Абайлаңыз алаяқтар! | ҚР бас паразитологы ұсынған дәрі туралы

Соңғы кезде әлеуметтік желілерде “Паразиттердің кесірінен ауыз қуысынан шығатын жағымсыз иістер” туралы жалған жарнамалар мен ақпарат көбейіп кетті. Тіпті көз алдыңызға шыққан жарнаманы бір рет басу арқылы сол аурудың дәрісін де сатып ала аласыз. Factcheck.kz сондай хабарламаның тағы біреуін тексеріп көрді.

Кеңес Ахматов есімді азамат news-kaz.kz сайтына ҚР Бас паразитологы ретінде сұхбат береді-мыс. Сұхбат барысында ауыз қуысынан шығатын жағымсыз иістер туралы зерттеп жүргендігін айтып, бүгінде оны “бір күнде” жоятын препараттың бар екендігін сөз қылады. “Unitox” деген дәріні өздерінің Паразитология институтымен бірге тәуелсіз жас ғалымдар тобы жасап шығарған дейді.

Абайлаңыз алаяқтар! | ҚР бас паразитологы ұсынған дәрі туралы
news-kaz.kz

Тіпті қарасаңыз “бас инфекционистің” суреті де бар.

Үкім: Фейк және алаяқтық

Кеңес Ахметов – ойдан шығарылған кейіпкер, ал суреттегі кісі – Новосібірде жұмыс жасайтын қырғызстандық нейрохирург Абдырахман Дуйшобаев. КТРК телеканалы “Ресейдегі табысты қырғыз дәрігерлер” туралы сюжет жасаған, соның бірі осы – Абдырахман Дуйшобаев. Қазақстанда Паразитология институты жоқ және Unitox препараты Қазақстанда емес Ресейде жасалған.

КТРК телеканалының You Tube парақшасы

Схема қалай жұмыс жасайды?

Біріншіден, әлеуметтік желідегі жарнама арқылы сізді news-kaz.kz деген түсініксіз сайтқа алып келеді, сайтта ҚР Бас паразитологымен сұхбат жарияланған. Біз, өз кезегімізде, ҚР ДСМ-ның сайтынан Паразитология институтын таппадық, тек Алматы қаласында “ҚазМед” паразитология орталығы ғана бар екенін анықтадық.

PS.kz дерегінше, news-kaz.kz домені 2017 жылы ақпан айында тіркелген. Тіркеуші ұйым – “kaznews kaznews”.

Абайлаңыз алаяқтар! | ҚР бас паразитологы ұсынған дәрі туралы
PS.kz

Екіншіден, сұхбат барысында “бас паразитолог” осынау ауыз қуысынан шығатын иістің салдары ағзадағы паразиттердің көбеюінен деп айтып, институт пен жас ғалымдар тобы жасап шығарған дәріні ұсынады. Алайда, Unitox препараты Ресейде жасалған.

Үшіншіден, news-kaz.kz-те бірнеше жерде Unitox дәрісін жарнамалайды, сілтемеге бассаңыз em.thebestfito.com деген сайтқа кіресіз және осы сайт арқылы бағанағы “бас паразитолог” ұсынған дәріге тапсырыс беруге болады. Мұндағы қисынға симайтын дүние – “қазақстанда жасалған дәрінің” бағасы ресей рублінде жазылған. Ал, em.thebestfito.com сайтының өзі 2020 жылдың мамыр айында Украинаның Киев қаласында Дмитрий Гладунец деген қолданушыға тіркеліпті.

Абайлаңыз алаяқтар! | ҚР бас паразитологы ұсынған дәрі туралы
PS.kz

Сонымен қатар, Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының ресми сайтындағы дәрілер тізімінде “Unitox” препараты туралы ешқандай дерек жоқ.

Қорытынды

  • Интернет арқылы денсаулығыңызға кері әсерін тигізетін әрі белгісіз препараттарды сатып алмаңыз, түсініксіз сайттарға кірмеңіз!
  • ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған дәрілерді ғана пайдаланыңыздар!

Естеріңізге сала кетейік, біз осыған дейін бірнеше рет осындай схеманы талдап көрсеткен болатынбыз:

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz