Балалар арасындағы суицид саны азайғаны рас па?

15 шілдеде өткен Үкімет отырысында ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов балалар арасындағы суицид пен ересектердің балаларға қатысты қылмыс саны туралы деректер келтірді. Министрдің айтуынша, 2015-2021 жылдары суицид деңгейі 13%-ке, қылмыс 18%-ке төмендеген. Factcheck.kz министрдің мәлімдемелерін тексеруді жөн көрді.

Тайм-код: 50:38

Жалпы 2015-2021 жылдары балалар суицидінің деңгейі 13%-ға төмендеді.

Асхат Аймағамбетов, Оқу-ағарту министрі

Үкім: Техникалық қате

ҚР Бас Прокуратоураға қарасты құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметіне сай, 2015 жылы кәмелетке толмағандар арасында 687 суицид тіркелсе, 2021 жылы 548 жағдай тіркелген. Яғни 20,2%-ке төмендеген.

Минстр “суицид деңгейі” деп нақты нені меңзегені белгісіз, сондықтан да біз жалпы суицидтің ішінен қайтыс болғандар санын да қарастырып көрдік: 2015 жылы 202 бала, 2021 жылы 175 бала қайтыс болған. Бұл көрсеткіш бойынша 13,3%-ке азайған, яғни министрдің мәлімдемесімен сәйкес келеді.

Биылғы жылдың [2022 жыл – ред.] 6 айының қорытындысы бойынша суицид көрсеткіші былтырмен салыстырғанда 38%-ға азайды.

Асхат Аймағамбетов, Оқу-ағарту министрі

Үкім: Техникалық қате

Qamqor.gov.kz дерегінше, 2022 жылдың алғашқы 6 айында жалпы саны 247 суицид тіркелсе, 2021 жылы 6 айда 298 жағдай тіркелген. Расымен де суицидтің азайғанын байқаймыз, алайда министр келтіргендей 38%-ке емес, 17,1 процент.

Дегенмен министрдің келтірген дерегі суицидтен қайтыс болғандар санына жақын, 2022 жылдың 6 айында 65 бала, 2021-дің 6 айында 105 бала қайтыс болған, сәйкесінше 38,1%-ке азайып отыр.

Редакциядан: Жоғарыдағы екі мәлімдемені қарап, Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері тек қайтыс болған жағдайды ғана “суицид деңгейі” деп көрсеткенін аңғаруға болады. Әйтсе де, өз-өзіне қол жұмсауды тек өліммен ғана өлшеуге болмасы анық. Мәселе күрделі және “өлім деңгейі азайды” деп деректерді манипуляциялағанның орнынан проблеманы түбегейлі шешуге бағытталған бағдарламалар мен шаралардың керегі анық.

Тәрбие жұмыстарының, оқушыларды қосымша біліммен қамтудың нәтижесінде балалар арасындағы қылмыс та 18%-ға төмендеді.

Асхат Аймағамбетов, Оқу-ағарту министрі

Үкім: Шындық

Министрдің мәлімдемесінен нақты қай уақыттағы деректерді салыстырғаны түсініксіз, алайда презентациясында 2020 мен 2021 жыл арасы деп көрсетілген. Сондықтан осы жылдардағы деректерді тексереміз.

Qamqor.gov.kz дерегінше, 2020 жылы кәмелетке толмағандар арасында 1844 қылмыс тіркелсе, 2021 жылы 1515 іс қозғалған. Расымен де қылмыс саны 329-ға немесе 17,8%-ке азайған.

Балалар арасындағы суицид саны азайғаны рас па?
Оқу-ағарту министрінінің презентациясынан скрин

Балалар арасындағы қылмыстың азаюы Аймағамбетов айтқандай “тәрбие мен қосымша білім берудің” арқасында ма әлде 2020-2021 оқу жылы пандемия салдарынан оқушылардың үйде отыруынан ба? Ол нақты белгісіз.

Бірақ балалардың арасындағы құқықбұзушылық төмендесе де, ересектердің балаларға қатысты құқық бұзушылық деңгейінің өскенін айтуымыз керек. Мәселен, тұрмыстық зорлық-зомбылық 15%-ға…

Асхат Аймағамбетов, Оқу-ағарту министрі

Үкім: Шындыққа жақын

Аймағамбетов тұрмыстық-зорлық зомбылық деп келтіргенімен, презентациясында 2020 мен 2021 жылдардағы “кәмелетке толмағандарға қатысты” қылмыс саны көрсетілген.

Qamqor.gov.kz мәліметіне сай, 2020 жылы ересектердің кәмелетке толмағандарға қатысты 1812, ал 2021 жылы 2088 дерек тіркеліп, 13,2%-ке өскен.

ЮНИСЕФ-тің зерттеуіне сай, ересек қазақстандықтардың шамамен 75%-і отбасында балалардың мінез-құлқын қадағалау үшін физикалық күш қолдануды құптайды. Ал 2-14 жас аралығындағы әрбір екінші бала – зорлықпен тәртіпке салу шараларының құрбаны.

жыныстық тиіспеушілікке қатысты 9%-ға өсіп отыр.

Асхат Аймағамбетов, Оқу-ағарту министрі

Үкім: Техникалық қате

Министр айтқан “жыныстық тиіспеушілік” статистикасы жүргізілмейді. ҚР Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің өкілі бізге бұны ҚР Қылмыстық Кодексінің 120-124 баптарынан қарай алатынымызды айтты.

2020 жылы 120-124 баптар бойынша 830 іс, 2021 жылы 905 қылмыс тіркелген. Сәйкесінше 8,2%-ке өскенін байқаймыз және министр осыны меңзесе керек.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz