Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығы ресейлік және филиппиндік журналиске берілді

“Новая газета” басылымының бас редакторы Дмитрий Муратов пен филиппиндік журналист-зерттеуші Мария Ресса Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығына ие болды. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Нобель комитетінің хабарламасында журналистер “демократия мен әлем алғышарты болып саналатын пікір еркіндігін қорғауға күш салғаны үшін” марапатталғаны жазылған.

“Қауіп-қатер мен қоқан-лоқыға қарамастан “Новая газета” басылымының бас редакторы Дмитрий Муратов газеттің тәуелсіз саясатын қорғай білді. Ол журналистердің құқықтарын тұрақты түрде қорғады” деп BBC сайты Нобель комитетінің жетекшісі Берит Рейс-Андерсеннің сөзінен үзінді келтіреді.

Биыл бұл сыйлыққа 95 ұйым мен 234 адам ұсынылған. Арасында ресейлік оппозиционер Алексей Навальный, белорус оппозициясы жетекшілерінің бірі Светлана Тихановская, швед экобелсендісі Грета Тунберг те бар.

Үміткерлердің толық тізімі құпия сақталады және тек 50 жылдан соң ғана жариялануы мүмкін. Лауреаттарға 10 млн швед кроны (бір миллион доллардан астам) мөлшеріндегі сыйақы беріледі.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz