43 ел Қытайдың репрессив саясатын сынап, Шыңжаңға бақылаушыларды кіргізуге шақырды

21 қазанда БҰҰ отырысында 43 ел Қытайды Шыңжаңдағы ұйғырлар мен басқа да діни және этникалық азшылықтарға қарсы репрессив саясаты үшін сынға алды. Бұған қоса, Шыңжаң автономиялық өлкесіне тәуелсіз бақылаушыларға кіруге рұқсат беруге шақырды.

43 ел қол қойған мәлімдемені Францияның БҰҰ-дағы елшісі Николя де Ривьер оқыды. Мәлімдеме авторлары сенімді дереккөзге сүйеніп, Шыңжаңдағы жағдайға алаңдайтынын айтты.

Отырыста Куба 62 елдің атынан мәлімдеме жасап, Шыңжаңдағы жағдай Қытайдың ішкі ісі екенін айтты. Сонымен қатар, барлық айыптаудың “саяси астары” бар екенін мәлімдеп, айыптың “жалған ақпаратқа” негізделгенін білдірді.

Николя де Ривьер Шыңжаңда адам құқығы жүйелі түрде бұзылып жатқанын дәлелдейтін есеп бар екенін айтты. Оның сөзінше, құжатта азаптау, ар-намысты қорлайтын іс-әрекет пен жазалауға қатысты, сонымен қатар, жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылық туралы деректер бар.

Ал Қытайдың БҰҰ-дағы елшісі Чжан Цзюнь бұл айыптауларды “негізсіз” деді. Оның сөзінше, АҚШ және басқа да қол қойған елдер адам құқығын сылтауратып, Қытайға қарсы саяси мақсатын іске асырып жатыр.

Ортақ мәлімдемеге АҚШ, Еуроодақ елдері, Азияның бірқатар мемлекеті және өзге елдер қол қойған.

Контекст

  • БҰҰ мен халықаралық зерттеушілер 2017 жылдан бастап Қытай Шыңжаң өлкесінде миллионнан аса ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылмандарды лагерьге қамады деп мәлімдеген. Құқық қорғаушылар жүздеген мың адамның діни рәсім жасағаны немесе шетелдегі таныстарымен байланыс орнатқаны үшін негізсіз түрмеге қамалғанын айтқан.
  • Қытай Шыңжаңдағы іс-әрекетін “терроризммен күрес”, ал лагерьлерді “кәсіпке баулитын орын” деп атаған. Пекин батысты Қытайдың “ішкі ісіне араласты” деп сынайды.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz