Алматыда ауаның ластануына қарсы митиң өтті

Алматыда сенбі күні түскі сағат 12 шамасында Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда қала ауасының ластануына қарсы митиң басталды. Оған шамамен 100-150 адам жиналды. Екі сағатқа созылған шара кезінде қала экологиясы ғана емес, көрші елдердегі күрделі ахуал айтылды. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Митинг Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алып, үнсіздік жариялаудан басталды. Митиңге жиналғандар Ресейдің Украинаға соғыс ашуын айыптап, украиналықтарға қолдау білдірді.

Әкімдік өкілдері мен полиция ұйымдастырушыларға Украинадағы жағдайды айта бермеуді талап етті, әйтпесе шараны тоқтататынын айтты.

Митиңде сөйлеген азаматтар билік қала ауасын жақсарту бойынша уәдені үйіп-төккенмен іс жүзінде барған сайын ауа ластанып бара жатқанын, тұрғындардың зардап шегіп жатқанын алға тартты. Шара кезінде қаланың әрбір төртінші тұрғыны тыныс ауру түрлерімен ауыратыны айтылды. Олар экобелсенділер әзірлеген Алматы ауасын тазарту бағдарламасын жүзеге асыруға шақырды. Онда 2025 жылға дейін қаладағы барлық ТЭЦ-ті газға көшіру, ауаға азырақ қалдық шығаратын қоғамдық көлік түрлерін дамыту, жер үйлерге газ тарту, тығыз құрылыс жүргізе бермеу қажеттігі жазылған.

Азаматтардың қолында “Тыныс алғым келеді”, “Таза ауаға бостандық” сияқты ауаның ластануын тоқтатуды талап еткен түрлі плакаттар болды.

Оқиғаны сырттан полиция бақылады.

Митиңді “Алматы таза ауа”, “Халыққа адал қызмет” бірлестігі, Almaty Clean Air and Water Action, қалалық экобелсенділер ұйымдастырған. Шараны өткізуге қала билігі келісім берген.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz