BBC тілшісі Андрей Захаров Ресейден не үшін кеткенін айтты

Ресейде «шетел агенті» ретінде танылған британдық BBC сайтының Орыс қызметінің тілшісі Андрей Захаров Ресейден кетті. Оның мұндай қадамға баруына «бұрын-соңды болмаған дәрежеде аңдуға ұшырауы» себеп болған. Ол бұл жөнінде Youtube-арнасында жариялаған видеосында айтты. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Қазір журналист Лондонда жүр. «Аңдудың немен байланысты екені белгісіз: «шетел агенті» деп танығандықтан ба, әлде британдық әріптестеріммен бірігіп Evil Corp тобының хакерлері жайлы материалдар жазғаным үшін бе, белгісіз» деді журналист.

Қазан айының басында Ресей Әділет министрлігі Захаровты «шетел агенті» ретінде танылған ақпарат құралдарының тізіміне енгізген. Қазіргі кезде бұл реестрде жүзден аса ұйым мен журналист бар.

BBC агенттігі Ресей билігінің Андрей Захаровты тізімге қосу туралы шешімімен түбегейлі келіспейді. «Әлемде BBC агенттігін тәуелсіз әрі сенімді ақпарат көзі ретінде біледі. BBC News қызметі 80 жыл бойы орыстілді аудиторияға анық әрі маңызды ақпарат жеткізіп келе жатыр» делінген басылым хабарламасында.

Төлепберген Маликов
Төлепберген Маликов. Байқоңыр қаласында туған. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.