Болат Төкежанов деген кім?

Құрметті оқырман, естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ел президентінің нұсқауымен бір мезгілде «СҚ-Фармация» және Медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) басшысы ауысты. ӘМСҚ-ның бұрынғы басшысы Айбатыр Жұмағұлов инстаграмда аса белсенді жұбайы, тележүргізуші Гүлбаршын Заированың постынан кейін жұмысынан айырылған болатын. Онда ол «күйеуі оған 12-көлік сыйлағаны» туралы жазған еді. Бұл ақпарат желі қолданушыларының ашуын туғызып, ұйымдағы жалақы мен бюджет мөлшерін тексеруге журналистердің назарын аударуға себеп болды. Осыдан кейін Жұмағұлов үшін қиын кезең басталды, нақты айтсақ, Антикор ұрлық бойынша, оның ішінде сатып алынатын қызметтердің құнына қатысты тергеу бастады. Айта кету керек, 2018 жылдың тамызына дейін қорды Елена Бахмутова басқарды.

Инстаграм дауынан кейін президент ӘМСҚ басшылығана «іскер әрі сән-салтанаты азырақ адамды» тағайындауды өтінді. Мұндай адам Болат Төкежанов болып шықты. ӘМСҚ басқармасының жаңа төрағасының «гламурының» аздығы соншалықты, оның тіпті Инстаграмда парақшасы жоқ екен. Алайда ол Facebook-те отыратын болып шықты. Ол жерде Болат Төкежанов сіз бен біз сияқты өз ойын ортаға салып, пікірімен бөлісіп отырады.

Жалпы ақпарат

Болат Төкежанов Өскемен қаласының тумасы, үйленген, үш баласы бар. Өмірбаянындағы деректер бойынша жетістігі көп шенеунік, «Нұр-Отанның» мүшесі. Қызметін 1994 жылы Шығыс Қазақстан облысының Салық инспекциясында аға салық инспекторы болып бастаған. Одан кейін оның қызметі тез өсті деп айтуға келмес, ол жоғары лауазымдарға ақырындап, саты-сатымен көтерілді. Болат Төкежанов министрліктегі (ҚР ДСМ) Департамент директоры лауазымына тек 2010 жылы ғана жетті. Бір қызығы, өзінің еңбек жолын бастағанда ӘМСҚ-ның қазіргі басшысы қирап, дау-дамайдан көз ашпаған қазақстандық ММСҚ-да (міндетті медициналық сақтандыру қоры), нақты айтсақ, оның Шығыс Қазақстан облыстық филиалында жетекші маман, содан кейін қаржы басқармасының бастығы және директордың орынбасары ретінде жұмыс істеген.

Төкежанов мырза бизнеспен айналыспайды (тек ақпан айында «Басқа топтамаларға енгізілмеген өзге де жеке қызметтерді ұсыну» қызмет түрімен айналысатын жеке кәсіп тіркеген, ЭҚЖЖ: 96090. Төкежанов неліктен жеке кәсіпке бас бұрғанын және ЖК бойынша салық төлемдерінің мөлшері қандай болғанын анықтау мүмкін болмады). Сондай-ақ ол бірқатар қоғамдық ұйымды басқарған. Басқа мекемелердегі үлесі туралы ақпарат жоқ. ӘҚБтК-нің 207-бабы, 5-бөлігі бойынша әкімшілік жазаға тартылған. Бұл туралы толық ақпарат төменде.

Болат Төкежанов деген кім?

Цитата: Дәл осындай ӨЖЖ аппараттарын дайын сызбалар бойынша біздің қазақстандық мамандар үшін біз «мақтайтын» КазАвтоПромның зауыттарында немесе Қазақстан инжинирингте құрастыру соншалықты қиын ба? Олар қазір медицинаға қажет болып тұр… «Мерседес» 100 сағат ішінде бір адам өмірін құтқара алатын аппарат жасап шығарды. Олар көлік жарыстарында да осы қағидананы ұстанады. Қазір аппараттың сызбалары барша әлемге тегін қол жетімді.

Цитата: Енді карантинге жабылған қалалардан аймақтарға тез арада кеткісі келетін адамдар, біраз ойланыңыздар. Сіз қазір ауырмауыңыз мүмкін, алайда өзіңіздің жақындарыңызға, әсіресе қарияларға, апаларымыз бен аталарымызға қауіп төндіресіз. Ауруды тура туыстарыңыздың үйіне әкелесіздер. Карантиннен жасырынып жүрген адамдармен қай жерде байланыста болып, ауруды қалай жұқтырып алғаныңыз да белгісіз.

Егер сіз еш қиындықсыз қалада қала алсаңыз, онда логикаға сүйене отырып, үйде болыңыз, ешқайда бармай, күте тұрыңыз, өзіңізге қызықты болатын ермек табыңыз.

Цитата: Ұялы байланыс операторлары халық есебінен байып жатыр ғой. Монополияға қарсы мекеме қайда қарап отыр??? Тарифтерді көтерудің орнына төмендету керек!

Автордың жазу стилі сақталған.

Білімі:

  • Мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі.
  • Қазақ мемлекеттік басқару академиясын (1994) және
  • Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік саясат ұлттық мектебін (2010) бітірген.
  • Дьюк университетінің Стэнфорд мемлекеттік саясат мектебінде (Дюрем, Солтүстік Каролина, АҚШ), сондай-ақ Ли Куан Ю атындағы Сингапур Ұлттық Университетінде Мемлекеттік саясат мектебінде оқыған.

Еңбек өтілі:

  • Шығыс Қазақстан облысы бойынша СИ-да аға салық инспекторы (1994-1995);
  • ММСҚ-ның Шығыс Қазақстан облыстық филиалының жетекші маманы, қаржы басқармасының бастығы, директордың орынбасары (1996-1998);
  • Медициналық қызметке ақы төлеу орталығының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директор орынбасары, директоры (1999-2000);
  • «Денсаулық» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры (2001);
  • Шығыс Қазақстан облысының Ақпараттық-медициналық орталығының директоры (2001-2003);
  • Бөлім бастығы, стратегиялық даму және халықаралық қатынастар басқармасының бастығы, экономика және қаржы департаменті директорының орынбасары (11.2003-09.2009);
  • Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Стратегиялық даму департаментінің директоры (09.2010-2013);
  • Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі (02.2013-25.08.2014);
  • Дүниежүзілік банкпен бірлесіп қаржыландырылған «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласына технологиялар ұсыну және институционалдық реформа жүргізу» жобасының ұлттық үйлестірушісі (жетекші) (2014-2017 жж.);
  • Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Жауапты хатшысы (15.02.2017-09.2019);
  • «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасы (07.2020 жылдан бастап).

Деректер Zakon.kz сайтынан алынды.

Қандай заңды тұлғаларға қатысы бар?

Kompra.kz сайтының ақпараты бойынша Болат Төкежанов ӘМСҚ АҚ-дан басқа, тағы 2 заңды тұлғаға қатысы бар. Ол: «Қазақстанның денсаулық сақтау экономистерінің қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің және «МСҰМ түлектерінің клубы» (мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебі) қоғамдық бірлестігінің құрылтайшы және басшысы. «ҚДЭҚ» РҚБ-ның салық аударымдары нөлге тең, ал түлектер клубының салық аударымдары өте аз (2017 жылы – 4000 тг, 2018 жылы – 0, 2019 жылы – 4 тг, 2020 жылы – 4 тг., қарыз – 1 тг.)

Байланыс схемалары

Болат Төкежанов деген кім?

Байланыс схемасы Болат Төкежановтың қоғамдық қызметін көрсетеді.

ӘМСҚ туралы

Біз бұл ұйым туралы да, оған қатысты сыбайлас жемқорлық қауіп-қатерлері туралы да бірнеше рет жаздық. Негізі ӘМСҚ деген – Денсаулық сақтау саласындағы реформалардың нәтижесі. Халық үшін бұл реформа жаңа төлемдер қосылғанын білдірді және адамдар медициналық қызметтердің сапасы жақсарады деп үміт артты. Айтпақшы, ол кезде ӘМСҚ-ның Басқарма төрағасының жалақысы 1,7 млн теңге екені айтылған еді: Ал басқарушы директорлардың жалақысы – 1,1 млн болған. Tengrinews Liter.kz сайтына сілтеме жасай отырып былай деп жазады: 2018 жылдың қорытындысы бойынша атқарушы органның 5 мүшесіне 92 173 262,69 теңге сыйақы төленгені белгілі болды… 2018 жылы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Басқарма төрағасы Елена Бахмутова болды. Ол және атқарушы органның тағы 4 мүшесі сыйақы алған…».

Қазір басқармада төраға Болат Төкежановтың өзін есептегенде барлығы 4 адам бар. Бұрын 5 адам еді. Болат Жәмішев – Директорлар кеңесінің төрағасы. Оның сыйақысы 200 мың теңгеден аспайды деп хабарланды.

ӘМСҚ бірнеше жыл ішінде 1,7 млрд теңгеден астам салық төлеген.

Болат Төкежанов деген кім?

ӘМСҚ-ның жалғыз акционері – ҚР Үкіметі. Tengrinews сайтының ақпараты бойынша 2018 жылдың соңында ұйым жалпы 5 949 713 000 теңге пайда тапқан. Бұл ретте пайданың үштен екісі әкімшілік шығындарға жұмсалған. Сондай-ақ ӘМСҚ мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманы бұзуға байланысты сотқа 17 рет қатысқан. Әрине, қазіргідей пандемия кезінде қазақстандықтардың ай сайынғы төлемдеріне иелік ететін ұйымға үлкен жауапкершілік жүктеледі:

«… Медициналық сақтандыру қоры халық үшін медициналық көмекті сатып алатын стратегиялық ұйым және МӘМС пен ТМККК пакетінің қаржылық операторы ретінде ерекше мәртебеге ие. Медициналық көмекті сатып алудан бастап оған жұмсалатын қаражатқа дейін барлық процестерді айқын, ашық және жүйелі ету қажет. Елдің денсаулығы үшін осындай қиын-қыстау кезеңде медициналық сақтандыру қорының рөлі коронавирусқа қарсы күреске бағытталған төлемдердің сенімді көзі ретінде маңызы арта түспек», деді 12 шілдеде Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ӘМСҚ-ның жаңа басшысын таныстыра отырып.

Қазақстандық медициналық сақтандыруға байланысты контекст

90-жылдары міндетті медициналық сақтандыру (ММСҚ) аясында қазақстандықтардың біраз ақшасын жинап, жоқ болып кеткен ұйымға байланысты оқиғадан кейін халық қазіргі ӘМСҚ-ға да күдікпен қарауда. Естеріңізге сала кетсек, сол кездегі ММСҚ-ның басшысы Талапкер Иманбаев АҚШ-қа қашып, оған халықаралық іздеу жарияланды. 2014 жылдың шілдесінде ол сенсациялық сұхбат беріп, ММСҚ-да жоғалып кеткен ақшаны алмағанын айтты.

Профайл

Төкежанов Болат Тұрғанұлы, туған жылы: 07.19.1972, 48 жаста.

Шығыс Қазақстан облысының тумасы.

  • Алимент бойынша берешек: Жоқ
  • Атқарушылық іс жүргізу бойынша жауапкер/борышкер: Жоқ
  • Терроризмді қаржыландыруға қатысы: Жоқ
  • Қылмыстық іздестіру: Жоқ
  • Хабар-ошарсыз жоғалған адамдар тізімінде: Жоқ
  • Педофилдер базасында: Жоқ
  • ҚР-дан шығуы уақытша шектелген борышкер тізімінде: Жоқ
  • Атқарушылық құжаттар бойынша борышкер/жауапкер тізілімі: Жоқ
  • Салық берешегі: Жоқ

Сотта қаралған істері

2019 жылдың қыркүйегінде Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында Болат Төкежановқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық бойынша іс қаралды. Оған сәйкес, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қызметіне жасалған аудиторлық тексеріс барысында мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың бұзылғаны анықталған. Белгілі болғандай, конкурсқа қатысушылар үшін техникалық сипаттамада көрсетілген талаптар негізсіз күрделі етіп жасалған.

Техникалық сипаттама министрліктің сол кездегі жауапты хатшысы Болат Төкежановтың бұйрығымен бекітілгендіктен, сот оны кінәлі деп тауып, 88 375 теңге айыппұл өндіріп алуды шешкен. Осыдан кейін Төкежанов қалалық сотқа апелляциялық шағыммен жүгінді, бірақ бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалды. Бұл жерде әңгіме Денсаулық сақтау министрлігіне 737 899 277,68 теңге көлеміндегі инжинирингтік қызметтерді «сатып алу» туралы болып отыр. Мәртебесі бойынша бұл сатып алу өткізілген жоқ.

Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)

Factcheck.kz