Білім беру саласына арналған сынақ: Орталық Азияның карантин тәжірибесі

Көктемгі эксперименттен соң мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар күзге дайындалып жатыр. Оқушылар класқа оралуға асық, бірақ көптеген ел күзгі оқу қашықтан басталатынын мәлімдеген. Тіпті 1 қыркүйекке дейін әлем пандемияны жеңіп, бәрі қалпына келе бастаған күннің өзінде жағдай коронавирусқа дейінгідей болмайды. Пандемия өшпес із қалдырды. Катерина Клеменкова пандемия кезіндегі Орталық Азиядағы мектепте білім беруге қатысты жағдайға шолу жасады.

Көктемгі эксперимент

“Біз ұйқыдан тұрамыз, ойнаймыз, сосын сабақ оқимыз, одан кейін керісеміз, ұрсысамыз, айқайлаймыз. Бұл біздің күнделікті күн тәртібімізге айналды. Қашықтан оқу біздің отбасына сай емес екенін түсінуге маған 2 күн жеткілікті болды. Әртүрлі жастағы екі оқушыға мұғалім болу қолымнан келмейді”. Рәзия Әмірова (осы жерде және жарияланымның кей кейіпкерінің өтінішімен олардың аты-жөні ішінары немесе толық көрсетілмеді) PaperLab жобасына осылай айтып берді.  

Бастауыш сыныпқа баратын екі баласы бар ананың бұл айтқандарын ойламаған жерден мұғалім болып шыға келген көп ата-анаға телуге болады.

Жалпы, 2020 жылдың соңғы оқу тоқсаны білім беру жүйесі үшін айтарлықтай сынақ болды. Дегенмен біреулерге қашықтан оқу сұмдық болып көрінсе, енді біреулерге мүмкіндік саналды. “Бұл дағдарыс мұғалімдерге кедергіні, соның ішінде психологиялық кедергіні жоюға көмектесті. Екінші кезең анағұрлым саналы болмақ. Мұғалімдер компьютер сауаттылығын бәрібір меңгеруге тура келетінін, бұл кейбіріне ғана емес, көбіне қатысты болатынын енді түсінді”, – деді “Перемена” инновациялық білім беру орталығының жетекшісі Алмаз Тәжібай (Қырғызстан) ИА 24.kg-ге берген сұхбатында.

Қазір қашықтан білім беру эксперименті күзге дейін тоқтап тұр. Енді осы процестің қатысушылары жаңа шындыққа басқан алғашқы қадам қалай болғанын түсінуге тырысып жатыр…

Қазақстан: ноутбук жоқ

Коронавирустың таралуын болдырмау үшін мектептер амалсыздан жабылғанда қашықтан оқуға көшу аласапыран тудырды. Орталық Азияда классикалық сабақтарды негізінен теледидар мен мессенджерлер алмастырды. Сөйтсе, көптеген оқушы мен мұғалім интернетке қосыла алмайтын болып шықты. Интернетке қосылған күнде, ол онлайн сабақтарға жарамады. Қазақстанда осылай болды.

“Еліміздегі интернет 2,5 милиион баланың тікелей эфирге шығып, онлайн сабақ оқуға жарамайтынын көріп отырмыз. (…) Елдің бар аймағында онлайн-стриминг жасау мүмкін емес”. Бұл – төртінші тоқсан басталар алдындағы Қазақстанның Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтқаны.

Халықаралық электр байланысы одағы, Дүниежүзілік электр байланысын дамыту есебі / Ақпараттық коммуникациялық технология және деректер базасы

Сол себепті Білім және ғылым министрлігі оқушыларды теледидар арқылы оқытуға шешім қабылдады. Оқушыларға арналған сабақтар жергілікті телекомпаниялардың тікелей эфирінде өтті. Оқушылар күніне бір рет 10 минуттан тұратын сабақтарды 30 минут көрді. Оның бәрін Balapan және EL ARNA телеарналары қатарынан 8 сағат бойы таратты. Бұл теледидар сабақтарын осы каналдардың сайтынан көруге немесе радиодан тыңдауға болатын болды. Қазақстанда төртінші тоқсан уақытында 3 мыңнан астам видеосабақ көрсетілді.

“Біздің балалар осы арналарды көреді. Мектебіміздің сабақ кестесі дәл осы арналарға сәйкес жасалды. Осылайша, кейде мұғалімге сабақты талқылап, балалардың пікірін білу ғана қалады, яғни тақырып толық ашылады. Сабақтар керемет”, – дейді Батыс Қазақстан облысындағы ауыл мектебінің химия пәнінің мұғалімі Алла Шолдина.

Әрине, бұған бәрі бірдей риза болмады. Мұғалімдер теледидардағы сабақ пен оқулықтағы тақырып екі түрлі екенін айтып, солайша оқу бағдарламалары сай келмейтініне шағымданды.

“Қазақстан ағылшын тілін әртүрлі баспадан шыққан әртүрлі  оқулықпен өтеді, бағдарламалар сәйкес келмейді, сондықтан теледидар сабақтарының пайдасы аз болды”, – дейді ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Әлия Тұрлыбекова. Ол да Қазақстандағы барлық мұғалім сияқты “қашықтан” жұмыс істеді әрі бұлай жұмыс істеу оған оңай болмады.

“Мұғалімсіз бәрібір де болмайды. Өйткені мұғалім оқу процесін бағыттап, үйлестіруі керек, кей жерде біреуді мақтап, сабаққа белгілі бір себеппен қосылмай отырған оқушыға көмектесіп, ынталандыруы қажет. Демек мұғалімнің ролі зор. Физика, химия сияқты біреу түсіндірмесе толық білмейтін қиын пәндер бар, оларды видеосабақ көріп қана түсініп ала алмайсың. Оқушылар бәрібір де сұрағын қойып, оған жауап алуы керек”, – дейді Алла Шолдина.

Ауылды аймақтарда қашықтан оқу кезінде интернетке қосыла алмау сияқты техникалық проблемамен қоса, қазақстандық оқушыларға ноутбук сияқты құрылғылар керек болып шықты.

Ауылды аймақтарда интернет болғанымен көптеген оқушыда ноутбук сияқты құрылғылар жоқ. Бәрі телефон пайдаланады,

– дейді Әлия Тұрлыбекова.

Қашықтан оқу кезінде компьютер керек оқушыларға мектеп компьютерлері берілді. Бірақ онлайн оқуды толық өткізу мүмкін болмады.

“Бәрі сияқты біз де Zoom-да сабақ өткіміз келді, бірақ … ол мүмкін болмады. Байланыс нашар. Көптеген оқушы видеоның “жүктелмей” жатқанына, содан оны көре алмай отырғанына шағымданды. Сабақты мынадай етіп өткізуге тура келді: белгілі бір бағдарлама бойынша 5-10 минуттық видеоролик түсіріліп, оқушыларға WhatsApp арқылы жолданады. Мен барлық қосымша тапсырманы да WhatsApp арқылы жіберіп отырдым. Оқушылар тапсырманы орындап, фотоесеп жіберді”, – деп түсіндіреді Әлия Тұрлыбекова.

Білім беру саласына арналған сынақ: Орталық Азияның карантин тәжірибесі
Фото Rg.ru сайтынан

Тіпті интернетке қосылу проблемасы жоқтың қасы болған қалаларда бәрібір де онлайн оқудың проблемасы болды. Мұғалімдер 2 аптаның ішінде жаңа техника мен бағдарламаны меңгеріп шығуы керек еді. Педагогтардың арасында компьютермен жұмыс істей алмайтындар көп, олар онлайн оқуға бұлайша тез көшу керек деп күтпеді. Оқушының телесабақты қалай меңгергенін тексеру үшін білім беру платформалары пайдаланылды (Kundelik, Daryn Online және Bilim Land), бірақ … көбі мессенджер арқылы оқуға көшіп жатты. Білім беру платформалары қашықтан оқудың бірінші күнінен-ақ жүктемені көтермеді.

“Мұғалімнің сабақты Zoom арқылы өтуі талқыланған да жоқ. Біз теледидар бағдарламалары арқылы оқыдық. Ата-аналар чатында үй жұмысын фотоға түсіріп, мұғалімдерге жіберу керек екені айтылды. Ал тапсырмаларды мұғалімдер эсэмэспен, мессенджерлермен, әлеуметтік желі арқылы жіберді”, – дейді Алматы облысындағы мектептердің бірінде 6-сыныпта оқитын қыздың анасы Ақмарал Зәйтиева.

Өзбекстан: шаштараздар мен гримерларсыз

Өзбекстанда мәжбүрлі қашықтан оқытуға мұғалімдер оң қарады.

“Біраз уақыт өткен соң Өзбекстан мұғалімдері 2020 жылдың көктемін керемет шығармашылық кезең ретінде еске алады. Арнайы сайттар, газет-журналдардың Телеграм-каналы видеосабақтарды, онлайн тестілер мен мультимедиа презентацияларының мұндай көлемін алған емес. Мысалы, “Тіл және әдебиетті оқыту” журналы өзінің каналында күн сайын мұғалімдерге арналған түпнұсқадағы тестілер жариялап, эссе мен әзірлемелерді жіберу үшін арнайы канал ашты, үздік мақалаларға байқау жариялады”, – дейді № 5 мектептің мұғалімі Юлия Мусурманова (Янгиер, Сырдария облысы, Өзбекстан).

Бұл жерде коронавирус өзбек оқушыларын үйлеріне қайтарғанда оқытушылардың студенттерді қашықтан оқытуға қатысты жеткілікті тәжірибесінің болғанын айта кету керек. Мультимедиалық жалпы білім беру бағдарламаларын дамыту орталығы негізінде жасалған мектеп оқушыларына арналған видео сабақтардың жақсы базасы болды. Өзбекстандағы қашықтан берілетін сабақты көрсетуге төрт арна бөлінді.

“Онлайн білім беруге өту кезінде аз уақыттың ішінде барлық кластың барлық пәніне арналған сабақ жүйесін жасау керек болды. Мұғалімдер мен сурдоаудармашылар экранның жұлдызы болып, көпшіліктің сүйіктісіне айналды. Ең қиыны эфирде шаштаразшысыз, гримерсыз ғана емес, басында редакторсыз да жұмыс істеуге тура келді. Бұл – қашықтан оқытудың талабы”, – деді Мусурманова.

Білім беру саласына арналған сынақ: Орталық Азияның карантин тәжірибесі

Елдің барлық аумағында бірдей қолжетімді болмаған Kundalik электрон күнделігін мұғалімдер “көмекші әрі қатал бақылаушы” дейді. Өйткені сабақты өткізіп алу немесе үй жұмысын уақтылы орындамай қою мүмкін емес. Мұғалімдерге ең қиыны ылғи кеңес беруді сұрайтын ата-аналар болды.

Басында бәрі қиын болды. Ата-аналар қалай оқытуды білмей, мұғалімдерден сұрады. Олар үшін Телеграм-топтар ашылды,

– деді Юлия Мусурманова.

Мұғалімдердің айтуынша, қашықтан сабақ беру кезінде олар Classcom ресурсын пайдаланған, ал балалар телесабақ көре алмаған кезде видео оқу класының Телеграм-топтарына салынған.

Ресми дерек бойынша, 2020 жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша Өзбекстанда абоненттердің 96%-і мобайл байланыспен қамтамасыз етілген, ал байланыс станциясының саны 26 мыңға жеткен, 22 миллион қолданушының 19 миллионы мобайл қолданбалар арқылы онлайнға шығып отыр.

Дегенмен, шын мәнінде, көктемгі тәжірибе көрсеткендей барлық баланың гаджеті түгел болмай шықты әрі бәрі бірдей интернетке қосыла алмады. Алыс ауылдар мен кішігірім қалаларда техникалық проблемалар мұғалімдер мен оқушылардың “тікелей эфирде” бірге жұмыс істеуге мүмкіндік бермеді. Педагогтар тапқан жалғыз амал мынау: олар ауқатты адамдардан көрші баланың процеске қатысуына көмектесуін сұрады. Бұдан мұғалімдер де, ата-аналар да ешқандай әбестік көрмеді.

Өз смартфоның болмаса, ата-анаңдыкі бар. Тіпті болмаса көршің үй тапсырмасының фотосын жіберуге көмектесіп жібереді”

– деді Мусурманова.

Қырғызстан: пандемияға қарамастан соңына дейін

8 сәуірден бастап Қырғызстанның барлық мектебінде төртінші тоқсан қашықтан басталды, – дейді №5 Ұлттық компьютер гимназиясының мұғалімі Талғат Деркембаев (Бішкек, Қырғызстан). – Бұл қорытынды тоқсан болғандықтан білім беру процесін пандемияға қарамастан соңына дейін жеткізу керек болды”.

“Білім беру процесін” соңына жеткізу үшін Қырғызстанның Білім және ғылым министрлігі үздік мұғалімдермен бірге қысқа мерзімде видеоматериалдар әзірлеп шықты. 200-ден астам мұғалім балаларға видеосабақ дайындады. Балалалар телесабақты “Баластан” КТР (мектеп жасына дейінгі балалар мен 1-4-сынып оқушылары үшін), ELTR “Илим Билим” (5-11-сынып оқушылары үшін), “Санат”, “Пирамида” және “Бесінші канал” телеарналарынан көрді.

Көптеген ата-ана телесабақтарды әртүрлі арнадан көрсетілетініне риза болмады. Отбасында әртүрлі жастағы бірнеше бала болса, үйде сонша теледидар болуы керек болды. Өйткені теледидар сабақтары көбінесе эфир уақытына сәйкес келді.

Оған қоса, “Қырғызстанның білім беру ресурстары” онлайн порталында кейбір қосымша білім беру материалын (электрон оқулықтар, практика тапсырмалары мен білім беру ойындары және тағы басқа) алуға болатын еді. Дегенмен ата-ананың бәрі бірдей онлайн платформадан қажет кітаптарды таба алмады. Өйткені оқу әдебиетінің көбін цифрлық нұсқаға көшіруге уақыт жетпеді.

Қырғызстанда, дүниежүзіндегідей барлық отбасының үйінде компьютер болмады, болса, олары интернетке қосылып тұрмады.

“Балалар теледидардан видеосабақ көре алды, бірақ мұғаліммен байланыс бәрібір керек еді. Кейбір елдімекенде интернет жақсы емес, содан қиындықтар туды, – деп “қашықтан оқытудың” кей тұсын Талғат Деркембаев түсіндірді. – Мұғалімдер оқушылармен қолынан келгенше кері байланыс орнатып бақты – біреулер WhatsApp пен Telegram мессенджерлерін пайдаланса, енді бірі Classroom-ды қолданды,  Zoom-да видеоконференция өткізді. Тіпті оқушының ноутбугы да, интернеті де болғанымен ата-ана ылғи көмекке дайын тұруы керек болды.

Мұғалімдердің айтуынша, интернеті жоқ (байланыс бола тұра тәртіп жоқтарды да) оқушыларды “тауып”, олардың жағдайы дұрыс екеніне көз жеткізіп, оларды процеске кез келген тәсілмен қосуға күш салуға, тапсырмалар мен материалдарды жіберіп, кейін оны тексеруге көп уақыт кеткен.

“Тексеру жұмыстары мен бөліктері арнайы тексеру бағдарламасы – мультисабақтар арқылы өтті”, – дейді Деркембаев, ол сынауды әзірше қоя тұрып, ол кезде балалардың денсаулығын сақтау, төртінші тоқсанды аяқтауға көмектесу, ата-ананың ақыл-есін сау күйі ұстау маңызды болғанын айтты…

Кедей елдің белгісі…

Әлеуметтанушы Камила Ковязина пікір білдірді

Камила Ковязина - эксперт Ekonomist.kz
Камила Ковязина

Өкінішке қарай, алғашқы қашықтан оқыту тәжірибесі қаншалықты сәтті болғаны туралы сұраққа кейін, қашықтан оқыту тәжірибесін алған балалар өздерінің білімін (немесе білімінің жоқ екенін) көрсеткен кезде, қолданылатын әдістердің тиімділігі туралы түсінік алған соң ғана жауап бере аламыз. Әзірше тәжірибенің пайдалы болғанын ғана айтуға болады. Біріншіден, білім беру жүйесінің мүдделі тараптары (орта білім ғана емес) біздің білім беру инфрақұрылымымыз не екенін және ол кез келген жағдайда қаншалықты тиімді жұмыс істей алатынын білді. Тиімді жұмыс істей алмайды екен. Біздің ең әлсіз тұсымыз интернет байланысы сапасы болып шықты.

Елдімекендердің интернетпен толық қамтылмауы – “кедей” елдің белгісі…

Дегенмен әңгіме, өкінішке қарай, интернет байланысында ғана емес. Мәселе мынада: көптеген білім беру мекемесінде қашықтан оқыту үшін қолдануға болатын білім беру платформалары болмады. Ал мектептердегі оқу әдістемесі тек мұғаліммен және оның материалды толық ақпараттық қамтамасыз етуімен ғана жұмыс істейді. Компьютер ойындары әлеуеті, түрлі куиз, білімді тестілеу мен бақылаудың интерактив тәсілі іс жүзінде қолданылмайды.

Жалпыға ортақ көзқарас тұрғысынан қарағанда оқушы неғұрлым ересек болса, өз бетімен жұмыс істесе де, қашықтан оқуға бейімделетіні анық. Бастауыш сынып оқушылары туралы бұлай айта алмайсың. Олар өз бетімен жұмыс істеуге әлі үйренбеген және олармен жеке-жеке жұмыс істеу керек. Бұл ауыртпалық

  • жұмыс істеп, балаларына жеткілікті уақыт бөле алмаған,
  • жұмыстан шығып қалып, қатты күйзеліске ұшыраған,
  • қажет педагогика дағдысы жоқ, оған қоса, балаларын толыққанды сапалы оқыту үшін арнайы білімі жоқ ата-аналарға түсті.

Меніңше, ең үлкен қауіп бастауыш сынып оқушыларының білім алуына түсіп тұр. Олар негізгі білім базасын алмады, болашақта оның салдары болады.

Бір жағынан, мұғалімдердің дайын еместігі де бар. Төртінші тоқсанның басын қашықтан оқуға көшіру мұғалімдердің қашықтан жұмыс істеу тәсіліне дайындалуы үшін де қолданылды. Бірақ осынша аз уақытта нені үйреніп үлгереді? Кейбір мектепте Google classroom сияқты шетел әзірлемелеріне негізделген онлайн білім беру ортасын мәжбүрлеп дайындаған IT мамандарының бірлескен жұмыс тәжірибесі болды. Басқаларында жағдай тәуір дегеннің өзінде мұғалімдер Zoom-конференциямен жұмыс істеуді үйренді. Бұл элементтің бәрі сайып келгенде “Қолымыздан келді ме?” деген сұраққа жауап беруге әсер етеді. Әзірше мен “қолымыздан келмеді” деп ойлаймын.

Factcheck.kz