Зомби-вирус адамға жұғуы мүмкін бе?

АҚШ-та бұғылар мен бұландар арасында мидың дегенерациясын тудыратын “зомби-вирус” тарағаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде желдей есіп жүр. Вирус жұқтырған жануардың миы зақымданып, есінен айырылып, тіпті адамнан қорқу сезімі жоғалады-мыс. Одан бөлек вирус адамға жұғуы мүмкін деген болжам айтылып жүр. Ауру симптомының әсеріне қарап көптеген халықаралық медиалар бұған “зомби-вирус” деген атау беріп отыр. Оқырманның сұрауы бойынша Factcheckz.kz аталған деректі тексеріп көрді.

Америкалық БАҚ хабарлағандай, Солтүстік Америкада мидың дегенерациясын тудыратын өте қауіпті, емі жоқ жұқпалы ауру тарады.

Интернеттегі ақпарат

Үкім: Шындық

АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) дерегінше, тауысатын созылмалы ауру (chronic wasting disease – CWD) – бұғылар, бұландар, ала бұғылар арасында тарайтын ауру. Бұл ауру Солтүстік Американың кейбір аймақтарында, Канада, Норвегия және Оңтүстік Кореяда тіркелген. Ауру жұқтырған жануар аз уақытта салмақ жоғалтады, ми және жүйке жүйесіне әсер етеді және жүргенде сүріну белгілері байқалады. CWD – көп жағдайда өлімге әкеледі және қазіргі таңда оның вакцинасы жоқ.

АҚШ жабайы табиғат ұлттық денсаулық орталығының 4-қаңтардағы есебіне сәйкес, CWD ауруы кеңінен таралып келеді, қазіргі уақытта АҚШ пен Канаданың 32 штаты мен 4 провинциясында анықталған. АҚШ геологиялық қызметінің мәліметіне сай, ауру алғаш рет 1967 жылы Колорадода тіркелген.

Зомби-вирус адамға жұғуы мүмкін бе?
CWD ауруының таралу деңгейі

Вирустың адамдарға жұғу қаупі бар.

Интернеттегі ақпарат

Үкім: Дәлелденбеген

CDC-дің мәліметінше, адамдар арасында тауысатын созылмалы аурудың (CDW) жұғу белгісі анықталған жоқ. Дегенмен кейбір зерттеулерде бұл аурудың адам тектес приматтарға (маймылдарға) қауіп төндіретіні жазылған. Мысалы АҚШ Ұлттық биотехнологиялық ақпарат орталығының (NCBI) зерттеуіне сәйкес, 2017 жылға дейін CDW ауруы маймылдар арасында байқалмаған. Алайда төрт макаканың қатысуымен болған кейінгі зерттеу нәтижесі вирустың маймыл ағзасында пайда болу мүмкіндігін растады. Дегенмен зерттеу әлі күнге жейін жалғасып жатқандықтан адамдарға жұғу қаупін анықтау қиын.

АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (CDC) бұл вирус адамдар арасында әлі тіркелмесе де сақтық шараларын қолдану керек екенін ескертеді. Әсіресе аңға шыққан тұрғындарға міндетті түрде бұғының не бұланның етін толыққанды тексерістен өткізу керек дейді. Сондай-ақ, ДДСҰ 1997 жылдан бері тауысатын созылмалы ауру (CDW) жұқтырған жануарлардың етін тұтынбауға кеңес береді.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz