2022 жылдың қаңтар-шілде аралығында 23,6 мың тонна дизель отынын сатып алып үлгерген, оның 11,8 мың тоннасы Ресейден, қалған 11,8 мың тоннасы Қырғызстанннан келген. 2021 жылы дәл осы уақыт аралығында Ресейден 89,6 мың тонна дизель импортталған.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz