Фактчек | Кардисен дәрісі не алаяқтықтың кезекті түрі

KTK-ның атын жамылған кезекті алаяқ схемасы кейінгі 2-3 күнде интернет кеңістікті шарлап жүр. ҚР экс-бас фармацевті саналған Гульнара Жамулбаева есімді әйелдің Facebook әлеуметтік желісіне белгілі бір препаратты “қарттарға тегін беруге” қарсы шығып, керісінше сатуға ұсыныс жасапты-мыс. Кезікті алаяқ схемасы ма әлде бұрыннан келе жатқан ақпарат па? Factcheck.kz анық-қанығын тексеріп көрді.

Фактчек | Кардисен дәрісі не алаяқтықтың кезекті түрі

Масқара, олар 100 мың теңге тұратын препаратты тегін бермекші! Дүниежүзі бұл дәріні бізден кез келген ақшаға, бір қорабын кем дегенде 500 мың теңгеге сатып алуға дайын. Ешкім инсульт немесе инфаркттан өлгісі келмейді. Ал олар тегін таратып әлек. Сонда кімге дейсіз ғой? Түк пайдасы жоқ кедей-кепшікке. Ондай жұмысшылар ешқашан пайдалы бір зат жасамайды. Ал зейнеткерлер ше? Оларға не керек? Олар өңделіп біткен материал. Өле берсін. Әйтеуір, жүрек қысымынан болмаса да, басқа аурудан өледі

Экс-бас фармацевтің жазбасы

Үкім: Зомби-фейк және алаяқтық

Мұндай ақпарат жақында ғана емес, біраз жылдан бері интернет кеңістікті шарлап келеді. Ал Гульнара Жамулбаева — ойдан шығарылған адам, ол сөз қылған препарат — фейк және бұл халық арасында тарап жатқан кезекті алаяқтық схемасы. Ақпарат көршілес және Орталық Азия елдерінің медиа кеңістігінде де бар.

Схема және оның тарихы

Бұл схема 2021 жылы бірнеше рет тарады. Алғашқысы наурызда дәл осы мәтін Айгерим Темишпаева есімді әйелдің атынан жарияланды. Кейін шілдеде Кристина Сомованың атынан жазылды. Араға бір ай салмай Кристинаны Канипа Оспанова жалғады. Мәтін ұқсас болғанымен препараттың бағасы әртүрлі. Бұлардың бәрі “бас фармацевт” қызметін атқарған-мыс. Ал Қазақстанда ондай ресми қызмет жоқ. Бізде Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті ғана бар. Бұл комитетті Байсеркин Бауыржан Сәтжанұлы басқарады. Төменнен әртүрлі есіммен тараған мәтінді көре аласыздар.

Сайт туралы

Сілтемеде көрсетілген сайтты PS.kz домендерді тіркеу жүйесі арқылы іздеп, осы жылдың 22 қарашасында ғана тіркелгенін байқадық. Сондай-ақ KTK телеарнасының ел көп көретін бағдарламасының бірі — “Астарлы ақиқаттың” атын жамылып ақпарат таратқан. Бағдарламаға келген қонақтар мүлде басқа адамдар. Мысалы ҚР Бас фармацевті деп көрсетілген Бауыржан Нұрбаев шын мәнінде Kolobok есімді блогер Елдос Қадырханов, ал “Europharma”-ның басшысы ретінде көрсетілген азамат “Жігіттер” квартетінің әншісі Елдос Қанаев. Юрий Пя есімді азамат шынымен бар, ол 2010-2020 жылдар аралығында Ұлттық Ғылыми кардиохирургия орталығын басқарған. Ал скриндер бағдарламаның әртүрлі сандарынан алынған.

Препарат туралы

Сайтта жарнамалаған “Кардисен” препараты туралы ресми ақпарат табылмады. Іздеу жүйесіне “Кардисен” деп жазғанымызда “гипертонияның алдын алатын препарат” деген мәндегі ақпарат шықты. Сонымен қатар, артынша “кардисен — жалған немесе псевдо препарат” деген ақпаратты да таптық. Бір қызығы, бұған дейін де осы схемамен “Гипертон”, “Артериале” сынды бірнеше жалған препарат тараған.

Фактчек | Кардисен дәрісі не алаяқтықтың кезекті түрі

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz