Оксфорд университеті қазақ тілін оқыта ма?

Кейінгі аптада әлеуметтік желілер мен сайттарда “Оксфорд университеті қазақ тілін үйретпек” деген тақырыпта ақпарат тарап жүр (1,2,3). Көптеген парақшалар бұл ақпаратты жарыса жазуда. Алғашқы дереккөз ретінде Хабар 24 арнасының сюжеті көрсетілген. Оқырманның сұрауы бойынша Factcheck.kz ақпаратты тексеріп көрді.

Үкім: Шындық және дәлелденбеген

Шындығы мынада: Оксфорд университеті қазақ тіліне қызығушылық танытқаны рас. Бұл туралы біздің ресми сұрағымызға Оксфорд университеті Азия және Таяу Шығыс зерттеу факультетінің қызметкері Лейла Наджафзаде жауап берді. Оның айтуынша, қазақ тіліне деген қызығушылық түркі тілдес тілдерді оқытудан бастау алды. Осылайша Оксфорд университеті расымен де қызығушылық танытқан.

Неге дәлелденбеген? Себебі, бұл процесс енді басталды. Лейла Наджафзаденің айтуынша, бұл үзақ мерзімді жоспар, қазір екінші түркі тілі ретінде әзербайжан тілін оқытып бастаған. Қазақ тілінен бөлек өзбек тілін де оқытуды жоспарлап отыр. Тіпті осыған байланысты биылғы жылдың 11 сәуірінде Қазақстанға арнайы келіп, Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты мамандарымен кездесу өткізген. Алда тағы да бірнеше рет кездесау болады. Сондықтан да процесс енді басталып, нақты шешім шықпаған соң бұл дерек – дәлелденбеген. Қысқаша айтсақ, Оксфорд университетінің қазақ тіліне қызығушылығы бар, бірақ қазақ тілі оқытыла ма, жоқ па әзірге белгісіз.

Сонымен қатар, бұл туралы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ресми өкілінің де пікірін сұраған едік. Институттың ғалым хатшысы Дидар Садық былай дейді:

11 сәуірде Лейла Наджафзада Тіл білімі институты ұжымымен кездесу өткізді. Кездесу нәтижесінде Оксфорд университеті Азия және Таяу Шығыс зерттеу факультетімен өзара ынтымақтастық туралы келіссөздер жүргізді. Енді нақты ақпарат Тіл білім институты өкілдері Оксфорд университетіне барған кезде белгілі болады. Оның уақыты әлі белгісіз, келесі жылы болуы мүмкін.

Дидар Садық, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалым хатшысы

Факультет құрылғанға дейін Азияның, Таяу шығыс пен Солтүстік Африканың тілдерін профессорлар мен оқытушылар үйретіп жүрді. “Шығыстану” ұғымын тұтас сала ретінде ХІХ ғасырда оқыта бастады. Қазіргі уақытта кәріс, жапон, қытай, парсы, араб, урду, хинди және тағы басқа жалпы саны 26 тілді зерттеп, оқытумен айналысады.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz