Фактчек | Fokker 100 туралы ең көп таралған пікірлер

27 желтоқсанда Алматы Халықаралық әуежайы маңында Bek Air компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. 12 адам мерт болып, 50-ден астамы жарақат алды. UP-F1007 тіркеу нөмірі бар Fokker 100 ұшағы Алматыдан Нұр-Сұлтан бағыт алған болатын. Апат туралы мәліметтер БАҚ пен әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып жатыр. Factcheck.kz әуе компаниясы, ұшақ моделі мен әуе апатына қатысты БАҚ пен әлеуметтік желілерде тараған мәлімдемелер мен пікірлерді тексеруді жалғастырады.

Басқа да қазақстандық әуе компанияларыныкі сияқты Bek Air-дың ұшақтары да ескі.

Үкім: Манипуляция

Бірден түсіндіре кетейік: егер жергілікті тұрғын ұшақтың ескілігін эксплуатация мерзіміне қатысты айтқан болса – авиацияда мұндай түсінік жоқ. Одан маңыздырақ сипаттамалар бар. Әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы мен техникалық жағдайы эксплуатация мерзіміне тәуелді емес, өйткені әуе кемелерінің ішіндегі бөлшектері модернизациялануы мүмкін. Ұшақтың жарамдылығын растайтын сертификаттарды мемлекет береді.

Bek Air компаниясы әуепаркін бақылап тұруға қанша қаражат бөлгені белгісіз, ашық дереккөздерде ондай мәлімет жоқ. Тек жалпы сандар бар, ол жерде техникалық қолдау мен ұшақтарды жөндеуге нақты қанша жұмсалғаны көрсетілмеген.

Fokker ресми құрастырушысы Fokker 100 әуе көлігі 90 мың рет ұшып-қонуға жарамды екендігін айтады, егер белгілі бір стандарттар сақталған жағдайда эксплуатация ұзартылуы мүмкін. Апатқа ұшыраған ұшақтың қанша рет ұшқаны және оның техникалық жағдайы қаншалықты қадағаланғаны белгісіз. Дегенмен, ұшақ өндіруші айтқан жұмыс мерзімінің жартысынан да аспағаны анық.

Егер ұшақтың бірінші ұшқан кезінен бергі жылдарды есептеп, оны шартты түрде «жасы» деп алсақ, мынадай қорытынды шығады:

  • Bek Air. Апатқа ұшыраған ұшақ (тіркеу нөмірі – UP-F1007) алғашқы рейсті 23 жыл бұрын, 1996 жылдың сәуірінде жасаған. Әуе компаниясының басқа 11 ұшағы, ангардағы екеуін қоса есептегенде, олардан  бұрын ұшқан: ең «ескісі» алғаш рет 1989 жылы әуеге көтерілген. Жалпы Bek Air әуепаркінің орташа «жасы» – 26,9 жыл.
  • Air Astana. 33 ұшақ бар, 2-еуі тұрақта. Әуепаркінің орташа «жасы» – 6,9 жыл.
  • SCAT Airlines. 17 ұшағы бар. Әуепаркінің орташа «жасы» – 20 жыл.
  • Fly Arystan. Air Astana-ның 3 ұшағы. Әуепаркінің орташа «жасы» – 6,7 жыл.
  • Qazaq Air. 5 ұшақ бар. Әуепаркінің орташа «жасы» – 2,5 жыл.

*Әуе кемесінің «жасы» ретінде алғашқы ұшқан күннен немесе ол көрсетілмеген жағдайда, алғашқы әуекомпаниясы сатып алғаннан бергі мерзім көрсетілген. Барлық мәліметтер airfleets.net сайтынан алынды.

Бұрын пайдаланылған немесе Еуропада есептен шығарылған ұшақтарды сатып алады

Үкім: Жартылай шындық

Airfleets.net мәліметі бойынша, қазақстандық әуекомпанияларындағы бұрын қолданыста болған ұшақтар үлесі төмендегідей:

Bek Air — 100%;
Air Astana — 15%;
SCAT Airlines — 94%;
Qazaq Air — 0%, барлық ұшақ жаңа.

Fly Arystan ұшақтарын бұрын Air Astana компаниясы пайдаланған.

Тағы да ескертеміз, бұл сандар бойынша техниканың эксплуатация немесе тозу дәрежесін анықтаудың мәні жоқ. Техникалық жағдай мен ұшақтардың құрылысы туралы басқа мәліметтерді білген құндырақ.

Есептен шығарылған ұшақтарға келер болсақ, оларды бәрібір пайдаға жаратады. Есептен шығарылған техниканы сатудың жемқорлық тәсілдері мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз, бірақ оны ұзақ жасыру мүмкін емес.

Фоккер ұшақтары біздің елімізде және Африка мемлекеттерінде ғана ұшады

Үкім: Жалған

Егер Fokker 70/100 туралы айтар болсақ, airfleets.net және flightradar24.com мәліметтері бойынша қазіргі уақытта мұндай ұшақтарды Virgin Australia Regional Airlines және Alliance Airlines әуекомпаниялары Аустралия ішінде ұшу үшін, Carpatair және Montenegro Airlines Еуропада, Air Niugini Папуа Жаңа Гвинеяда (Аустралияның солтүстігіндегі Океания аралында орналасқан), Иран аумағында ұшу үшін Iran Aseman Airlines және Qeshm Air, Tus Airways Кипрде және Таяу Шығыс пен Жерорта теңізі маңында ұшу үшін пайдаланады.

Фоккерді 1997 жылы өндірістен алып тастаған.

Үкім: Жартылай шындық

Фоккердің нақты қай үлгісі туралы айтылып тұрғаны маңызды. Өндірушінің ресми сайтына сәйкес, Fokker 100 ұшағын 1996 жылдан, Fokker 50-ді 1997 жылы шығаруды тоқтатқан. Жалпы үш моделі бар – Fokker 50, Fokker 70 және Fokker 100.

Соған қарамастан, ABACUS бағдарламасы аясында оның қосымша бөлшектерінің барлығы өндіріледі, сол себепті Fokker ұшақтарының бөлшектері жоқ болғандықтан олардың қауіпті екені туралы пікір – жалған.

(Материал толықтырылып жатыр)

Виктория Ли
Журналист, фактчекер, фотограф.