Терроризм туралы мифтер

Терроризмді «XXI ғасырдың індеті» деп атап, оны жекелеген елдер мен жаһандық деңгейде негізгі «жаңа қауіптердің» бірі ретінде қарастырады. Бұл термин көпшілікке таныс болғанымен, оның айналасында көптеген миф бар. Осы мақалада біз Қазақстан аудиториясы арасында ең жиі кездесетін терроризмге қатысты (әлеуметтік желіде алдын ала жүргізілген сауалнамаға сүйене отырып) стереотиптер мен қате түсініктерді талдаймыз.

№ 1-миф: Экстремизм мен терроризм – бір нәрсе.

Үкім: Жалған

Өкініштісі, кейде мемлекеттік органдар мен медиа бұл екі терминді бір-бірінің орнына қолданып жатады. Бірақ олар бірдей емес.

Дисклеймер: халықаралық деңгейде терроризм мен экстремизмнің бірыңғай анықтамасы жоқ. Кейбір халықаралық ұйымдар (мысалы, ШЫҰ немесе ҰҚШҰ) өз анықтамасын ұсынғанымен, жаһандық деңгейде бірауыздан қабылданған дефиниция жоқ. Неліктен? Бұл мәселе ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқы бюросының нұсқаулығында жақсы түсіндірілген: бір жағынан, кейбір жағдайда терроризм ақталып жатады, мысалы, отарлық езгіге қарсы күрес аясында; екінші жағынан, «терроризмнің шектен тыс кең анықтамасы бейбіт наразылықты басып-жаншу құралы ретінде қолданылып, демократиялық қоғамның негізін шайқауы мүмкін».

Терроризмнің негізгі белгілері:

  • Ұйымдасқан сипатқа ие;
  • Адам өміріне, денсаулығына және/немесе мүлікке қауіп төндіреді;
  • Үкіметке (немесе шешім қабылдайтын тұлғаларға) қарсы бағытталады;
  • Қоғамда үрей тудыруды көздейді.

Қысқаша айтқанда, терроризм – ұйымдасқан, зорлық-зомбылыққа негізделген ҚЫЛМЫСТЫҚ әрекеттердің жиынтығы. Оның мақсаты – қоғамға зиян келтіру, үрей туғызу және шешім қабылдау жүйесіне қысым көрсету.

Терроризм мен экстремизмнің айырмашылығы неде?

  • Экстремизм – әрекет емес. Экстремизм – негізгі ағымнан (мейнстримнен) ерекше, радикалды көзқарастарды ұстану.
  • Зорлықшыл экстремизм – өзгеше ойлайтындардың құқы мен бостандығын мойындамайтын идеология (теориялық тұрғыда), сондай-ақ өз мақсатына жету үшін зорлық-зомбылықты ақтайтын көзқарас.
  • Зорлықшыл экстремистік идеология адамды террористік ұйымдарға тартылуға немесе зорлық-зомбылық әрекетке баруға итермелеуі мүмкін.

Маңызды: көптеген демократиялық елде «экстремизм» (идеология ретінде) мен «зорлықшыл экстремизм» (қылмыстық жауапкершілікке тартылатын идеология мен тәжірибе) арасында нақты айырмашылық бар. Қазақстанда бұл екеуін бөліп жармайды. Құқық қорғаушылардың бағалауынша, «экстремизмнің құқықтық табиғаты нақты айқындалмағандықтан, кез келген әрекет экстремизм ретінде танылуы мүмкін».

№ 2-миф: [Зорлықшыл] экстремизм мен терроризм – тікелей діни сауатсыздықтың салдары.

Үкім: Манипуляция

Бұл – тым қарапайым көзқарас. Зорлықшыл экстремизм мен терроризмге тартылудың негізгі себебі діни білімнің жетіспеуі емес, әлдеқайда күрделі факторлар. Олар үш топқа бөлінеді:

  • Қоршаған орта факторлары: әлсіз мемлекет, тиімсіз қауіпсіздік қызметтері; басқарылмайтын аймақтар, заң үстемдігінің болмауы; мемлекет тарапынан экстремистік топтарды қолдау; діни белсенділік; коррупция.
  • Динамикалық (қозғаушы) факторлар: экстремистік топтар мен радикалды институттардың болуы; әлеуметтік желі мен топтық динамика (маргинализация); қызмет көрсету (экстремистік топтардың әлеуметтік және қаржылық қолдауы); көлеңкелі экономикалық әрекеттердің кең тарауы.
  • Итермелеуші факторлар: әлеуметтік-экономикалық: кедейлік, маргинализация, дискриминация, ақталмаған үміттер; саяси: құқықтардың шектелуі, жергілікті қақтығыстар, коррупция, халықаралық жүйенің белгілі бір топтарға әділетсіздігі; мәдени: дінді экстремистік мақсатта пайдалану, дәстүрлерге, ұлттық құндылықтарға қауіп төнуі.

Бұл тұжырымды Қазақстан деректері де растайды: терроризм және экстремизм үшін сотталған жастардың 80%-тен астамы көлеңкелі экономикада жұмыс істеген. Сирия мен Иракқа ИГИЛ-ге қосылу үшін кеткендердің негізгі бөлігі әлеуметтік-экономикалық мәселесі бар моноқалалардан немесе ішкі мигранттар қатарынан болған.

Сапалы зерттеулер көрсеткендей, радикалданған жастардың негізгі айрықшалығы – мемлекетпен қарым-қатынасының нашарлауы немесе толықтай бұзылуы. Қазақстанда жасалған террористік шабуылдардың басым көпшілігі мемлекеттік органдарға, ең алдымен, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарсы жасалған.

Терроризм исламмен тығыз байланысты деген стереотип негізінен 2001 жылғы 11 қыркүйектен кейін қалыптасты. Бұл қате түсінік медиадағы мақалалардан және бұқаралық мәдениеттен (кино, әдебиет және т.б.) бастау алады. АҚШ 2001 жылы «ислам терроризміне» қарсы соғыс жариялағаннан кейін, ақпарат құралдарында ислам мен терроризмді байланыстыратын риторика күшейді.

АҚШ статистикасы көрсеткендей, егер терактіні мұсылман жасаса, онда ол ірі медиада 7 есе көп жарық көреді. Ұлыбританияда Prevent бағдарламасы зорлықшыл экстремизмнің алдын алуға бағытталғанымен, зерттеулер оның исламофобияны күшейтетінін және мұсылман қауымының оқшаулануына ықпал ететінін дәлелдейді. Өйткені жергілікті билік мұсылмандарды «жақсы» және «қауіпті» деп бөлгендіктен, оларды қатаң бақылауда ұстайды.

Нәтижесінде бұл тұйық шеңберге айналады: мұсылмандар үкімет тарапынан қысым көріп, қоғамнан алыстайды және мемлекетке деген сенімін жоғалтады. Ал басқалар үшін мұсылмандарға деген үрей күшейіп, исламофобия мен расизм артады. Мұндай орта зорлықшыл экстремизмнің тарауына өте қолайлы, өйткені өзін қорғансыз әрі әділетсіздікке ұшырадым деп санайтын адамдар зорлықшыл топтарға қосылуға бейім келеді.

Ең бастысы – терроризм мен зорлықтың барлығы діни мотивке байланысты емес. 1947-2018 жылдар аралығындағы Жаһандық терроризм базасын зерттеу нәтижесінде: 49%-і «исламистік» ұйымдармен байланысты болған (бұл деректер базасындағы термин, кейбір зерттеушілер «діни мотивті терроризм» дегенді дұрыс көреді). 45%-і – солшыл идеологияны ұстанған террористік топтардың үлесі. 6%-і – оңшыл радикалды топтардың жасаған әрекеттері.

Еурополдың деректеріне сүйенсек: терактінің тек 7%-і діни мотивпен жасалған. 56%-і – этно-ұлтшылдық және сепаратистік топтардың әрекеттері. 14,6%-і – солшыл және анархистік топтар жасаған шабуылдар.

№ 3-миф: Терроризм тек дамушы елдерге тән (террористер – тек мигранттар, террористер – «ақ адамдар» емес және т.б.).

Үкім: Манипуляция

«2024 жылғы Жаһандық терроризм индексінің» баяндамасына сәйкес, терроризмнің ең көп тараған аймағы – Оңтүстік Азия (орташа көрсеткіш – 4,37 балл). 2023 жылы терроризмнен зардап шеккен аймақтардың ішінде екінші орынға Солтүстік Америка шықты. Авторлардың жазуынша 2007-2023 жылдар аралығында АҚШ-та террористік шабуыл жасаған адамдардың 86%-і ешқандай ұйымға тиесілі болмаған; бұл көрсеткіш ЕО елдерінде де жоғары.

Бұл жерде lone wolf terrorism деп аталатын құбылыс маңызды рөл атқарады. Мұндай террористер ешқандай ұйымға ресми түрде мүше болмай-ақ, өз бетімен шабуыл жасайды. Андерс Брейвик (Норвегия, 2011) – ультраоңшыл идеологияны интернеттен үйреніп, өздігінен теракт ұйымдастырды. Оның шабуылы 77 адамның өмірін қиды, 151 адам жарақат алды. Мұндай террористерді дәстүрлі әдіспен анықтау қиын және сарапшылардың айтуынша олар көбейе береді.

Терроризмнің тек «үшінші әлемнің мәселесі» емес екеніне тағы бір мысал – Ирак пен Левант Ислам мемлекеті (ИГИЛ). 2013–2019 жылдары ИГИЛ-дің Сирия мен Ирактағы ықпал аймағына, бағалау бойынша, 80 елден 40 000 адам кеткен, олардың 5000-ы Еуроодақ елдерінің азаматтары болған. Олардың басым көпшілігі – 1,5 немесе 2-буын иммигранттары, төмен әлеуметтік-экономикалық топтардан шыққан жастар. Олар шектеулі мүмкіндіктермен, төмен білім деңгейімен және жұмыссыздықтың жоғары деңгейімен бетпе-бет келген. Бұл бізді адамдардың зорлықшыл экстремизмге радикалдануы кез келген қоғамда болуы мүмкін деген тұжырымға қайта әкеледі және сол қоғамдағы бар проблемаларды айқындайды: Еуропадағы мигранттарды қайта қоғамға бейімдеу мәселесі.

Зорлықшыл экстремизмнің дамыған, «жақсы өмір сүретін» елдерде қалай пайда болатынына басқа мысалдар – милитаризацияланған антиимпериалистік топ Ирландия республикалық армиясы (ИРА) мен жапондық псевдобуддистік секта Аум Синрикёның әрекеттері.

«2024 жылғы Жаһандық терроризм индексіне» сәйкес, 2023 жылы терроризмнен ең көп зардап шеккен елдер – Буркина-Фасо (индексі 10-нан 8,57), Израиль (8,14) және Мали (7,99). Сахараның оңтүстігіндегі Африкада лаңкестік әрекеттерден қаза тапқандар саны біртіндеп өсіп келеді. Бұл терроризм қаупінің артуына мемлекеттің қауіпсіздікті бақылай алмауы, зорлықшыл экстремистік және лаңкестік ұйымдардың кеңінен тарауы, шешілмеген аумақтық, этносаралық және дінаралық мәселелер әсер ететінін растайды.

№ 4-миф: Лаңкестік шабуылдарды арнайы қызметтер өздері ұйымдастырады.

Үкім: Дәлелденбеген

Террорлық шабуылдарға қатысты ең танымал қастандық теорияларының бірі – олардың артында белгілі бір үкіметтер тұрады деген болжам. Мысалы, 2001 жылғы 11 қыркүйек шабуылдары немесе 2023 жылғы 7 қазандағы ХАМАС-тың Израильге жасаған шабуылы туралы осындай теориялар таралған. Алайда зерттеулер көрсеткендей, лаңкестік әрекеттер мемлекетке көптеген себеп бойынша тиімсіз.

Біріншіден, кез келген лаңкестік шабуылдың басты мақсаты – қоғамда үрей туғызу және ресми билікке немесе белгілі бір топтарға (көбінесе полиция мен күштік құрылымдарға) деген сенімді бұзу. Мемлекетке деген сенімнің төмендеуі жағдайды бақылаудан шығарып (ал бұл – мемлекеттің негізгі функцияларының бірі), шекті жағдайда заңды институттардың өміршеңдігіне қауіп төндіреді.

Қорқыныш қоғамдағы жіктелуге, лаңкестік шабуылдарға «кінәлі» деп танылған топтарға төзімсіздіктің күшеюіне әкеледі. Мұндай жағдайларда азаматтардың агрессивті (тіпті репрессивті) ішкі және сыртқы саясатқа қолдауы артады. Лаңкестік шабуылды болдырмау – қауіпсіздік саласына жауапты тұлғалардың маңызды міндеті, сондықтан мұндай оқиғалар көбіне отставкаға немесе саяси мансаптың аяқталуына алып келеді. Билік басындағылар (әсіресе демократиялық елдерде) мұндай жағдайларға мүдделі емес.

Екіншіден, лаңкестік шабуылдар азаматтардың әл-ауқатына тікелей әсер етеді, әсіресе дамушы елдерде. Мысалы, Сомалиде лаңкестердің шабуылына ұшыраған отбасылардың тұтыну деңгейі 33%-ке төмендеген. Бұл кедейлікті арттырып қана қоймай, оның тереңдеуіне ықпал етеді.

Үшіншіден, терроризмнің ұлттық экономикаға тигізетін шығыны өте жоғары. Кейінгі 70 жыл ішінде бейбітшілік деңгейі жоғары елдерде ЖІӨ өсімі жылына шамамен 2,8% болса, зорлықшыл экстремизм кең тараған елдерде бұл көрсеткіш үш есе төмен болған. Терроризм зардабын тартқан мемлекеттер экономика мен әлеуметтік қажеттіліктерге жұмсалуы мүмкін қаржыны қосымша қауіпсіздік шараларына, полиция мен әскер санын арттыруға бөлуге мәжбүр.

Төртіншіден, шетелдік инвесторлар терроризмнен зардап шеккен елдерге қаражат салуға құлықсыз, сондай-ақ мұндай жағдайларда бұрынғы инвестицияларын азайтуға тырысады. Бұл әсіресе өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және бөлшек сауда сияқты экономиканың негізгі секторларына әсер етеді.

Сонымен қатар, үкіметтер лаңкестік шабуылдарды қауіпсіздік және көші-қон саясатын қатаңдату, арнайы қызметтерге бөлінетін бюджетті ұлғайту үшін ақтау ретінде жиі пайдаланатынын жоққа шығаруға болмайды.

Бұдан бөлек, терроризм мен зорлықшыл экстремизмге қарсы күрес жөніндегі заңнама (тағы да: терминологияны түсіндіруде бірыңғай көзқарастың болмауына байланысты) саяси мақсаттарда және адам құқықтарын бұзу үшін пайдаланылуы мүмкін, және бұл – жаһандық мәселе.

№ 5-миф: Терроризм қаупі – Қазақстан қауіпсіздігіне төнген негізгі қатерлердің бірі.

Үкім: Манипуляция

Қазақстанда терроризм туралы жиі айтылады, әсіресе 2011 жылы Ақтөбе мен Тараздағы шабуылдардан кейін. 2012 жылғы «Ұлттық қауіпсіздік туралы» ҚР заңында терроризм «Ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерлер» бөлімінде екі рет аталады: мемлекеттік органдардың қылмыстық құрылымдармен, террористік немесе экстремистік ұйымдармен байланысуы (1-тармақ); Терроризм, экстремизм және сепаратизмнің кез келген түрі мен көрінісі (8-тармақ). 2016 жылғы сауалнамаға сәйкес, қазақстандықтардың 21%-і терроризмнің құрбаны болудан қорыққан.

Терроризмді ұлттық қауіпсіздікке басты қауіп деп санауға объективті себептер бар ма? Жоқ деуге келеді:

  • Қазақстандағы терроризм индексі жылдар бойы тұрақты түрде төмен: ел 89 мемлекеттің ішінде 89-орында және кейінгі 5 жылда ешқандай лаңкестік әрекет тіркелмеген мемлекеттерге берілетін «0» индексіне ие.
  • Жалпы, Орталық Азия да терроризм тұрғысынан салыстырмалы түрде тұрақты аймақ саналады: 2019 жылдан бері мұнда азаматтарды лаңкестік ұйымдарға тарту әрекеттері айтарлықтай азайған (оффлайн да, онлайн да – әсіресе, ұлттық тілдердегі экстремистік контенттің қысқаруынан байқалады).

Қазақстан қауіпсіздігіне терроризмнен гөрі қандай қауіптер маңыздырақ? ҚР қолданыстағы Ұлттық қауіпсіздік стратегиясында төрт негізгі қауіп атап өтілген: биологиялық қауіпсіздік; барлық өмір саласына әсер ететін технологиялық өзгерістер, ұлттық экономикаға ықпал ететін сыртқы нарықтардағы дағдарыстар; аймақтық және жаһандық шиеленістердің ушығуы.

Украинадағы соғыс Қазақстан үшін басқа да маңызды қауіптерді көрсетті: азық-түлік қауіпсіздігі; сыртқы сауда операцияларының (экспорт, логистикалық тізбектер) тұрақтылығы.

Қоршаған орта қауіпсіздігі, шөлейттену, су ресурстарының тапшылығы – терроризм қаупіне қарағанда, күн сайын қазақстандықтардың денсаулығына, әл-ауқатына және өміріне нақты әсер ететін өзекті мәселелер.

«Жаһандық қауіп-қатерлер туралы 2025 жылғы есеп» атты жаңа зерттеуге сәйкес, Қазақстан үшін алдағы 2 жылдағы басты қауіп – қарулы қақтығыстар. Сонымен қатар, негізгі қатерлер қатарында экономикалық құлдырау, су ресурстарының тапшылығы, кедейлік пен теңсіздіктің тереңдеуі және инфляция аталған.

Онда неге терроризм мәселесі күн тәртібінен түспейді?

  • Терроризм мен экстремизмді құқық қорғау органдары мемлекеттің негізгі қауіпсіздік қатері деп көрсетеді. 2013 жылдан бастап діни экстремизм мен терроризмге қарсы екі мемлекеттік бағдарламаны (2013–2017 және 2018–2022) жүзеге асыруға жүздеген миллиард теңге жұмсалды.
  • Терроризм мен экстремизмнің кеңінен түсіндірілуі бұл баптарды саяси мақсатта пайдалану мүмкіндігін береді. Терроризмге байланысты сотталғандардың негізгі санаты – Қылмыстық кодекстің 256-бабы («Терроризмді насихаттау немесе лаңкестік әрекеттер жасауға жария түрде шақыру») бойынша жазаға тартылғандар. 2017–2021 жылдары терроризм мен экстремизмге қатысты барлық сотталғандардың 66,7%-і осы бап бойынша жауапқа тартылған. Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы «терроризм» баптарымен сотталған, бірақ шын мәнінде саяси тұтқындардың тізімін келтірген.

Қорытынды

Кейінгі 15 жылда терроризм мен [діни] экстремизм Қазақстанда биліктің репрессиялық саясатын ақтауға және қоғамды қорқытуға арналған құралға айналды (мысалы, Қаңтар оқиғасы кезінде «20 мың террорист» туралы мәлімдемені еске алайық). Бұл терроризм қаупінің мүлде жоқ екенін білдірмейді: терроризм – белгілі бір саяси мақсаттарға жетудің әдісі ғана.

Қоғамды терроризмнен қалай қорғауға болады? Оны толығымен жою мүмкін емес, бірақ зардапты барынша азайту үшін тек арнайы қызметтердің кәсібилігі жеткіліксіз. Қосымша шаралар қажет: мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен тиімділігін арттыру; жемқорлық пен көлеңкелі экономиканы жою; қоғамдағы барлық топтар мен мүдделердің өкілдігін қамтамасыз ету; қауымдастықтарда ерте ескерту жүйелері мен қолдау желілерін құру. Яғни, адамдарды зорлық-зомбылықты жалғыз шешім ретінде қарастыруға мәжбүрлейтін факторлармен күресу қажет.

Исследовательница, сфера интересов: безопасность в Центральной Азии, публичная политика в Казахстане

Factcheck.kz