“Демократиялық партияның” рұқсат етілген митингі қалай өтті?

Алматыда 13 қыркүйекте Шевченко және Уәлиханов көшесінің қиылысында “Демократиялық партияның” “билік кетуі керек!” деген талабымен митингі өтті. Наразылық білдірушілер несие амнистиясы, саяси тұтқындарды босату, жерді шетелдіктерге бермеу туралы талаптарын айтты. Митинг әкімдіктің рұқсатымен болды. Бұл туралы Азаттық радиосы және Vlast.kz сайты хабарлады.

Митингке шыққандар саяси тұтқындарды босатуды талап етті. Олардың ішінде Макс Боқаев пен ақын Арон Атабек те бар. Митинг өткізілген жерді полиция қызметкерлері күзетті. Сонымен бірге жиналғандардың дене температурасын өлшеп, медициналық маска берілді. Азаттық радиосының мәліметінше, акцияға қатысқандардың арасында “былтыр отставкаға кеткен Н. Назарбаев саясаттан тұтастай кетіп, оның орнына келген Қасым-Жомарт Тоқаев отставкаға кетуі тиіс” дегендер де болды.

Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамай “Тоқаев отставкасын талап етіп, Назарбаевты атағаны үшін” әкімдік өкілдерінің ескерту жасағанын айтты. Алматы қалалық қоғамдық даму басқармасы жетекшісінің орынбасары Айдар Есенбеков Азаттық тілшісіне ескерту жасағанын растады. Есенбековтың айтуынша, “аумақта адамдардың ары-бері жүруіне шектеу қойылмады және митинг түскі 14:00-ден артық созылмай, бітуі тиіс” деді.

"Демократиялық партияның" рұқсат етілген митингі қалай өтті?
Сурет: Vlast.kz

Белсенді Жанболат Мамайдың айтуынша, мұндай митингке Қарағанды, Ақтөбе және Семей қалаларында рұқсат етілді. Шымкент пен Тараздың жергілікті билігі митинг өткізуге тыйым салды.

2019 жылы наурыз айында отставкаға кеткен Н.Назарбаев биліктегі ықпалын басқа да лауазым арқылы сақтап қалды. ҚР Тұңғыш президенті Қауіпсіздік кеңесі мен Nur Otan партиясының төрағасы қызметін қатар алып жүр. Оның орнына келген Қ.Тоқаев былтыр маусым айында президент сайлауын жеңді. Бірақ сайлау алдында және одан кейін наразылар ұсталып, тәуелсіз бақылаушылар заңбұзушылықтар болғанын айтты.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz