70-ке жуық ел Ауғанстаннан кеткісі келген азаматтарға мүмкіндік беруге шақырды

Еуроодақ пен 50-ге жуық ел тәліптерді Ауғанстаннан кеткісі келетін жергілікті тұрғындар мен шетелдіктерге мүмкіндік беріп, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды. Бұл туралы АҚШ-тың мемлекеттік департаменті сайтында хабарланды.

“Ауған халқына және елден кеткісі келетін басқа елдің азаматтарына жол, әуежай, шекара ашық болып, тыныштық сақталуы керек”, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Ауғанстан “билігін қолына алғандар” адам өмірі мен мүлкін қорғауға және ел қауіпсіздігі мен азаматтық тәртіпті қалпына келтіруге жауапты екені жазылған.

Бірлескен мәлімдеме 67 мемлекеттің атынан жасалды. Хатқа қол қойғандардың арасында АҚШ, Еуроодақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі, Германия, Ұлыбритания, Аустралия, Франция, Украина, Гондурас, Эстония және басқа мемлекеттер бар.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz