«Әділ сөз»: полиция «әзіл» мен «сатира» ұғымынан бейхабар

«Әділ сөз» халықаралық ұйымы Qaznews24 парақшасының авторы Темірлан Енсебек жайлы мәлімдеме жасады. Бұл туралы ұйымның ресми сайтында жарияланды.

Сөз бостандығын қорғайтын халықаралық ұйымның мәлімдеуінше, шығармашылық — сөз бостандығының ажырамас бөлігі.

“ҚР ҚК 274-бабы (“Көрінеу жалған ақпарат тарату”. – авт.) сатира мен юморға ешқандай қатысы жоқ. Бұл қоғамдық қауіп тудыратын, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне және қоғамның заңмен қорғалатын мүдделеріне айтарлықтай зиян келтіретін ақпарат туралы заң.

«Әділ сөз»

Ұйым Енсебектің парақшасында ескертулер бар екенін де жазды. Яғни, жаңалықтардың фейк пен сатиралық контент екені ескертілген.

Бірақ полиция қызметкерлері “әзіл” және “сатира” ұғымынан бейхабар секілді. Сонымен қатар, полиция сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беретін Қазақстан Республикасының Конституциясын да (20-бап) нашар білуі мүмкін.

«Әділ сөз»

Контекст

15 мамырда полиция Енсебектің үйіне тінту жүргізіп, кеңсе техникасын тәркілеген. Темірлан Енсебектен Алматы полиция департаментінде жауап алғаннан кейін босатты.

Мадияр Бабахан. Тұран университетінің 3-курс студенті.

Factcheck.kz