Жыл сайын балаларға қарсы қанша қылмыс жасалады?

13 қыркүйекте өткен мәжіліс отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев балаларға қарсы жасалатын қылмыс жайында сөз қозғады. Депутаттың айтуынша, елімізде жыл сайын балаларға қарсы 2 мыңға жуық қылмыс жасалады, яғни күн сайын кемі 6 қылмыс тіркеледі. Сондай-ақ жыл сайын 150-ге жуық сәби қараусыз қалғандықтан терезеден құлап кететінін де атап өтті. Factcheck.kz депутаттың мәлімдемелерін тексеріп көрді.

Тайм-код: 1:37:54

Мәлімдеме: Жыл сайын елімізде балаларға қарсы 2000-ға жуық қылмыс жасалады екен, яғни күн сайын кемі 6 қылмыс тіркеледі.

Елнұр Бейсенбаев, мәжіліс депутаты

Үкім: Шындық

Qamqor.gov.kz мәліметінше, кейінгі 5 жылдың дерегі бойынша балаларға қарсы жыл сайын 2 мыңнан астам қылмыс тіркеледі. Дегенмен күн сайын кемі 6 қылмыс тіркеледі деу орынсыз, себебі қылмыс саны әр күні әртүрлі. Төменнен кейінгі 5 жылдағы жас мөлшері бойынша қылмыс санын көре аласыздар.

Мәлімдеме: Сонымен қатар, жыл сайын 4 мыңнан астам бала бейімдеу және оңалту орталықтарына жеткізіледі.

Елнұр Бейсенбаев, мәжіліс депутаты

Үкім: Шындыққа жақын

ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты балалардың құқығын қорғау комитетінің бізге берген дерегі бойынша, 5 жылдың статистикасын қарасақ әр жылы әртүрлі. Мысалы 2018 жылы 6580 бала жеткізілсе, 2023 жылы қаңтар-тамыз айында 3258 бала бейімдеу және оңалту орталықтарына жеткізілген.

Мәлімдеме: Жыл сайын 150-ге жуық сәби қараусыз қалғандықтан көпқабатты үйлердің терезесінен құлап кетеді.

Елнұр Бейсенбаев, мәжіліс депутаты

Үкім: Шындыққа жақын

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің бізге берген дерегінше, жыл басынан бері 153 бала көпқабатты үйдің терезесінен құлап кеткен. Бірақ депутаттың “жыл сайын 150-ге жуық бала құлайды” деп келтіруі орынсыз. Себебі жалпы контексті қарау үшін кейінгі 4 жылды қарасақ терезеден құлаған баланың саны 150-ге жетпегенін көреміз. 2022 жылы – 123, 2021 жылы – 125, 2020 жылы – 122 және 2019 жылы – 126 бала көпқабатты үйдің терезесінен құлаған.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz