Полиция Лұқпан Ахмедияровты ұстады

3 ақпанда полиция Макс Боқаевты қарсы алу үшін Атырауға жол тартқан “Уральская неделя” басылымының бас редакторы Лұқпан Ахмедияровты жарты жолда ұстады. Полицейлер Ахмедияровты Оралға қайтарған, тағы бірнеше белсендіге шақырту қағазын тапсырған. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Полиция Лұқпан Ахмедияровты ұстады
Полицейлердің “Уральская неделя” басылымының бас редакторы Лұқпан Ахмедияровқа шақырту қағазын тапсырып тұрған сәті. 3 ақпан 2021 жыл. Видеодан алынған скриншот.

Біз таңертеңгі сағат 7-де Атырауға қарай жолға шықтық. Көшімге жақындаған кезде бізді полицейлер тоқтатып, тұман сейілмейінше трассаның жабық болатынын айтты. Сол жерде күте тұруды сұрады. Ол кезде трассада жалғыз біздің ғана көлік болды. Шамамен 3 сағаттай күттік, осы кезде төтенше жағдай департаменті барлық бағыттар бойынша трасса ашық екенін хабарлады. Бірақ бізді бәрібір жібермеді. Екі жаққа көліктер көп жиналып, тұрып қалды. Сәлден соң біз тұрған жерге полиция автобусы келіп, Лұқпанға шақырту қағазын тапсырды. Лұқпан өзін 5-іне шақыртқанын айтып түсіндірсе де оны бәрібір қалаға алып кетті, – деді Азаттыққа басылым редакторы Рауль Упоров.

Лұқпан Ахмедияров Facebook желісінде полицейлердің өзін ұстаған сәтінен видео жариялады.

Журналистер бейсенбі, 4 ақпанда түрмеден шығатын “саяси тұтқын” Макс Боқаевты қарсы алу үшін көрші Атырау қаласына бармақшы болған. Упоров Ахмедияровты полиция алып кеткеннен кейін трассаның бірден ашылғанын айтады.

Макс Боқаевтың бостандыққа шығу күні қарсаңында Оралда бірнеше белсенді полицияға шақырту алған: Мақсат Айсауытов, Бекболат Өтебаев, Бауыржан Әліпқалиев, Орынбай Оқасов.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz