Фактчек | Қанат Бозымбаев бензин мен дизель отыны бағасы туралы

2019 жылғы қаңтар-мамыр айларындағы мұнай-газ саласының дамуы туралы өткен Үкімет отырысында энергетика министрі Қ. Бозымбаев «АИ-92 маркалы бензинге ең төменгі баға Батыс Қазақстан облысында 139 теңге болса, дизель отынына ең төменгі баға Түркістан облысында 175 теңге», – деген мәлімдеме жасады. Бұл ақпаратты бірнеше қазақ сайты таратты. Factcheck.kz министр мәлімдемесінің рас-өтірігіне көз жеткізіп көрді.

АИ-92 маркалы бензинге ең төменгі баға Батыс Қазақстан облысында 139 теңге.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі

Үкім: Жартылай шындық

Министр баяндамасы маусым айында жасалғанымен, бұл сөз әлі де күшінде. Яғни АИ-92 маркалы бензин бағасы Оралдағы «Меркурий» жанармай бекетінде — 139 теңгеден сатылып жатыр. Батыс Қазақстан облысындағы жанармай сататын басқа да орындарда баға жоғары. Атап айтқанда, АИ-92 маркалы бензинінің «ОКтан» (Орал қаласы) — 140 теңге, « Нефтэк» (Ақжайық ауданы) — 148 теңге, «ҚазМұнайГаз» (Жаңақала ауданы) — 142 теңге.

Дизель отынға ең төменгі баға Түркістан облысында 175 теңге.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі

Үкім: Жалған

Түркістан облысында дизель отынының ең төменгі бағасы министр айтқандай 175 теңге емес. Қазіргі уақыттағы (біз байқаған) ең арзан баға «T.S Оңтүстік жанар май», «Satti zhol» бекеттерінде — 189 теңге. Министр айтқан бағадан әлдеқайда (14 теңгеге) қымбат. Осы облыстың аудандарының өзінде дизель отынының ең арзан бағасы – 187 теңге.

ҚР статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, осы жылдың маусым айында дизель отынының орташа есеппен ең төменгі бағасы Таразда (189 теңге) болған және баға әлі өзгерген жоқ.

Контекст

ҚР статистика комитетінің 2019 жылдың маусым айындағы мәліметінде, Оралда АИ-92 бензинінің орташа бағасы — 141 теңге болған. Ал орташа есеппен ең арзан дизель отыны 188 теңгеден сатылған.

Фактчек | Қанат Бозымбаев бензин мен дизель отыны бағасы туралы
2019 жылдың маусымындағы АИ-92 бензині мен дизель отының орташа бағасы

АИ-92 бензині мен дизель отынының маусым-қыркүйек аралығында кейбір қалаларда 1 теңгеге қымбаттаған.

Фактчек | Қанат Бозымбаев бензин мен дизель отыны бағасы туралы
2019 жылдың қыркүйегіндегі АИ-92 бензині мен дизель отының орташа бағасы

Сулейман Демирел университетінің журналистика мамандығы бойынша оқиды. "Ұлан" газетінің штаттан тыс тілшісі. 2019 жылдан бастап factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz