Азаматтық қоғамға қысым: шетелден қаржы алатындар тізімі неге алаңдатуы керек?

2023 жылы 20 қыркүйекте Қазақстан қаржы министрлігі шетелден қаржы алатын жеке тұлғалар мен ұйымдардың тізімін жариялады. Тізімдегі 240-қа жуық субъектінің арасында Freedom House, Норвегиялық Хельсинки комитеті, Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы, Reuters және Соғыс пен бейбітшілікті жариялау жөніндегі институт сияқты азаматтық қоғам, құқық қорғау және медиа ұйымдар бар. Реестрге танымал журналистер, ғылыми орталықтар мен жеке компаниялар да енген. Бұған алаңдауға айтарлықтай негіз бар. Өйткені ол Ресей Федерациясындағы «шетелдік агенттер туралы» заң аясында қабылданған шараларды еске түсіреді және халықаралық құқықтық актілерде жазылған жеке бас құқығы мен кемсітпеу принципін қоса алғанда негізгі принциптерді бұзады.

Қазақстанда шетелден қаржы алушылар тізімінің жариялануы елдегі азаматтық қоғам мен сөз бостандығының жай-күйіне қатысты бірқатар сұрақ туғызады. Билік азаматтық қоғам ұйымдарын, белсенділер мен журналистерді мемлекетке қауіп төндіретін ықтимал қауіп ретінде көрсету үшін 2013 жылғы «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңды пайдаланып жатыр.

Мұның салдары қандай болуы мүмкін?

Салық және басқа да бюджет төлемдерін қадағалайтын Қазақстанның мемлекеттік кірістер комитеті шетелден қаржыландыруға қатысты жаңа заңнама халықтың сенімін нығайтып, ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған деп мәлімдейді. Дегенмен, Freedom House шетелден қаржыландырылатын ұйымдардың тізімін жариялау оларды «мемлекеттік және мемлекеттік емес субъектілердің қауіп-қатері мен қысымына» ұшыратуы мүмкін деп болжайды. Реестрде жеке тұлғалардың (ЖСН) да, ұйымдардың (БСН) да аты-жөні мен салықтық сәйкестендіру нөмірлері бар.

  1. Жеке өмірге қол сұқпау құқығы

Мұндай тізімнің жариялануы Қазақстан Конституциясының нормаларына, мемлекет қолдайтын деректерді және жеке басты қорғаудың халықаралық стандарттарына қайшы келеді. Қазақстан Конституциясының 18-бабының 1-тармағында (1995 ж.) әр адамның «жеке өмірге қол сұғылмауына» құқығы бар екені көрсетілген. 2013 жылғы «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» туралы заң мыналарды қамтамасыз ету үшін деректерді қорғаудың маңызды екенін көрсетеді: а) адамның жеке басына қол сұғылмау құқықтары; б) оның тұтастығы мен қауіпсіздігін сақтау; в) құпиялылықты сақтау және г) деректерді заңсыз жинауға және пайдалануға жол бермеу. Мұндай реестрді құру Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 17-бабына қайшы келеді. Онда әр адамның қандай да бір жолмен жеке өміріне қол сұғылмау құқығы бар екені жазылған.

  1. Келісім алу кезінде деректерді қорғау стандарттары

Қазақстанда 2013 жылы қабылданған «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңда да жеке деректерді таратуға, оны пайдалануға дерек иесінің келісімімен ғана рұқсат етілетіні баса айтылған. Деректерді қорғаудың жалпы ережесі (GDPR) — Еуроодақтың негізгі құқықтарының Жарғысына сәйкес, деректерді қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған заң. Онда дербес деректерді өңдеуге әдетте «заңмен рұқсат етілгенге дейін немесе дерек иесі өңдеуге келісім бергенге дейін» тыйым салынғаны атап өтілген. Келісім ақпараттандырылған әрі нақты болуға тиіс. Бұл дегеніміз, адам деректерді өңдеудің сипаты мен мақсаттары туралы хабардар болуы керек. Содан кейін ол өзінің келісімін растау немесе қабылдамау арқылы өз ұстанымын нақты білдіруі қажет.

Оның негізгі мәніне байланысты осы талқылауда ескеру қажет тағы бір маңызды құжат – Еуропа Кеңесінің 108+ конвенциясы. Бұл Жеке деректерді өңдеуге байланысты жеке тұлғалардың құқықтарын қорғау туралы Конвенция. Осы Конвенцияның 5-бабының 1-тармағына сәйкес деректерді өңдеу оның көзделген мақсатына қатысты «пропорционалды» болуға және онда «саналы таңдау еркін көрінуге» тиіс. Егер дерек иесі орынсыз қысымға ұшырап я болмаса оны кедергісіз қайтарып алу мүмкіндігінен айырылса, келісім заңды саналмайды.

Қазақстан билігі шетелдік қаржыландыру реестріне енгізер алдында жеке немесе заңды тұлғалардың келісімін сұрамайды. Ресей Федерациясында да осындай тәжірибе бар екенін байқауға болады. Онда да субъектілердің жеке деректерін қоғамға қол жетімді етуге, таратуға келісім сұрамайды. Ресейдегі «шетел агенттері» деп аталатын заң да мемлекетке өз өкілеттіктерін асыра пайдалануға кең мүмкіндік береді. 2017 жылдан бастап АҚШ пен Германия билігі құқық қорғаушы Валентина Череватенконы айыптау үшін осы заңды қолдану жағдайларын тіркеді, алайда айыптар тез алынып тасталды. Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясы басталғалы бері «шетел агенттері» туралы заң 2023 жылдың сәуірінде Владимир Кара-Мурза сияқты белсенділерді Ресей қарулы күштері туралы жалған ақпарат таратты және «Қажетсіз ұйыммен байланысы бар» деген айыппен соттау үшін қолданылған. Белсенділерге қарсы мұндай тізімдердің қолданылуын ескере отырып, Қазақстанда оларға шабуыл жасау немесе олардың жұмысын жалғастыру үшін қаржыландыруды тоқтату үшін осы ақпаратты теріс мақсатта пайдалану қаупі туындауы мүмкін. Қазақстан салық органдарына деректерді келісімсіз өңдеуге мүмкіндік беретін ерекше жағдайға қарамастан, тізімді жариялау бұл норманы азаматтық қоғамға қарсы пайдалану деп есептеледі.

  1. Кемсітпеу принципі

Үкімет бұл заңнамалық өзгерісті үлкен ашықтыққа қол жеткізу құралы ретінде ұсынғанымен, жарияланған деректер базасына мемлекеттік қызметкерлер мен лауазымды тұлғалар енбеген. Сондай-ақ, одан Қазақстан Республикасымен екіжақты немесе көпжақты келісім жасасқан шетелдік субъектілерден қаржы алатын ұйымдар алынып тасталған. Егер реестр мақсаты ашықтық пен сенімді арттыру болса, мұндай келісімдерге қол қойған шетелдік субъектілер үшін ерекшеліктердің неліктен талап етілетіні түсініксіз. Заңның осындай селективті болуы Қазақстан Конституциясының 14-бабына және Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 26-бабына қайшы келеді. Бұл екі заң да кемсітпеу мен заң алдындағы теңдіктің маңызын атап көрсетеді. Бұл ерекшеліктер тізімді жариялауды заңсыз ететін үкіметтің азаматтық қоғамға қарағанда, өзіне деген көзқарасындағы қос стандартты анық көрсетеді.

Контекст

Қазақстан үкіметінің кейінгі әрекеттерін мемлекеттің 2015 жылдың қазанынан бастап жүргізіп келе жатқан жалпы іс-қимыл бағытының бір бөлігі екенін байқауға болады. Ол кезде қазақстандық сенаторлар үкіметтік емес ұйымдарға (ҮЕҰ) қатысты шектеулер мен есеп беру талаптарын енгізетін парламенттік заңға түзетулер енгізуді ұсынды. Human Rights Watch ұйымының пікірінше, үкіметтердің үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру көздерін қайта қарауға құқылы болғанымен, жаза қолдану және еркін араласу үшін негіз ретінде түсініксіз сөздерді қолдануы қарсылық туғызады. 2016 жылы Қазақстанның салық заңнамасы мынадай мақсаттар үшін шетелден қаржы алатын және пайдаланатын ҮЕҰ және басқа да ұйымдар үшін есеп беруге қосымша талаптар енгізді: а) құқықтық көмек көрсету; б) социологиялық зерттеулер жүргізу немесе в) деректерді жинау, талдау және тарату. Енді салық органдары заң бұзушылық анықталған жағдайда айыппұл салуға немесе қызметті уақытша тоқтатуға құқылы. Заңнаманы тұжырымдаудың екіұшты болуын жеке проблема екенін атап өту маңызды, себебі оны әртүрлі түсінуге болады.

2018 жылғы ақпанда Қазақстан қаржы министрі шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан қаржы алатын тұлғалардың деректер базасын құру туралы бұйрыққа қол қойды. Қаржы министрі 2023 жылдың 13 наурызында бұл бұйрығын (Қазақстан Салық кодексінің 29-бабына сәйкес) өзгертіп, «реестр» деп аталатын бұл дерекқордың www.kgd.gov.kz уеб-сайтында қол жетімді болатынын атап көрсетті. Бұл сайт Қазақстан Республикасы қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің ресми порталы.

2020-2021 жылдар аралығында Қазақстанның салық органдары қаржылық есеп беру пен декларация талаптарын бұзғаны үшін оннан астам ҮЕҰ-ға назар аударды. Бұл дәлелді негіздердің болмауына байланысты алаңдаушылық туғызған еді. Бір қызығы, 2020 жылы ҮЕҰ-ға қысымның күшеюі алдағы парламент сайлауымен тұспа-тұс келді. Amnesty International ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Мари Струтерстің пікірінше, бұл елдегі ең маңызды дауыстарды басып, тұншықтыруға бағытталған «циник әрекет» еді. Бұған жауап ретінде сол жылдың қарашасында жеті азаматтық қоғам ұйымы мәлімдеме жасап, Қазақстандағы Азаматтық қоғам ұйымдары коммерциялық немесе мемлекеттік секторларға қарағанда әлдеқайда көп назар аудартатынын, бірақ кейінгісі «[шетелдік] қаржыны әлдеқайда көп мөлшерде» алатынын жеткізді. Мәлімдеме авторлары 2016 жылғы заңға енгізілген түзетулер салық төлеушілерге тиісті нысандарды дұрыс толтыру үшін жеткілікті нұсқау бермегенін, бұл үкіметке заңды өзінің саяси астарлы түсіндірмесі бойынша ерікті түрде қолдануына айтарлықтай мүмкіндік қалдырғанын атап өтті. Мәлімдеменің негізгі түйіні – Қазақстандағы коммерциялық емес ұйымдар «заңнаманың кемсіту және репрессиялық ережелерінің» объектісіне айналды.

Аймақтағы динамикаға шолу

Бұл заңды Қазақстандағы кейінгі жағдайлар мен өңірдегі жалпы үрдістер тұрғысынан қарастыру маңызды. Грузия мен Қырғызстан сияқты елдер алғашында Ресейде жасалған заңнаманы жүзеге асыруға тырысты. 2017 жылы Виктор Орбан билігі тұсында Венгрияда «шетел агенттері» туралы осындай заң қабылданды. Бастапқыда бұл заң «Шетелден қаражат алатын ұйымдардың ашықтығы» деп аталды, алайда оны «ҮЕҰ-ға қарсы заң» ретінде қарастыра бастады, өйткені ол ҮЕҰ-ды демонизациялау үшін қолданылған еді. Бұл заңды Еуропарламент пен Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сот қатаң сынады.

Қазақстан мұндай тізімді шығара отырып, Ресей мен Венгриядағы аталған заңдардың теріс салдарын қайталау қаупіне ұшырап отыр. Бұл тізім мемлекет үшін құқық қорғау ұйымдарын стигматизациялау құралына айналуы, билікке диссиденттерді басуға және сыни дауыстарды өшіруге мүмкіндік беруі мүмкін. Бұл Қазақстанның үнемі мәлімдейтін көпвекторлы саясатына қайшы келеді және елдің халықаралық имиджіне, инвестициялық ахуалына теріс әсер етуі мүмкін.

Қазақстан заңнаманың шетелдік үлгілерін қолдануды мұқият талдап, әсіресе олардың адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарға және ел Конституциясының негіздеріне сәйкестігін тексеруі керек. Үкіметтің ашықтығы маңызды болғанымен, бұл азаматтардың құпиялылық құқығын бұзбауға тиіс. Дәл қазіргі күйінде шетелдік қаржыландыру реестрі белгіленген шектен асып түседі. Құпиялылық, кемсітуге жол бермеу және қауіп-қатер мен басып-жаншу үшін жеке деректерді теріс мақсатта пайдалануды ескере отырып, көпшілікке қолжетімді шетелдік қаржыландыру реестрінің күшін жою қажет.

Авторлар: Мариам Кварацхелия, MediaNet ХЖО, CAPS Unlock Policy Center

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz