Алматыда Украинаны қолдау акциясы өтті

6 наурызда Алматыда түскі сағат 12-де “Сарыарқа” кинотеатрының артында Украинаны қолдау акциясы басталды. Оған басында шамамен 300 адам жиналған. Артынша олардың саны бірнеше мыңға барды. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады .

Жиналғандардың қолында “Соғысқа жол жоқ”, “Соғысты тоқтат!” деген қазақ, орыс, ағылшын тілдерде жазылған плакаттар болды. Олар “Соғысқа жол жоқ!”, “Украина жасасын!”, “Үнсіздік – қолдаумен пара-пар” деп айқайлады.

Митиңнің алдында Қазақстан және Украина әнұрандары айтылды.

Бұған дейін әкімдік аталған митиңді қала орталығындағы Уәлиханов алаңында өткізуге рұқсат бермеген. Билік ол жақта “жол жөндеу жұмыстары жүргізілетінін” айтқан. Сол себепті белсенділер наразылық акциясын орталықтан алшақ жердегі “Сарыарқа” кинотеатрының артында өткізуге мәжбүр болған. Бұл рұқсат етілген митиң.

Контекст

Ресей президенті Владимир Путин 24 ақпанда Украинаға әскерін кіргізіп, түрлі нысандарды атқылай бастаған. Содан бері мыңдаған адам опат болды, 1,2 млн адам өзге елдерге босып кетті. Қаза болғандар арасында бейбіт тұрғындар бар. Батыс елдері Кремльдің әрекетін қатаң айыптап, санкция салды.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz