15.09 | Путинге шүйлігу, Қытай-Мьянма қатынасы, Навальный жазылды ма?

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный Германия прокуратурасына Ресей тарапымен тергеу амалдары бойынша жұмыс жасамайтынын айтты. Денесінен “Новичок” тобына жататын удың бар екені анықталған соң, Берлиннің “Шарите” емханасында емделіп жатқан Навальныйге Ресей тарапы Германиядан құқықтық көмек туралы сұрау жолдаған еді. Навальный бұл сауал бойынша жұмыс жасаудан бас тартты. Бұл туралы The New York Times басылымына Германияның анонимді ресми өкілі хабарлады.

Анонимді ресми өкілдің АҚШ басылымына айтуынша, Навальный өзінің жағдайы туралы барлық ақпаратты біледі. Швеция, Франция және Еуропаның басқа елдеріндегі тәуелсіз ғалымдар Алексей Навальныйдан алынған сынамаларда “Новичок” тобына жататын улы заттың барын растағаннан соң Навальный Германия прокуратурасына Ресей тергеушілерімен жұмыс жасаудан бас тартатынын айтқан.

Сонымен бірге NYT басылымының мәліметінше, Навальный “Шарите” емханасында емделіп болған соң Ресейге оралып, жұмысын жалғастырады. Бірақ ресейлік оппозиционер де, оның әйелі және оның ресми өкілдері де бұл ақпарат туралы ештеңе айтпады. Саясаткердің денсаулығы туралы кез-келген ақпаратты Берлин ауруханасы әйелі Юлия Навальная мақұлдағаннан кейін ғана жариялайды.

14 қыркүйекте Берлиндегі “Шарите” клиникасының дәрігерлері Навальныйдың өкпені жасанды желдету аппаратынан ажыратылғанын айтты. Осыған дейін Insider басылымы аурухананың қауіпсіздік қызметі күшейтілген хабарлады. Навальныймен кездесу үшін үш деңгейге бөлінген күзетшілерден өту керек. Оппозиционердің бәрін есіне түсірген сәттен бастап, қауіпсіздіктің ең жоғары деңгейі («Қызыл қауіп») орнатылды.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео “Алексей Навальныйдың улануына Ресейдің жоғары басшылығы тапсырыс беруі мүмкін” деді. Оның айтуынша, Ресейдің жоғары лауазымды шенеуніктері бастамашы әрі шешуші рөл атқаруы ықтимал. Сонымен бірге, Навальныйға жасалған қастандықты зерттеуге басқа да елдерді шақырды.

Франция президенті Эммануэль Макрон Навальныйге байланысты зерттеуге Ресей президенті Владимир Путинге мұқият болуға шақырды. Макрон Путинмен телефон арқылы байланысып, оппозиционерге жасалған әрекет туралы уайымдайтынын жеткізді. Сонымен бірге Франция президенті Германия тарапының осы іске қатысты әр қадамын құптайтынын мәлімдеді.

The New York Times басылымының дерегінше, неміс шенеуніктері Навальныйдың улануына байланысты Ресейге қарсы санкция салуды жоспарлап отыр. Бұған қоса Ресми Берлиннің Еуроодаққа мүше елдерден қолдау күтенін хабарлады.

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный 20 тамызда Томск қаласынан Мәскеуге бағыт алған ұшақта жағдайы күрт нашарлап, ұшқыштар Омбы қаласына қонуға шешім қабылдады. Ол Омбы ауруханасында екі күн жатты. Кейін Берлиннің “Шарите” емханасына ауыстырылды.

Навальный алғаш рет пост жариялады

Алексей Навальныйдың уланғаннан кейін алғаш рет инстаграм парақшасында пост жариялады. Ол өзінің инстаграм парақшасында жағдайының жақсарып қалғанын және басқалардың көмегінсіз демалғанын жеткізді.

Қытай Мьянмамен шекаралас қаланы жапты

Қытай Мьянмамен шекара маңындағы Руили қаласын жауып, халықты жаппай коронавирус тестінен өткізеді. Бұл туралы Аljazeera.com басылымы хабарлады.

Қала басшылығы сейсенбі күні жасаған мәлімдемесінде тұрғындарға үйде отыруға бұйрық бергенін айтты. Сонымен бірге қалаға кіруге және шығуға тыйым салынған. Билік өкілдерінің айтуынша, 210 мың халқы бар Руили қаласының әрбір тұрғыны коронавирус тестінен өтеді. Қалада супермаркет, дәріхана және базарлардан басқа жерлердің бәрі жабылған.

Инфекция Қытай-Мьянма шекарасына жақын бекеттен табылған. Global Times басылымының мәліметінше, коронавирус жұқтырғандар – 32 және 16 жастағы әйелдер.

Мьянма мен Қытайды байланыстыратын Мьюза қаласы қару, лас көше, казино және есірткімен танымал. Руили мен Мьюза қаласы өзен арқылы бөлінген.

15.09 | Путинге шүйлігу, Қытай-Мьянма қатынасы, Навальный жазылды ма?
Сурет: AFP. Руили мен Муза қаласын бөліп отырған өзен.

Руили мэрінің орынбасары Ян Бяньцян тұрақты мекені, жұмысы жоқ адамдарға қалада тұруға уақытша мүмкіндік берілетінін айтты.

Қытай Ұлттық денсаулық сақтау комиссиясының хабарлауынша, сейсенбіде коронавирус жеті адамда анықталды. Барлығы да басқа елден келген азаматтар.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz