Фактчек | Досаев 2020 жылы әлем және Қазақстан экономикасының қысқарғаны туралы

Материал 2021 жылдың 12 мамырында жаңартылды. Халықаралық ұйымдардың ЖІӨ құлдырауын бағалауына толықтырулар енгізілді. Үкім өзгертілген жоқ. Редакция қосымша ақпарат ұсынғаны үшін ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметіне алғыс айтады.

5 мамыр күнгі Мәжілістің кезекті пленарлық отырысында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев баяндама жасап, әлем және Қазақстандағы экономикалық жағдай туралы бірқатар мәлімдеме жасады.

Ерболат Досаевтың баяндамасы

Шенеуніктің кей пікірлерін тексереміз.

Мәлімдеме: Эпидемиологиялық жағдай нашарлап, соның салдарынан көптеген елде карантин шектеулері енгізілгендіктен экономикалық белсенділік айтарлықтай қысқарған. Халықаралық валюта қорының бағалауы бойынша, 2020 жылы әлемдегі ЖІӨ 3,3%-ға төмендеген.

Е. Досаев

Үкім: Шындық

World Economic Output-тың ең кейінгі баяндамасында ХВҚ сарапшыларының есептеуінше, 2020 жылы әлемдік экономика 3,3%-ға қысқарған. Дегенмен Қор 2021 жылы әлем экономикасы 6%-ға, 2022 жылы 4,4%-ға өседі деп болжап отыр.

Фактчек | Досаев 2020 жылы әлем және Қазақстан экономикасының қысқарғаны туралы
Әлем және өңірлер бойынша экономиканың өсу болжамы (Дереккөз: ХВҚ)

Салыстыру үшін, Дүниежүзілік банк сарапшыларының қаңтардағы бағалауы бойынша 2020 жылы әлем экономикасы 4,3%-ға қысқарды. Олар да экономика өсімін сақтықпен болжаған: 2021 жылы – 4%, ал 2022 жылы – 3,8%.

Мәлімдеме: 2020 жылы дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында Қазақстан экономикасы 2,6%-ға қысқарды. Бұл халықаралық ұйымдардың алғашқы бағалауынан айтарлықтай төмен.

Е. Досаев

Үкім: Жартылай шындық

Қаңтар айында үкімет отырысы кезінде Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов (қазір басқа қызметте) 2020 жылы Қазақстанның ЖІӨ 2,6%-ға қысқарды деп хабарлаған болатын. Досаев мырзаның айтқанына қарамастан, бұл сандар халықаралық сарапшылардың 2020 жылғы болжамдарымен сәйкес келіп тұр.

Мәселен, Халықаралық валюта қоры 2020 жылдың сәуірінде жарияланған World Economic Output баяндамасында Қазақстанның ЖІӨ 2,5%-ға қысқарады деп болжаған. Одан кейінгі, 2020 жылдың қазанындағы баяндамада болжам -2,7%-ға дейін нашарлады.

Дүниежүзілік банк сарапшылары 2020 жылдың жазында Қазақстанның ЖІӨ 3%-ға қысқарады деген еді. Бұл да шынайы көрсеткіштен сәл ғана көп болып тұр.

12.05.2021 күнгі толықтыру. Бізге Ұлттық банктің баспасөз қызметінен қосымша деректер келіп түсті. Бәрі түсінікті болу үшін оны да айта кетейік. 2020 жылдың қыркүйегінде АДБ Қазақстанның ЖІӨ 3,2%-ға төмендейді деп болжаған. Қыркүйектегі AERC болжамы 4,9%-ды көрсетіп тұрды. Шындап келгенде мұнда айтарлықтай айырмашылық бар (2019 жылы ЖІӨ 181,7 млрд доллар болғанда) – 0.9 бен арасында 4 млрд АҚШ доллары бар, сол себепті Досаев мырза «айтарлықтай төмен» тіркесін қолданған. Дегенмен, көріп отырғанымыздай, түрлі орталықтардың болжамдарында да айырмашылық болған және өзгеріп отырған, ал кейбірі шындыққа сай келіп тұр. Сол себепті біз «жартылай шындық» үкімін қалдырдық. Біздің үкімдеріміз қандай мағынаны білдіретінін сілтемеден оқи аласыз.

Мәлімдеме: Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында іскерлік белсенділік индексі 2020 жыл басталғалы бері алғаш рет өсе бастады.

Е. Досаев

Үкім: Шындық

ҚР Ұлттық банкінің дерегі бойынша наурызда іскерлік белсенділік индексі 15 ай ішінде алғаш рет оң көрсеткіш көрсете бастады.

Фактчек | Досаев 2020 жылы әлем және Қазақстан экономикасының қысқарғаны туралы
Экономика бойынша іскерлік белсенділіктің шоғырландырылған индексі (Дереккөз: ҚРҰБ)

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz