1.10 | Таразда өрт, Қарабақтағы соғыс, Навальный Путинді не үшін айыптады?

“Новичок” тобының уымен уланған Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный Der Spiegel басылымына берген сұхбатында өзінің улануына Ресей президенті Владимир Путиннің қатысы болуы мүмкін екенін айтты. Бұл туралы BBC және Reuters басылымы хабарлады.

Бұл қылмысқа Путиннің қатысы бар екенін мәлімдеймін. Себебі бұл жағдайға байланысты басқа айтар нұсқам жоқ. – деді Навальный

Cұхбат барысында Навальный Ресейге оралатынын айтып, қуғындағы оппозиционер болғысы келмейтінін мәлімдеді. Бұған дейін оппозиционердің Ресейге қайтатыны туралы ақпаратты NEW YORK TIMES хабарлаған еді.

1.10 | Таразда өрт, Қарабақтағы соғыс, Навальный Путинді не үшін айыптады?
Сурет: iarex.ru. Алексей Навальный

Қазір мен ешнәрседен қорықпауым керек. Бұл – менің ең басты мақсатым. Мен қорықпаймын. Қолым қорқыныштан емес, удың салдарынан дірілдеуі мүмкін, – деді оппозиционер

Навальный, сонымен қатар, клиникаға халін сұрауға келген Германия канцлері Ангела Меркельге алғысын айтты. Оппозиционер Der Spiegel редакциясына күзетшілерімен келді. Бұл Навальныйдың Берлиндегі “Шарите” клиникасын шыққалы журналистерге берген алғашқы сұхбаты. Қазіргі таңда Алексей Навальный әйелімен Берлинде жалдамалы пәтерде тұрып жатыр.

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный 20 тамызда Томск қаласынан Мәскеуге бағыт алған ұшақта жағдайы күрт нашарлап, ұшқыштар Омбы қаласына қонуға шешім қабылдады. Ол Омбы ауруханасында екі күн жатты, 22 тамызда Берлиннің “Шарите” емханасына ауыстырылды. Навальный 32 күн емделіп, 23 қыркүйекте дәрігерлердің рұқсатымен клиникадан шықты.

2 қыркүйекте Германия үкіметі Навальныйдың “новичок” тобына жататын умен уланғанын хабарлады. Швеция, Франция және Еуропаның басқа елдеріндегі тәуелсіз ғалымдар Ресей опозиционері Алексей Навальныйдан алынған сынамаларда “Новичок” тобына жататын улы заттың барын растады. Германия үкіметінің хабарлауынша, үш тәуелсіз зертхана Навальныйдың анализін тексеріп, осындай шешім шығарды.

Осы аптада Франция президенті Эммануэль Макрон Ресей тарапы Навальныйға не болғанын түсіндіруі керек екенін айтты.

Ресей билігі Навальныйдың улануына қатысы жоқ екенін айтып, Германиядан толық ақпарат беруді сұрады.

Таулы Қарабақта қақтығыс жалғасып жатыр

Таулы Қарабақта бесінші күн қатарынан Армения мен Әзірбайжан арасындағы қақтығыс жалғасып жатыр. Әзірбайжан қорғаныс министрлігі Бакуден 332 км қашықта орналасқан Тертер қаласына армян тарапы тағы да оқ атқанын хабарлады. Бұл туралы BBC жазды.

Әзірбайжан бас прокуратурасының мәліметінше, бейсенбі күні таңертең Тертер қаласындағы автовокзал аумағына артиллериялық снаряд құлап, салдарынан бір бейбіт тұрғын қаза болды. Ал Әзірбайжан басылымдарының хабарлауынша, жарақат алғандар көп. Сонымен бірге, Әзербайжан прокуратурасы төрт күнде 16 қарапайым тұрғынның қаза болғанын айтты. Бұдан бөлек 55 адам жарақат алған. Армения тарапы бұл жағдай туралы мәлімдеме жасамады.

Қақтығыстың бесінші күні БАҚ-та қандай ақпарат жарияланды?

  • Тәуелсіздігін ешбір ел мойындамаған Таулы Қарабақ қорғаныс министрлігінің мәліметінще, Қарабақ армиясы Әзірбайжанның әскери тікұшағын атып түсірді. Сонымен қатар, тікұшақтың Иран елінде құлағаны айтылды.
  • Әзірбайжан билігі құлаған тікұшақ жайлы ақпараттың жалған екенін айтты.
  • Әзірбайжан қорғаныс министрлігі Армения тарапы ракетамен соққы жасап жатқанын мәлімдеп, бұндай қаруды қолдануды тоқтатуға шақырды.
  • Франция президенті Эммануэль Макрон Ресей президенті Владимир Путинмен телефонмен хабарласып, Әзірбайжан мен Армениядағы жанжалды тоқтату жайлы әңгімелесті.

30 қыркүйекке қараған түні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Нью-Йоркте өткен жиынында Таулы Қарабақтағы жағдай талқыланды. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 5 тұрақты және 10 тұрақсыз мүшелері Армения мен Әзірбайжанды келісімге келуге шақырды.

Таулы Қарабақ Әзірбайжан аумағында орналасқан. Тұрғындардың басым бөлігі армян. Таулы Қарабақ 1991 жылы Әзірбайжаннан тәуелсіздігін жариялады. Бірақ әлі тәуелсіздігін ешкім мойындамады. 1992-1994 жылдар аралығында Әзірбайжан Таулы Қарабақты қайтаруға тырысты. Кейін атысты тоқтату туралы келісімге келді. Бірақ ол келісім іске аспады.

Тараздағы өрт

1 қазанда Таразда жер үйдегі өрттің салдарын екі бала қайтыс болды. Бұл туралы Жамбыл облысы полиция департаменті хабарлады.

Сағат таңғы 10-ға жақын полицияға Тараз қаласында өрт болып жатқаны туралы хабар келді. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер өртті сөндірді. Полиция қызметкерлері 2017 және 2018 жылы туған екі кәмелетке толмаған баланың мәйітін тапқан. Болжам бойынша, нәрестелер газдан уланып қайтыс болды. Мәйіттердің жанынан сіріңкенің қорабы табылған.

1.10 | Таразда өрт, Қарабақтағы соғыс, Навальный Путинді не үшін айыптады?
Көрнекі сурет; kartalinka.ru

Жамбыл облыстық полиция департаментінің дерегінше, екі сәбидің әкесі өрт кезінде жұмысында болған. Ал анасы ауруханаға тексерілуге кеткен. Қылмыстық кодекстің 292-бап 3-тармағы (“Екі және одан да көп адамның өліміне апарған өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу”) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, сараптама тағайындалды.

Жамбыл облысы әкімдігі аппарат басшысының орынбасары Қанат Құлшыманов Facebook парақшасында оқиға орнына облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев пен Тараз әкімі Айтқазы Қарабалаевтың барғанын жазды. Ерлі-зайыптыға психологиялық қолдау және жерлеу рәсімін өткізуге көмек көрсетіледі.

Бұндай жағдай биыл бірінші рет болып отырған жоқ. 3 ақпанда Алматы облысы Өстемір ауылында 2 кішкентай бала өрттің салдарынан газбен уланып қайтыс болды. Ал наурызда 15, 9 және 3 жастағы балалар Алматы облысында жер үйдің өртенуінен ажал құшты.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz