«Ухань-400» вирусы: АҚШ жазушысының «болжамы» манипуляция деп аталды

Фактчекпен айналысатын украиналық сарапшылар Covid-19 коронавирусқа қатысты «қастандық теориясын» жақтайтындардың жаңа дәлелін талдап көрді. Желіде АҚШ фантаст-жазушысы Дин Кунцтің кітабының беттері бар суреттер тарап жатыр. Ол 40 жыл бұрын жазған шығармада бүгінгі вирусты эпидемия туралы болжам айтқан-мыс. «НВ» басылымы келтіріліп жатқан дәлелдердің қай тұсы дұрыс емес екенін және Кунц кітабының бірінші нұсқасында вирус қалай аталғанын түсіндіріп берді.

«Қараңғының көздері» атты роман 1981 жылы жарыққа шықты. Онда басты кейіпкер әйел өзінің қайтыс болған ұлының өлімі неден болғанын анықтағысы келеді. Ол кезінде арнайы жасақта жұмыс істеген агентпен бірігіп іздестіру жұмыстарын бастайды. Соның нәтижесінде олар адамды өлтіруге қауқары бар құпия биологиялық қаруға тап болады. Кітапта «Ухань-400» деп аталатын вирус айтылады. Шығарманың сюжеті бойынша, бұл «маңызды және ең қауіпті биологиялық қару» және ол Қытайдың Ухань қаласының төңірегіндегі зерттеу орталығында жасалған.

«Ухань-400» – тамаша қару. Ол тек адамдарға жұғады. «Ухань-400» мерез сияқты тірі адам ағзасынан тыс жерде бір минуттан артық өмір сүре алмайды», – деп суреттеледі вирус романда.

Әлеуметтік желіде Дин Кунцтің кітабынан алынған парақтар көп жағдайда басқа туындының үзінділерімен қатар жарияланып жүр деп хабарланады. Ол кітап беттерінің Кунцтың шығармасына еш қатысы жоқ, себебі ол басқа АҚШ жазушысы Сильвия Браунның кітабынан алынған үзінді.

Браун өзін медиум, гипнотерапевт және көріпкел деп атайды. Ол өзінің парапсихологиялық орталығын басқарғанымен және келешек туралы даулы болжамдарымен танымал болған. 1992 жылы оған инвестициялық алаяқтық, бағалы қағаздармен ұрлық және махинация жасады деген кінә тағылған. 2008 жылы Браун өзінің кезекті болжамдар топтамасын жариялады. Оның еңбегі «Біздің соңғы күндеріміз: ақырзаман туралы болжамдар мен сәуегейлік» деп аталды.

«Шамамен 2020 жылы пневмонияға ұқсас ауыр ауру бүкіл жер шарына тарап, өкпе мен бронхтарды зақымдайды және барлық белгілі емдеу әдістеріне төзімді болады», – делінген кітаптің бір үзіндісінде.

Фактчек жасаған украиналық авторлардың сөзінше, дәл «Ухань-400» вирусымен байланыс болмаса, бұл «болжам» тым жалпы қорытынды.

Сондай-ақ, Кунц романының бірінші нұсқасында вирустың шыққан жері Ресей екені анықталды. Бұл жерде украиналықтар Snopes порталына сілтеме жасайды. Портал «Қараңғының көздері» романының әртүрлі жылдары шыққан нұсқаларын салыстырып көрген. Зерттеу авторлары 1981 жылы жарияланған кітапта (оның фрагменттері Google Books-та бар) Ухань туралы бірде-бір сөз жоқ екенін, ал биологиялық қарудың алғашқы шыққан жері Қытай емес Ресей деп аталғанын анықтады. Дин Кунцтің 1981 жылы шыққан алғашқы кітабында вирус «Ухань-400» емес, «Горки-400» деп аталған. Себебі бұл ресейлік елді мекеннің атауы бойынша ойдан шығарылған зертханаға қатысты болған.

Алайда, 2008 жылы қайта басылып шыққан (үзінділері Amazon-да бар) кітапта «Ухань-400» вирусы және оның Қытайда шыққаны туралы жазылған. Автор не баспа мұндай түзетулерді не үшін енгізгені – белгісіз. Дегенмен, егер кітапта айтылатын вирустың сипаттамасына тереңірек үңілсек, оның COVID-19-дан айырмашылықтары бар екенін байқауға болады. Қазір әлемде тарап жатқан коронавирустың шығу тегі – табиғи, ал оны жұқтырған адам міндетті түрде қайтыс болады деген жоқ (кітаптағы «Ухань-400» вирусынан адам 100% өледі). Соңында айтатын жайт, COVID-19 коронавирусының инкубациялық кезеңі күндермен және апталармен есептеледі (ал романдағы вирустың инкубациялық кезеңі бар-жоғы – 4 сағат).

Контекст

Қаңтар айының соңында Facebook әлеуметтік желісінде коронавирус пен оған қатысты «қастандық теориясын» тартуға байланысты жалған ақпарат пен фейк жойылатыны мәлім болды. Бұл туралы компанияның ресми парақшасында айтылған.

Коронавирустың таралуына орай пайда болған басқа фейктер туралы мына жерден оқуға болады.

Журналист, медиакритик, фотограф. Работал на ТВ (телеканалы «Алматы», Astana, КТК, 7 канал), в печатных и мультимедийных интернет-изданиях, сотрудничал с проектом «Радиоточка» до его закрытия в 2017 году, занимался медиакритикой в издании «Новый репортёр».

Factcheck.kz