АҚШ-тың Халықаралық даму жөніндегі агенттігінің (USAID) қызметіне қатысты дезинформация, соның ішінде Қазақстан ақпараттық кеңістігінде де тарап, «шетел агенттері» туралы қызу пікірталастарға себеп болды. Бұл риториканы кейбір шенеуніктер де алға тартып жатыр. Атап айтқанда, бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстанның Халық партиясы фракциясының депутаты Магеррам Магеррамовтың «шетелдік демеушілер бөлетін қаражатқа аудит жүргізу қажет» дегені (1, 2, 3, 4, 5) және Ирина Смирнованың шетел агенттері туралы заң қабылдау жөніндегі (1, 2, 3, 4, 5, 6) мәлімдемелері кең тарады.
Factcheck.kz редакциясы Смирнова мен Магеррамовтың манипуляция және жалған мәлімдемелерге баратынына назар аударды. Бұл материалда біз аталған тұжырымдарды талдап, оларға неліктен сыни тұрғыда қарау қажет екенін түсіндіреміз.
USAID және «жастарды азғындату»
Өткен пленарлық отырыста біздің фракция депутаттары еліміздегі USAID қызметіне қатысты депутаттық сауал жолдады. Бұл сауал қазақстандық қоғамды дүр сілкіндірді. Қысқаша айтқанда, азаматтарымызға шетелден біреудің қоғамды шошытып, жастарымызды азғындататын жат құндылықтарды таңуы ұнамайды. Қазақстандықтар бөтен ойындардың тұтқыны болғысы келмейді.
Эмоциялық мәнге ие «шошытатын» және «азғындататын» секілді сөздерді қолдану аудиторияда бірден эмоциялық реакция тудырады. Алайда, депутат бұл тұжырымдардың нақты нені білдіретінін және USAID қызметінің жастарды «азғындатуға» қалай ықпал ететінін ашып көрсетпейді.
Қазақстандықтар бұл туралы шамасы Смирнованың партияласы Магеррам Магеррамовтың 5 ақпандағы сауалынан білуі керек болған шығар. Смирнова қоғамды «дүр сілкіндірген» деп атаған сауалға дәл осы депутаттың сұранысы негіз болды. Алайда, Магеррамовтың сөзі оған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі таратқан жалған мәлімдемелерге сүйенген.
Магеррамов өз сөзін USAID-ті «есі ауысқан радикалдар басқаратын қылмыстық ұйым», және ол «зиянды жобаларды» қаржыландырады деген мәлімдемеден бастайды. Бұл негізсіз айыптаулар АҚШ-тың ішкі саяси текетірестердің бір бөлігі екені айдан анық.
USAID Қазақстанда ел тәуелсіздігін алған кезден бастап (1992 жылдан бері) жұмыс істеп келе жатқанын және денсаулық сақтау, экономика, қаржы, құқықтық жүйе және басқа да салаларда Қазақстан Үкіметіне қолдау көрсеткенін еске салайық. Бұл «қылмыстық ұйым» болса, билік оны әлдеқашан байқар еді.
Одан әрі Магеррамов Трамп әкімшілігінің USAID-тің кейбір жобаларға қаржы бөлгені туралы мәлімдемесін сөзбе-сөз қайталайды:
Мысалы, USAID Колумбиядағы «трансгендерлік операға» 47 000 доллар, Перудағы «трансгендерлік комикске» 32 000 доллар, Египеттегі туризмді қаржыландыруға 6 млн доллар, Гуатемалада «жыныс ауыстыру» мен «ЛГБТ-активизмге» 2 млн доллар, Сербиядағы жұмыс ұжымдары мен іскерлік қауымдастықтарда теңдік пен инклюзивтілікті ілгерілетуге 1,5 млн доллар бөлген. Сондай-ақ, бұл ұйым Ауғанстанда көкнәр өсіру мен героин өндіруді қолдау мақсатында «ирригациялық арналар, ауыл шаруашылығы техникасы мен тіпті тыңайтқыштарды» қаржыландыру үшін жүздеген миллион доллар жұмсаған. Сонымен қатар бұл ұйым «Аль-Каида» содырларына жүздеген мың порция азық-түлік жіберген.
Магеррам Магеррамов
Бұл көбіне фактілерді бұрмалау және дезинформация. Бұл тармақтардың әрқайсысын The Washington Post, The Associated Press және The New York Times журналистері тексеріп, мынадай қорытындыға келген.
- Колумбия мен Перудағы жобаларды USAID емес, АҚШ Мемлекеттік департаменті қаржыландырған, ал «трансгендерлік опера» және «трансгендерлік комикс» сияқты тіркестер – оқиғаны қатты жалпылау және жеңілдету. Бірінші жағдайда сөз америкалық композитор Лаура Каминскидің As One атты танымал операсының қойылымы туралы болып отыр: оның басты кейіпкері – трансгендер тұлға. Екінші жағдайда Перу Білім министрлігіне әлеуметтік мәселелер мен психикалық денсаулық тақырыптарын қамтитын, ЛГБТК+ өкілі кейіпкері бар комиксті әзірлеу үшін берілген грант жайында айтылған.
- USAID 2 млн долларды жынысты ауыстыруға емес, Гуатемаладағы ЛГБТИК+ ұйымдарының медициналық көмекке және басқа да қызметтерге қол жеткізуін жақсарту, сондай-ақ экономикалық құқықтар мен мүмкіндіктерді кеңейту үшін қолдау көрсетуге бөлген. Сонымен қатар USAID-тың ЛГБТИК+ бағдарламаларымен жұмыс істеген бұрынғы жоғары лауазымды қызметкері The Washington Post басылымына берген сұхбатында, USAID-тың трансгендер адамдарға көрсететін көмегіне хирургиялық немесе гормондық араласулар кірмейтінін мәлімдеді.
- USAID Египетке 6 млн долларды туризмді дамытуға емес, Солтүстік Синай халқының білім алу мүмкіндіктерін кеңейту және өмір сүру құралдарын нығайту үшін бөлді. Қаражат Трамптың алғашқы президенттік мерзімінде бөлінген және ауылдағы қауымдастықтар үшін көлікке қол жеткізуді қамтамасыз ету мен отбасыларды экономикалық бағдарламалар арқылы қолдауға бағытталған.
- USAID-тың Ауғанстанда көкнәр өсіру мен героин өндірісін қолдағаны туралы мәлімдеме — жалған ақпарат. АҚШ-тың Ауғанстанға басып кіруі билік вакуумын тудырып, оны көкнәр өсірушілер пайдаланып кетті. Сол кезеңде USAID баламалы даму жобаларын қаржыландыруы керек еді, бірақ олар сәтсіз аяқталды. Алайда, бұл агенттіктің есірткі өндірісін қолдағанын білдірмейді.
- USAID соғыс салдарынан зардап шеккен Сирия азаматтарын азық-түлікпен қамтамасыз етуді жоспарлады. Алайда, кейінірек қаржы бөлінген ҮЕҰ басшысы 9 млн долларды қарулы топтарға аударғаны анықталды. Агенттік кінәліні әшкерелеп, оған 12 айып бойынша іс қозғады. Осылайша, Ақ үй USAID-ты алаяқтық жасады деп айыптады, бірақ шын мәнінде USAID бұл заңсыздықты өзі анықтап, тергеген-ді.
Магеррамовтың мәлімдемесіндегі жалғыз дұрыс ақпарат – USAID-тың Сербиядағы жұмыс ұжымдары мен іскерлік қауымдастықтарда теңдік пен инклюзивтілікті дамытуға 1,5 млн доллар бөлгені.
Одан кейін Магеррамов Орталық Азияға қатысты пікір білдіреді:
Біздің өңірге келсек, 2022-2025 жылдары USAID Орталық Азияда адам құқықтары мен теңдікті нығайтуға 2 миллион доллар бөлді. Бәрі дұрыс сияқты көрінеді, бірақ бағдарламаның орындаушысы – Еуропалық халықаралық лесби, гей, бисексуал, трансгендер және интерсекс ассоциациясы. Бұл ұйым – АҚШ Үкіметінің Қазақстандағы бағдарламаларын жүзеге асыратын ұйым. Әйелдер марштары, лесби парадтар, Алматы қаласының орталығында ұйымдастырылған шерулер мен оларды өткізуге жасалған әрекеттер – осындай ұйымдардың жұмысының нәтижесі.
Магеррам Магеррамов
USAID Орталық Азияда адам құқықтары мен теңдікті нығайту мақсатында Еуропалық халықаралық лесби, гей, бисексуал, трансгендер және интерсекс ассоциациясына (ILGA-Europe) 3,35 миллион доллар бөлді. Шамасы спикер бұл фактіні қолайсыз деп санайды және оны жағымсыз құбылыс ретінде көрсеткісі келеді. Алайда, іс жүзінде бұнда заңға қайшы ештеңе жоқ.
ILGA-Europe – Еуропа мен Орталық Азиядағы ЛГБТИ құқықтарын қорғау саласында 30 жылдық тәжірибесі бар халықаралық үкіметтік емес ұйым. Ол 54 елден 700-ге жуық ұйымды біріктіреді.
Депутат «мұндай ұйымдардың» қызметін Алматыда өткен әйелдер марштары мен «лесби парадтарымен» байланыстырады. Кейінгі 9 жыл ішінде Алматыда 8 наурыз құрметіне тек үш әйелдер маршы өткен (барлығы 2022 жылға дейін), оның ішінде әкімдік тек біреуіне рұқсат еткенін айта кетейік. Ал «лесби парадтар» туралы айтсақ, Қазақстанда мұндай ұранмен ешқандай іс-шара өткізілген жоқ.
Сондай-ақ, мәжіліс депутаты әйелдердің құқықтарын қорғауға бағытталған әйелдер марштарын жақтырмайтыны түсініксіз.
Жалпы, бұл фактілердің таңдап берілуі манипулятивті сипатқа ие, өйткені Магеррамов USAID ұйымының Қазақстандағы түрлі жобаларға, соның ішінде үкіметтік жобаларға бөлінген гранттар туралы айтпай, тек қоғамның белгілі бір бөлігінде теріс реакция тудыруы мүмкін бір ғана шығынды атайды.
Магеррамов «адам құқықтары деген желеумен бөтен идеология насихатталып, жастар мен өскелең ұрпақ бұзылып жатыр» дейді. Бұл – пропаганданың классикалық әдісі. Онда ЛГБТ адамдардың құқықтарын қорғау мен «адамды бұзу» ұғымдары теңестіріледі, дегенмен бұл екеуінің арасында ешқандай байланыс жоқ.
USAID Қазақстандағы қызметінің қорытындысы туралы қоштасу видео жариялады ма?
Деструктивті БАҚ және шетел агенттері туралы заң
Ирина Смирнова да партиялас әріптесі сияқты өз ұстанымын дәлелдеу үшін Дональд Трамптың айналасындағы адамдардың сөздерін келтіреді.
АҚШ президенті Трамптың арнайы өкілі америкалық салық төлеушілер қаржыландыратын «Азат Еуропа радиосы» мен «Америка дауысы» радиосын жабуды ұсынды. Бұл бастаманы Илон Маск бірден қолдады. Ол бұл БАҚ-ты ешкімге қызық емес, радикалды ессіздер өзара сөйлесетін, жылына миллиард доллар ысырап ететін ақпарат құралы деп атады. USAID жағдайындағыдай америкалықтардың өздері қаржыландыратын мемлекеттік БАҚ-тың деструктивтілігін мойындап отыр… Бүгінде «Азаттық» сайтына кірген кез келген адам бұған көз жеткізе алады. Мұнда жаңа мектептің немесе жолдың салынуы, жүргізілген реформалар, қазақстандықтардың жетістіктері туралы бірде-бір материал жоқ, тек сын мен негативті ақпарат тарату ғана бар.
Ирина Смирнова
Депутат Трамптың арнайы өкілінің және Масктың сөздерін америкалықтардың пікірі ретінде көрсетіп, асығыс жалпылау логикалық айласын қолданады. Алайда олардың мәлімдемелері АҚШ-тың барлық салық төлеушісінің ұстанымын білдірмейді.
Смирнова «деструктивтілік» туралы пікірін «Азаттық радиосының» ешқандай позитивті материалы жоқ деген мәлімдемемен толықтырады. Бірақ оны жоққа шығару оңай — басылымның беттерінен сын немесе негативті ақпаратсыз мақалаларды табу қиын емес (мысалы, мұнда, мұнда, мұнда және мұнда). Ең бастысы, журналистердің позитивті жаңалықтар жазуға немесе сынды мақтаумен теңестіруге міндетті екендігі туралы ешқандай ереже немесе заң жоқ. Сонымен қатар Қазақстан билігі жыл сайын салық төлеушілердің қаржысына мемлекеттік имиджді қалыптастыруға бағытталған ауқымды ақпараттық тапсырыс орналастырады.
Смирнованың мұны әдейі жасағаны белгісіз, бірақ осындай мәлімдеме жасай отырып, ол сынды деструктивтілікпен теңестіреді. Бұл кем дегенде – логикаға қайшы, ал негізінде – медиақоғамдастық үшін алаңдатарлық белгі.
Бір қызығы, шетелдік қаржыландыру туралы сөз қозғағанда, депутат басқа ақпарат құралдарын, мысалы, Ресейден қаржы алатын медианы мүлде ескермейді.
Осылайша, Ирина Смирнова ұсынысындағы «шетел агенттері» туралы заңға жақындай түседі.
Шетелдік субъектілердің мүддесі үшін әрекет ететін тұлғаларға қатысты заңдардың бірі АҚШ-тың 1938 жылы қабылданған «Шетел агенттерін тіркеу туралы» заң саналады […] Сарапшылар АҚШ-тың құқықтық тәжірибесінің мол екенін атап өтеді, мысалы, қаржыландырудың ашықтығы, саяси және коммерциялық ықпалды нақты ажырату, лоббистер мен ықпал агенттерін мемлекеттік тіркеуге алу, олардың қызметін бастамас бұрын міндетті түрде ақпаратты жариялау, оның ішінде ақпараттық материалдарды белгілеу және тіркелген агенттердің дерекқорын жариялау, сондай-ақ тіркеу тәртібі мен қызмет талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік енгізу сияқты негізгі қағидалар бойынша тәжірибесі бар.
Ирина Смирнова
«Құқықтық Медиа-Орталық» ҚҚ заңгері Гүлмира Біржанова бұл жерде ұғымдарды алмастыру байқалатынын айтады. АҚШ-та шетел агенті ретінде ел азаматтары емес, шетел үкіметтерінің, саяси партиялардың өкілдері тіркелуге міндетті.
«АҚШ-та адам құқықтары, демократия және құқық үстемдігі салаларында қызмет ететін және шетелден қаржы алатын азаматтық қоғам ұйымдары шетел агенті ретінде тіркелуге жатпайды. FARA (шетелдік агенттерді тіркеу туралы заң) реестріне коммерциялық ұйымдар мен шетел мемлекеттерінің өкілдіктері енгізіледі. Жиі айтылатын Ресей Федерациясының заңын еске алсақ, онда олардың атауынан басқа ешқандай ортақтығы жоқ», — деп атап өтті Біржанова.
Оның айтуынша, салық заңнамасы мен «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңда ақпаратты белгілеу (маркировка) талабы қазірдің өзінде қарастырылған. Сонымен қатар бұл талапты көбіне грант берушілер де бекітеді.
«Гранттық келісімшарттарға сәйкес, ұйым өз материалдарында, хабарландыруларында, іс-шараларында грант берушінің логотипін көрсетуге тиіс. Келісімшарттың да заңды күші бар екенін айта кету керек. Одан бөлек, көп жағдайда келісімшарттарда қаржылық қолдауды көрсету саясаты қамтылады», — деп атап өтті заңгер.
Гүлмира Біржанова сондай-ақ Қазақстан заңнамасында шетелден қаржыландырудың ашықтығы қалай реттелетінін атап өтті. Заңға сәйкес, үкіметтік емес ұйымдар мыналарды орындауы қажет:
- Уәкілетті органға статистикалық деректерді ұсыну;
- Мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органға және мемлекеттік кірістер органдарына өз қызметі туралы ақпарат беру;
- Мемлекеттік кірістер органдарына алынған қаражатты пайдалану жөнінде есеп беру;
- Жыл сайын өз қызметі туралы ақпаратты, соның ішінде құрылтайшылары, мүлкі, қаржыландыру көздері мен қаражаттың жұмсалу бағыттары туралы мәліметтерді жариялау;
- Жыл сайын 31 наурызға дейін уәкілетті орган белгілеген тәртіппен өз қызметі туралы, соның ішінде құрылтайшылары, мүлкі, қаржыландыру көздері мен қаражаттың жұмсалу бағыттары туралы ақпаратты Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті органға тапсыру.
«Ақыр соңында, басты мәселе – шетелден қаржы алатын ұйымдардың ашық тізілімі Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында жарияланады», – деп толықтырды Біржанова.
Шетелден қаржы алатын жеке және заңды тұлғалардың ашық тізімін қаржы министрлігі алғаш рет 2023 жылдың қыркүйек айында жариялады. Тізімге екі жүзден астам субъект енгізілді. Олардың қатарында азаматтық қоғам ұйымдары, құқық қорғау және медиа ұйымдары, журналистер, зерттеу орталықтары мен жеке компаниялар бар. Сонымен қатар ашық қолжетімділікке олардың жеке деректері де шығарылды.
Азаматтық қоғамға қысым: шетелден қаржы алатындар тізімі неге алаңдатуы керек?
Ақпан айының басында қаржы министрлігі 2025 жылдың 20 наурызына дейін реестрді жаңартуға уәде берді.
Қорытынды
Депутаттар Смирнова мен Магеррамовтың шетелден қаржы алатын ұйымдарды қатаң тексеруге және «шетел агенттері туралы» заңды енгізуге қатысты үндеулері көбіне Дональд Трамп әкімшілігі таратқан, кейін әлеуметтік желілер мен БАҚ-та, соның ішінде Қазақстан ақпараттық кеңістігінде кеңінен тараған жалған ақпаратқа негізделген. Бұл спикерлер тек дезинформацияны таратып қана қоймай, Трамптың айналасындағы тұлғалар жиі қолданатын даулы әрі арандатушы тұжырымдарға ешбір шүбә келтірмей, фактчекиң жасамай қайталайды.