4.11 | Ескірген iPhone 5c, АҚШ-тағы президент сайлауы, журналист депутатқа “жала жапты” ма?

Apple iPhone 5c смартфонын ескірген өнімнің тізіміне енгізді

Қарашада Apple компаниясының ресми сайтында iPhone 5c ескірген өнімдер тізіміне енгені туралы хабарланды. Осылайша, iPhone 5c “ескірді” деген қауесет расталды.

4.11 | Ескірген iPhone 5c, АҚШ-тағы президент сайлауы, журналист депутатқа "жала жапты" ма?
Фото: Джим Уилсон / The New York Times. Көрнекі сурет. iPhone 5c алғаш рет 2013 жылы қыркүйекте шығарылған еді.

Apple компаниясының ресми мәлімдемесіне сәйкес, ескірген заттар қатарына 5 жылдан астам уақыт бойы шығарылмаған өнімдер жатады.

Пайдаланушылар қызмет алуды жалғастыра алатындығына қарамастан, қызмет шектеулі болады. Яғни, смартфонды жөндеу қажеттілігі туындаған кезде Apple компаниясы компоненттердің болуына кепілдік бермейді.

Журналист депутатқа “жала жапты” ма?

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Юлия Миронова журналист Жанар Асылханованы “жала жапты” деп айыптап, полицияға арыз жазды. Бұл – биыл маусымда “жала жабу” бабы Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстырылғаннан кейін елде ақпарат құралы өкіліне қарсы қозғалған алғашқы іс. Бұл туралы “Азаттық радиосы” жазды.

– Inbusiness.kz сайтында жарияланған мақалада мен басқаратын компанияның 2019 жылы 17,7 миллион теңгеге екі белгі орнатқаны туралы жалған ақпарат жазылған. Республикалық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде де осы мақалаға сілтеген бірнеше материал жарық көрді. Бірнеше күннен кейін мақала өзгертілді, бірақ менен ешкім кешірім сұраған жоқ. Басқа ақпарат құралдарындағы материалдар өзгеріссіз қалды. Олар “қателік” деп түсіндірген осы жағдайдың кесірінен өте көп кері пікір естідім. Біз өз тарапымыздан редакцияға келісімге келуді ұсындық, бірақ олар бас тартты. Бізге соғыс керек емес, журналисті жазалауды көздеп отырған жоқпыз, өркениетті шешімді қолдаймыз. Қазір біз қарсы тарапты осыған шақырып отырмыз, – дейді депутат.

Асылханова депутаттың келісімге келу ниеті туралы сөздеріне таңғалғанын, өйткені ол полицияға бармас бұрын ешқандай келіссөз жүргізбегенін, арызын талабы орындалған жағдайда ғана қайтарып алуға келіскенін айтады.

2020 жылы 17 қыркүйекте Inbusiness.kz порталында Жанар Асылханованың Өскемен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің жарық диоды бар жол белгілерін қалай сатып алғаны туралы мақаласы жарияланған. Материалға сәйкес, байқаусыз, “бір көзден алу” әдісімен тікелей келісімшарт жасау арқылы өткен тендерде мәслихат депутаттары Юлия Миронова мен Станислав Каримовқа тиесілі “Восток-АвтоПром” фирмасы жеңіске жеткен. Каримов сондай-ақ жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша арнайы мониторинг тобының төрағасы қызметін қоса атқарады. Бұл тендер қала тұрғындары арасында қызу талқы туғызған.

АҚШ-тағы президент сайлауы

Бүгін АҚШ-та президент сайлауы ресми түрде аяқталды. Бірақ, Пенсильвания және басқа да штаттарда сайлау аяқталғаннан кейін де бюллетеньді қабылдап, санауға мүмкіндік береді. Қазіргі президент, республикашыл Дональд Трамп пен бұрынғы вице-президент, демократ Джо Байден президенттікке таласып жатыр.

Биыл АҚШ-та сайлау ертерек басталған. Халық пошта, факс, электронды пошта арқылы дауыс беріп жатыр.

Бұл елде президенттік сайлау жүйесі басқаша. Олар әр штат тұрғынының санына байланысты құрылған сайлаушылар алқасы арқылы дауыс береді. Үміткерге сайлаушылар алқасындағы 538 дауыстың кемінде 270-і дауыс беру керек. Сол кезде ғана президент болады.

Әзірше ресми түрде жеңімпаз жарияланбады. 50 штаттың 9-ында дауыс саны есептеліп жатыр.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz