Ресейде ана капиталы 4,4 млн теңге ме?

6 наурызда өткен мәжілістің жалпы отырысында мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Қазақстандағы ана капиталы Ресейдегі көрсеткіштен әлдеқайда төмен деген мәлімдеме жасады. Осы деректі Factcheck.kz тексеріп көрді.

Депутаттың мәлімдемесі (тайм-код: 3:21:32)

Мәлімдеме: Ал, Ресейдің ана капиталының сомасы бірінші балаға 639 мың рубль — 3 млн 195 мың теңге, екінші балаға 883 мың рубль — 4,4 млн теңгеге тең. Сондықтан елімізде де лайықты, әділетті ана капиталын жасақтайтын уақыт жетті.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров

Үкім: Манипуляция

Ресейдің еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сәйкес, 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап бірінші баланың ана капиталы 630,4 мың рубльге, (iшамамен 3 млн 086 мың теңге) дейін көтерілген. Депутаттың Ресейдегі екінші балаға берілетін өтемақы туралы мәлімдемесі манипуляция. Бірінші баланың ана капиталын алған анаға 202,6 мың рубль (1 млн теңгеге жетеғабыл) қосып, толық 833 мың рубльге жеткізіп береді. Яғни, екінші балаға 833 мың рубль емес, 202,6 мың рубль қарастырылған.

Қазақстанда бірінші, екінші және үшінші туған бала үшін 38 АЕК (140 296 теңге) жәрдемақы қарастырылған. Төртінші және оданда көп балаға 63 АЕК (232 596 теңге) бөлінеді. Бұл сома босанған барлық әйелдерге тағайындалады. Босанған әйелдерге бөлінген қаржыны салыстырсақ, Ресейдегі бірінші баланың ана капиталы біздегі жәрдемақыдан 22 есе, ал, екінші балаға берілетін сома 4 есе көп.

Factcheck.kz