Астана ауасы ең лас қалалар қатарына жата ма?

Еуразия телеарнасы «Астана ауасы лас қалалар рейтингісінде алғашқы бестікке кірді» деген ақпарат таратты. Журналист материалының дереккөзі ретінде ауа сапасын көрсететін World Air Quality платформасына сілтеме жасаған. Factcheck.kz ақпараттың рас-өтірігін анықтауға тырысты.

Астана ауасы лас үлкен қалалар арасындағы World Air Quality рейтингісінде бесінші орынға тоқтаған. Біздің алдымызда Бішкек, Кабул, Непал, Калькутта тұр.

Еуразия арнасының тілшісі

Үкім: Үкім жоқ

Телеарна сілтеме жасаған IQAir сайтындағы ақпаратқа сай, Астана ауасы ластанған қалалардың ішінде бесінші орында тұрған жоқ. Дегенмен дәл уақытындағы деректерді көрсететін сайттың рейтингісі оқтын-оқтын жаңарып отырады. Материал дайындалып жатқан кезде елордамыз жетінші орыннан отызға түсіп, кейін он үшке, артынан оныншы орынға көтерілді. Сол себептен де мәлімдемені үкімсіз қалдыруды жөн көрдік.

IQAir сайтындағы дерекке сенсек, Астанадағы ауа көрсеткішінің индексі (AQI) 169-ға тең. Бұл көрсеткіш 5 қаңтарда (Телеарнаның YouTube парақшасына материалдың шыққан күні) 151 болған.

Сайттың 2019 жылды қорытындылаған дерегіне сай, ең лас қалалар қатарына Астана кірмеген. Алғашқы жиырмалықты Үндістан, Қытай, Пәкістан қалалары бермей келеді.

Ауа ластану деңгейі туралы ақпарат беріп отыратын келесі World Air Quality Index сайты ақпаратына сай, Қазақстан ауасы ластанған ел ретінде он бесінші орында тұр (12.01.2021, 14:30 дерегіне сай). Ол жердегі деректе Қазақстандағы ауасы ең қауіпті қала—Алматы.

Қазгидрометтің 2020 жылы 29 желтоқсан мен 2021 жылдың 4 қаңтары аралығындағы атмосфера туралы ақпаратында Алматыда шекті нормадан асу фактісі 1246 рет тіркелсе, Астанада 1794 рет тіркелгені жазылған.

Думан Терликбаев
Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің студенті. Республикалық "Жас Алаш" газетінде журналист-фрилансер қызметін атқарған.