Түркия шаруалары 1 млн теңге жалақыға шопан таппай отырғаны рас па?

Қыркүйектің аяғында қазақстандық сайттар мен парақшаларда “Түркияда шамамен 1 млн теңгеге шопан таппай отыр” деген ақпарат тарап жатыр (1, 2, 3, 4). Ақпаратқа сай, ақша мен жататын жерден бөлек малшылар TikTiok көру үшін интернет тариф талап етіп отыр екен. Оқырман сұрауы бойынша Factcheck.kz ақпаратты тексеріп көрді.

Үкім: Дәлелденбеген

Бұл туралы алғаш рет 30 қыркүйекте Элазы қаласының жергілікті Elazigyenihaber сайтында жарияланды. Ақпарат сай, жергілікті отар иесі Нуреттин Челенк баспана, тамақ және киім-кешектен бөлек 70 мың лираға (996 800 теңге, ҚР ҰБ 09.10.2024 жылғы теңгеге шаққандағы түрік лирасының бағамы бойынша) шопан таппай отырғанын, тіпті айына 30 Гбат интернет пакетті де қосып беретінін айтқан. Осы жаңалықтан кейін түркиялық, ресейлік және Орталық Азияның бірқатар сайттары мен парақшаларында ақпарат тарай бастады. Бұл туралы Түркияның ресми сайттарынан ешқандай ақпарат таппадық. Шопан не малшы мемлекеттік жұмыс ретінде тіркелмегендіктен олардың орташа жалақысын анықтау қиын, әр өңірде айлық мөлшері әртүрлі. Сол себептен үкімді “дәлелденбеген” деп қойдық.

Түркияда шопан тапшылығы бұрыннан келе жатқан мәселе. Түркия қой және ешкі өсірушілер қауымдастығы (TÜDKİYEB) басшысы Нихат Челиктің айтуынша, қазіргі уақытта Түркияда 50 мыңға жуық шопан жұмыс істейді, дегенмен бұл сектордың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін 150 мыңға жуық шопан керек екен. Ал Түркия ауыл және орман шаруашылығы министрі Ибраһим Юмаклы елде 400 мыңға жуық мал өсіретін кәсіпорын барын айтып, шетелдіктерге жұмыс істеуге ешқандай кедергі жоқ екенін жеткізді.

Мал шаруашылығымен айналысатын жергілікті шаруалар бұл мәселені урбанизациямен байланыстырып отыр. Олардың айтуынша, жастар жаппай қалаға көшіп, ауылдағы жұмыстарға адам таппай қаламыз дейді. Тіпті ел арасында “алтынды табуға болады, бірақ шопан табылмайды” деген сөз цитата пайда болған.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz