Ыстық ауа-райы тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың көбеюіне әсер етті ме?

15 шілдеде Оrda.kz сайты ыстық ауа-райының адам психологиясына әсер ететіні туралы, бұл тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың артуына ықпал ететіні жөнінде мақала жариялады (тікелей сілтеме, архив). Медиа “Қазақстанда және әлемде тұрмыстағы зорлық-зомбылық пен физикалық агрессия жағдайлары көбейіп барады. Зерттеушілер мұны адамдардың психикасына кері әсер ететін жаһандық климаттың өзгеруімен байланыстырады” деп жазған. Оның ішінде ыстық ауа-райы адамдарға теріс әсер етіп жатыр екен-міс. Сайт әйелдер мен балаларды ыстық күндері қызу қанды адамдардан абай болуға шақырады. Бірақ бұл дерекке қаншалықты сенуге болады? Factcheck.kz ақпараттың рас-өтірігін екенін тексерді.

Үкім: Дәлелденбеген

Расымен ғалымдар күннің ысуы мен тіркелген қылмыстар санының өсуі арасында корреляция барын байқаған (1, 2, 3, 4, 5, 6). Яғни, көп зерттеушінің жазуынша, ауа температурасы көтерілген сайын қылмыс саны арта түскен. Алайда корреляция — себеп-салдарлық байланыс емес, сондықтан біреуі міндетті түрде екіншісіне тікелей әсер етеді дегенді білдірмейді.

Ғалымдар не дейді?

АҚШ-та 2008–2013 жылдары аралығында қоршаған орта температурасының халықтың эмоционал әл-ауқатына әсері туралы сауалнама жүргізілген, оған 1,9 млн америкалық қатысқан. Сауалнама нәтижесіне сай, ыстық ауа-райы расымен адамдардың эмоционал күйіне теріс әсер етеді. Кейбір зерттеулерге сай, күннің ыстықтығы адамдардың бақыт деңгейін де төмендетеді. Психологиялық ғылымдар қауымдастығының сайтыдағы ақпаратқа сәйкес, “Тым ыстық болған кезде, адамдардың ашушаңдығы, физикалық агрессиясы мен зорлық-зомбылық ықтималдығы артады“. Оның үстіне 2017 жылы ғалымдар Финляндиядағы қоршаған ортаның температурасы дені сау еріктілер мен қылмыскерлердің қанында айналатын (уайымды, бақытты және жалпы көңіл-күйді реттейтін) маңызды мидың химиялық заты — серотониннің мөлшерімен байланысты екенін анықтады. Маңыздысы, олар бұл көрсеткіш пен ай сайынғы қылмыс арасындағы байланысты байқаған. Бұл жылу серотонин деңгейін өзгертетінін, ал ол агрессия деңгейіне әсер ететінін білдіреді, дегенмен, серотонин көп себептің бірі ғана.

Агрессияның анықтамасы қарапайым және түсінікті болғанымен, оның шығу тегі күрделі әрі көбіне бір-біріне қарама-қайшы факторларға байланысты. Оған әсер ететін келесідей себептер болуы мүмкін:

Биологиялық себептер:

  • Генетика агрессив мінез-құлыққа әсер етуі мүмкін; кейбір ми құрылымы мен байланыстары агрессив мінез-құлыққа ықпал етеді; кейбір медициналық аурулар агрессияға әкеледі; әдетте нейротрансмиттерлердің саны тым көп не жеткіліксіз болғанда ол да агрессив мінез-құлыққа алып келеді; агрессия гормондарға да байланысты болуы ықтимал; бірқатар фармакологиялық заттар агрессив мінез-құлыққа әкелуі мүмкін.

Психологиялық себептер:

  • Кез келген адам түрлі себеппен агрессив болуы мүмкін екеніне қарамастан, бірқатар нақты диагноздың ерекшелігі — агрессив мінез-құлық. Оларға биполярлық аффектив бұзылыс, шизофрения, топтық деменция, травмадан кейінгі стресстік бұзылулар және жедел стресстік бұзылулар жатады. Сонымен қатар, балалық және жасөспірімдік кезбен байланысты кейбір травмалар, ақыл-ойдың артта қалуы және кейбір тұлғалық бұзылулар агрессив мінез-құлықпен байланысты. Агрессия бірнеше жағдайдың жиынтығының нәтижесі болуы мүмкін. Мысалы, травмадан кейінгі стресстік бұзылуы бар кейбір адам алкоголь ішкеннен кейін зорлық-зомбылыққа бейім болады.

Әлеуметтік-мәдени экономикалық факторлар:

  • Қоршаған орта көптеген деңгейде агрессияға ықпал етуі мүмкін. Оған тұлға аралық, әлеуметтік, топтық, көршілік, экономикалық және мәдени жағдайлар жатады.

Қазақстандағы статистика

Айтпақшы, құқықтық статистика ақпаратына сай, 2022 жылы тіркелген аса ауыр қылмыс саны жаздың күндері басқа мезгілмен салыстырғанда азайған, ең жоғарғы мән сәуірде тіркелген (301 қылмыс). Әйелдерге қарсы жасалған қылмыстық құқық бұзу расымен ең көп шілдеде тіркелген (6 033), екінші орында ақпан (5 798), үшінші орында сәуір (5 745) тұр.

Қыс пен көктемде де әйелдерге қарсы көп қылмыс тіркелгендіктен және аса ауыр қылмыс саны ыстық күндері төмендеп кеткендіктен, агрессияға жаздың ыстығы әсер етті деп айту да қиын.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz