Асқар Мамин экономиканың өсімі туралы қаншалықты рас сөйледі?

Қарашаның 18-де өткен сенат отырысында премьер-министр Асқар Мамин экономикалық өсімге қатысты бірнеше дерек келтірген. Factcheck.kz премьер сөзін тексеріп, қаншалықты рас сөйлегенін анықтады.

Премьердің айтқаны (тайм-код: 47:05)

Мәлімдеме: Осы жылдың 10 айының көрсеткіштері бойынша, еліміздің экономикасы 3,5% өсім тіркелген. Соның ішінде негізгі драйверлер — өңдеу өнеркәсібі 5,3% өсімі, құрылыс саласы 7,6% өсімі тіркелген. Шетелдік инвестициялар 30,4% өсті. Соның ішінде тау-кен саласын ескермесек, негізгі капитал инвестициялар 14%-ға өсті.

Асқар Мамин

Үкім: Шындыққа жақын

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, қысқа мерзімді экономикалық индикатор биыл қаңтар-қазан аралығында 3,9%-ті құраған, өнеркәсіп былтырғы сол айларға қарағанда 2,9%-ке, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 5,3%-ке, ал құрылыс жұмыстары ай қорлануымен 7,6%-ке өскені рас. Ұлттық банк дерегінше, шетелдік инвестиция шынымен-ақ биыл 2020 жылдың II тоқсанына қарағанда 30%-ке, оны ішінде тау-кен қазбасыз және карьерсіз 33%-ке артқан.

Мәлімдеме: Былтыр осы салалар бойынша, өңдеу өнеркәсібі 4%-ға өсті, құрылыс саласы 11,6%-ға өсті, сондықтан былтыр да осы салалар бойынша жоғары өсім болды.

Асқар Мамин

Үкім: Шындық

Бюро дерегіне сай, 2020 жылы өңдеу өнеркәсібі 3,9%-ке, ал құрылыс жұмыстарының нақты көлем индексі, 12 ай қорытындысы бойынша, 11,6%-ке өскен.

Мәлімдеме: Биыл өңделген тауарлар экспорты 25,5%-ке өсті.

Асқар Мамин

Үкім: Шындыққа жақын

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, биыл қаңтар-қыркүйек арасындағы өңдеу өнеркәсібінің экспорты 12 058 млн долларды құрап, былтырғы сол уақытқа қарағанда 23,2%-ке артқан.

Ал ауылшаруашылығының өңделген тауарлары былтыр қаңтар-қыркүйек аралығында 2 130 553,6 тоннадан биыл сол уақыт аралығында 1 821 287,2 тоннаға, яғни 14,5%-ке түскен (2021 жылғы дерек алдын-ала жасалған).

Мәлімдеме: Жалпы экспорт биыл бізде 20%-ке өсті.

Асқар Мамин

Үкім: Шындық

Ұлттық статисткиа бюросының дерегіне сәйкес, 2021 жылғы қаңтар-қыркүйекте еліміздің сыртқы саудасы 2020 жылғы сол уақытпен салыстырғанда номинал мәнде 12,7%-ке өскен, оның ішінде экспорт номинал мәнде 20,6%-ке артты.

Мәлімдеме: Экономиканың қалпына келу қарқынын барлық халықаралық қаржы институттары мойындап отыр, былтыр ешқандай рейтингтік агенттік біздің несиелік рейтингімізді төмендетпеді. Керісінше, тіпті кейбір көрсеткіштер бойынша айтарлықтай өсу болды.

Асқар Мамин

Үкім: Шындыққа жақын

Жалпы айтқанда, премьер сөзі шындыққа келеді. Мысалы, халықаралық кердиттік рейтиң жасаумен айналысатын Fitch Ratings-тің 2020 жылғы дерегіне сай, Қазақстан көрсеткіші «‎BBB»‎ деңгейінде, болжамы «‎Тұрақты»‎ болған. Осындай рейтиң жасаумен айналысатын тағы басқа Moody’s компаниясы да «Baa3» деңгейінде, ал Standard&Poor’s-тің де көрсеткіші «BBB-/А-3»-те екенін хабарлаған.

Алайда жағдай премьер көрсеткісі келгендей «‎мінсіз» емес. Мысалы, Fitch Ratings-тің былтыр, тамызда жариялаған рейтиңіне комментарийінде «‎Наурызда қаржы нарығының тұрақсыздығы өршіп тұрған кезде валюта АҚШ долларына қатысты 15%-ке құнсызданды және Қазақстан Ұлттық Банкі мөлшерлемесінің артуымен қатарласа жүрді»‎ деп жазған. Fitch шоғырландырылған фискалды баланстың 2020 жылы ЖІӨ-нің 6,1% дефицитіне дейін нашарлайтынын болжаған, өйткені мұнай бағасының төмендеуіне байланысты оның бюджет кірісі екі есе азаяды деген.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz