Алматыда полиция құрсауында тұрған белсенділерді босатты. “Кеттлинг” 10,5 сағатқа созылды

28 ақпан күні 22:30 шамасында Алматыда Балуан Шолақ спорт сарайының алдында полиция құрсауында тұрған “Қазақстанның демократиялық партиясын” құру жөніндегі бастамашыл топтың жақтастары босатылды. Олар полицияның “кеттлинг” дейтін құрсауына күндізгі 12:00 шамасында алынған. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Алматыда полиция құрсауында тұрған белсенділерді босатты. "Кеттлинг" 10,5 сағатқа созылды
Полиция наразылық шеруін өткізбек болған “Демпартия” бастамашыл тобы жақтастарын күндізгі 12:00-ден 22:30-ге дейін ұстап тұрды. 28 ақпан 2021 жыл. Фото: Азаттық радиосы

Белсенділер құрсаудан босап шыққан соң тарап кетпей, полиция қызметкерлері “кеттлинг” ішінен ұстап әкеткен Абзал Достияровты әкелуді талап етті. Талабы орындалмаған соң, белсенділер Бостандық ауданының полиция бөліміне жол тартты.

Полиция құрсауында тұрған Абзал Достияровты полиция 20:30 шамасында күшпен ұстап әкетті. Белсендінің не себепті ұсталғаны белгісіз, бірақ ұсталардың алдында ол Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы сыни пікірлерді жиі айтқан.

Құрсауда болғандар қатарында “Демпартия” бастамашы тобының жетекшісі Жанболат Мамай, азаматтық белсенділер Даная Қалиева мен Айгерім Тілеужанова болды.

– Өткенде 10 сағатқа жуық тұрсақ (10 қаңтар күнгі наразылық акциясында да “Демпартия” жақтастары осылай қоршауға алынған), бүгін 11 сағатқа жуық тұрдық. Тура сол “кеттлинг”, тура сол азаптау. Ешқандай айырмашылық жоқ. Биліктің “Қазақстанда бейбіт жиын өткізуге мүмкіндік бар” деген сөзінің бос сөз екенін тағы бір мәрте дәлелдеді, – бастамашыл топ жетекшісі Жанболат Мамай.

Басында полиция құрсауында 40-50 адам болған. Кейін түрлі себеппен қоршау ішіндегі наразылар саны азайған. Кейбірін полиция “сөйлесуге” әкеткен, кейбірі денсаулық жағдайымен шыққан, кейбірін жедел жәрдем қызметі алып кеткен. Құрсау алынған сәтте 24 адам қалған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz