ОА-дағы авторитаризм: күшке табыну, тұрақтылыққа сұраныс пен дәстүр

Central Asia Think Tanks Forum 2024 аясында сарапшылар Орталық Азиядағы авторитаризмнің қайта жаңғыруына ықпал ететін әлеуметтік факторларды талқылады. Factcheck.kz сарапшылардың сөзін қысқартып айтып береді.

Авторитаризмнің күшеюі

2023 жылғы демократия индексі дүниежүзінде автократияның өсіп жатқанын көрсетті. Демократияландырудың орташа деңгейі 2006 жылы мониториң басталғаннан бері ең төменгі көрсеткішке дейін құлдырады. Бүгінде әлем халқының 8%-тен азы толық демократия жағдайында өмір сүреді, ал 40%-ке жуығы авторитарлық жүйеде өмір сүріп жатыр. Көптеген қарулы қақтығыстар мен 2020–2022 жылдардағы пандемияның салдары демократиялық институттарды қалпына келтіруге қатты кедергі жасады.

Орталық Азия елдері дәстүрлі түрде демократия деңгейі бойынша 167 елдің ғаламдық рейтиңінде төменгі орындарда.

  • Түркіменстан — 162-орын,  
  • Тәжікстан — 155-орын,  
  • Өзбекстан — 148-орын,  
  • Қазақстан — 120-орын,  
  • Қырғызстан — 109-орын.  

Paperlab зерттеу орталығының директоры Серік Бейсембаевтың пікірінше, аймақтағы авторитаризм тек сыртқы қолдауға немесе тарихи алғышарттарға ғана сүйенбейді. Мұндай режимдердің мықты әлеуметтік негізі бар — биліктің авторитарлық үлгісін қолайлы деп санайтын азаматтық топтар. Бұл азаматтар қолданыстағы жүйені белсенді түрде қолдап, оны сақтап қалу үшін дауыс беруге және өзгеріске ұмтылған адамдарға қарсы тұруға дайын.

ОА-дағы авторитаризм: күшке табыну, тұрақтылыққа сұраныс пен дәстүр
Серік Бейсембаев

Консерватизм және дәстүрлі құндылықтар

Қырғызстандағы Орталық Азия университетінің зерттеушісі Медет Тулегенов 2020 жылғы «Қазан оқиғасынан» кейін Қырғызстандағы саяси режимнің күшеюі мен Садыр Жапаровтың танымалдық феноменін талдай отырып, мемлекеттік төңкеріске дейінгі қоғамдық көңіл-күйді түсінудің маңызын атап өтті.

Сарапшының айтуынша, дәл осы кезеңде қоғамда құндылықтар жүйесі күрт өзгерді — дәстүршілдік Қырғызстан халқының елеулі бөлігінің басты бағдарларының біріне айналды. Қырғызстандағы Дүниежүзілік құндылықтар зерттеуі деректері (2011 және 2020 жылдар) гендерлік нормаларды қабылдауда елеулі теріс өзгерістердің болғанын және консерватизмге деген сұраныстың артқанын көрсетеді. 2023 жылғы Гендерлік әлеуметтік нормалар индексі бойынша Қырғызстан ең айқын проконсервативтік процес байқалған әлемдегі он елдің қатарына кірді. Сарапшының пікірінше, бұл жағдай авторитаризмнің күшеюіне қолайлы орта қалыптастырды.

Қорқыныш пен адалдық

ОА-дағы авторитаризм: күшке табыну, тұрақтылыққа сұраныс пен дәстүр
Медет Тулегенов

Медет Тулегенов кез келген саяси режимнің, соның ішінде демократиялық режимдердің негізгі мақсаты — билікті сақтау екенін атап өтті. Егер демократиялық елдерде легитимділік тәуелсіз сайлау арқылы қамтамасыз етілсе, диктаторлар қорқыныш тудыру және адалдықты арттыру әдістеріне жүгінеді. Дегенмен, тирандар көбінесе қорқыту әдісін жақтайды, ал қорқыныш пен адалдықтың үйлесімі «тимократ» бейнесін қалыптастыруы мүмкін — бұл халықтың махаббаты мен қолдауына негізделген билеуші (грекше «тимос» — махаббат).

2020 жылғы революциядан кейін Қырғызстанда билікті сақтау әдістерін талдай отырып, сарапшы Садыр Жапаров пен Қамчыбек Ташиев тандемінде бастапқыда рөлдер былай бөлінгенін айтты: Ташиев қорқыныш тудыратын генерал ретінде әрекет етсе, Жапаров халықтың сүйіктісі — тимократ рөлін атқарды. Алайда уақыт өте келе бұл тепе-теңдік өзгерді. Қазір билікті сақтап қалудың негізгі механизмдері негізінен қорқыныш пен адалдыққа сүйенеді.

Қоғамның билікке деген көзқарасын талдау үшін Альберт Хиршманның «Exit, Voice, and Loyalty» (Шығу, Дауыс, Адалдық) теориясына жүгінуге болады. Бұл концепцияға сәйкес, автократия жағдайында адам үш жолдың бірін таңдай алады: пікірін білдіру (Voice) — келіспеушілігін айту; адалдық сақтау (Loyalty) — режимді қолдау немесе жүйеден шығу (Exit) — эмиграцияға кету немесе қоғамдық өмірден алыстау.

«Қазан оқиғаларынан» кейін Бішкекте төңкерісті қолдамаған белсенді халықтың айтарлықтай шоғыры дилеммаға тап болды. Кейбірі жүйеден «шығу» жолын таңдады, бұл эмиграция немесе қоғамдық белсенділіктен бас тарту арқылы көрініс тапты.

Орталық Азия университетінің зерттеушісі Бақытжан Құрманов Қырғызстанның ешқашан толыққанды демократия болмағанын, Армения немесе Молдова сияқты аралас режимде қалғанын айтады. Ол елдерді тек авторитарлық және демократиялық деп бөлудің дұрыс еместігін, өйткені аралық формалар бар екенін және бұл режимдер демократиялық тұрғыда дамыған немесе аздап авторитар болуы мүмкін.

Күшті көшбасшыға сұраныс

Орталық Азиядағы авторитарлық режимдердің тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі — қоғамның авторитаризмге деген жоғары сұранысы. Мысалы, 2020 жылғы Қырғызстандағы Дүниежүзілік құндылықтар зерттеуінің деректеріне сәйкес, азаматтардың 60%-тен астамы қоғамдық және саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін күшті көшбасшыны қолдауға дайын екенін білдірген.

Бақытжан Құрманов авторитарлық режимдер көбіне екі қырынан қарастырылады дейді: зорлық-зомбылық пен репрессия арқылы немесе қоғамды өз жағына тарту мен материалдық игіліктерді ұсыну арқылы. Дегенмен, үшінші маңызды аспект — қоғамдық қолдау арқылы легитимизацияны ескеру қажет. Бұл қолдау әрдайым тікелей пайдаға негізделе бермейді.

Неміс зерттеушісі Йоханнес Гершеуски (Johannes Gerschewski) авторитаризм тек белгілі бір жеңілдіктерге ие орта таптың пассивті келісіміне ғана сүйенбейтінін айтады. Қолдаушы құрылымның негізін шынайы сенетін адамдар (true believers) қалайды — олар осы саяси жүйенің дұрыстығы мен қажеттілігіне шын жүректен сенетіндер.

ОА-дағы авторитаризм: күшке табыну, тұрақтылыққа сұраныс пен дәстүр
Бақытжан Құрманов

Сонымен қатар, авторитарлық мемлекеттердің көшбасшылары өздерін диктатор ретінде емес, жаңа тәртіптің негізін қалаушылар ретінде көреді. Бұл өзіндік легитимизация олардың жақтастарына күшті нарративтер арқылы беріледі, бұл режимді қоғамның жаңа әрі жалғыз мүмкін даму жолы ретінде қабылдауына ықпал етеді.

Қазақстандағы PaperLab зерттеуі саналы түрде режимді қолдайтын және оның құндылықтарын қайта жаңғыртуға дайын топты — «авторитарлық лоялистер» деп анықтайды. Олар сауалнамадағы екінші үлкен (19%) сегмент. Бұл топ билік құрылымдарының мүшелері болмауы немесе жүйеден тікелей пайда көрмеуі мүмкін екенін ескеру керек. Олардың арасында блогерлер, цифрлық белсенділер, түрлі кәсіби қауымдастың өкілдері бар. Олар авторитаризмді тәртіп пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің тәсілі деп қабылдайды.

Сарапшылар мұндай топтардың тек Қазақстан мен Қырғызстанда ғана емес, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстанда да бар екеніне сенімді. Лоялистер режимнің айналасында қоғамдық консенсус қалыптастыруға белсенді қатысып, оның идеологиялық негізін құрайды. Бұл олардың GONGO (үкімет қолдайтын азаматтық қоғам ұйымдары) секілді маркерлерді өз еркімен қабылдауға және авторитарлық құндылықтар мен модельдерді ашық қорғауға дайын екендігінен көрінеді.

Популизм арқылы легитимдеу

Қазақстан тәжірибесі авторитарлық режимдердің легитимділікті болашақ өркендеу туралы уәделер арқылы қалай жасайтынын көрсетеді. Назарбаевтың «Қазақстан-2030» бағдарламасы халықта тұрақтылық пен өсім күтулерін қалыптастырды, бірақ уәделердің орындалмауы наразылықтың күшеюіне, 2022 жылғы қаңтардағы қайғылы оқиғалардың катализаторына айналды. Соған қарамастан, қоғамның айтарлықтай бөлігі, соның ішінде «авторитарлық лоялистер», Тоқаев режиміне сенуді және оны қолдауды тоқтатқан жоқ.

Осылайша, Орталық Азиядағы авторитаризм тұрақтылықты, дәстүршілдікті және күшті көшбасшылықты саналы түрде таңдаған қоғамның бір бөлігі арқылы қолдау табады. Олар мұны тәртіп пен қауіпсіздіктің кепілі деп санайды. Бұл авторитаризм феноменінің күрделілігін көрсетеді, оны тек репрессиямен немесе қоғамды өз жағына тартумен түсіндіру мүмкін емес.

Бөлінудің тереңдеуі және жастар

Орталық Азияның ақпараттық кеңістігі мемлекеттік және ресейлік пропаганданың ықпалына қатты ұшыраған. Бұл аймақтағы бөлінудің көптігіне алып келеді.

Медет Тулегенов Дүниежүзілік құндылықтар зерттеуі деректеріне сілтеп, радикалды көзқарасқа бейім респонденттер санының күрт артқанын атап өтті. Мәселен, өз дінін жалғыз шынайы деп санайтындар үлесі 2011 жылы 35%-тен 2020 жылы 50%-тен асып түсті. Бұл бөлінудің артып келе жатқанын көрсетеді.

ОА-дағы авторитаризм: күшке табыну, тұрақтылыққа сұраныс пен дәстүр
Татьяна Зинович

Орталық Азиядағы демократиялық өзгерістерді талқылау барысында сарапшылар жастарға ерекше тоқталды. «Құқық саясатын зерттеу орталығының» басшысы Татьяна Зинович 2000 жылдан кейін туған жас буынның тәуелсіздігі жоғары және ішкі цензурасы төмен екенін атап өтті. Бұл әлеуметтік желілерді белсенді пайдалануымен және ақпарат көздеріне қолжетімді болуымен байланысты. Дегенмен, ол жастардың сыни ойлау деңгейінің жеткіліксіздігін де атап өтті.

Сарапшы мемлекеттік реттеудің күшеюін, әсіресе әлеуметтік желіде, биліктің ақпараттық кеңістікті бақылауға ұмтылуымен түсіндіреді. Дегенмен, цифрлық құқықты және интернет еркіндігін қорғау мақсатында үкіметтік емес ұйымдардың аймақтық ынтымақтастығы сияқты оң тенденциялар байқалады.

Freedom for Eurasia зерттеушісі (Қырғызстан) Светлана Дзарданова жастардың басқа жас топтары сияқты бөлшектенгенін және оларды біркелкі сипаттау қате екенін айтты. Қырғызстандағы IWPR зерттеу деректеріне сүйене отырып, ол ресейлік пропаганданың әлеуметтік желілерде белсенді тарауынан және жастарға кері әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол қазіргі білім беру жүйесінің жастар арасында сыни ойлауды қалыптастыруға бағытталмағанын сынады.

ОА-дағы авторитаризм: күшке табыну, тұрақтылыққа сұраныс пен дәстүр
Светлана Дзарданова

Аймақтағы жастардың рөлі туралы пікірталасты жалғастыра отырып, Бақытжан Құрманов «”Сөз соғысын” жүргізу: Ресейдің Украинадағы соғысының Орталық Азия жастарына әсері» атты зерттеу нәтижелерін ұсынды. Оның айтуынша, Ресейдің Украинадағы соғысы Орталық Азиядағы жастардың белсенділігіне айтарлықтай әсер етпеген, яғни соғысқа дейінгі белсенділік деңгейі өзгеріссіз қалған. Сонымен қатар, зерттеу көрсеткендей, деколонизация идеяларын насихаттайтын жас белсенділер саясаттан тыс қалуға ұмтылған. Олар мемлекетті жемқорлық жүйесінің бөлігі ретінде қабылдап, онымен байланысудан бас тартқан және өздерінің автономдылығы мен тәуелсіздігін сақтауды жөн көрген.

Демократияға деген үміт

Орталық Азияда демократ болудың тиімді жолдарын іздеу барысында сарапшылар әртүрлі әлеуметтік топтарды диалогқа тартуға қабілетті пікірталас мәдениетін дамыту қажеттігіне тоқталды. Дәл осы диалог арқылы демократиялық өзгерістерді қолдайтындарды анықтауға болады.

Сарапшылар аймақта қоғам мен мемлекет арасындағы патерналистік қатынастардың сақталатынын атап өтті, бұл демократиялық өзгерістерге кедергі. Қоғамда «мемлекет халық үшін бірдеңе істеуі керек», «соғыс болмаса, кім билесе де бәрібір» деген көзқарастар кең таралған.

Қоғамның саяси қақтығыстарды зорлық-зомбылықсыз қабылдап, оларды диалог арқылы шешуге көшу қабілеті саяси кемелділіктің маңызды көрсеткіші. Қазір демократиялық процестерді имитациялайтын институттардың қалыптасу үрдісі байқалады.

Бақытжан Құрмановтың сөзінше, «Жаңа Өзбекстан» «Жаңа Қазақстан», «еститін үкімет», «деназарбаевизация» сияқты нарративтер пайда болуы авторитарлық режимдердің билікті сақтай отырып, оған әріптестік элементтер мен кейбір демократиялық институттарды енгізу арқылы «жаңғыруға» ұмтылысын көрсетеді.

Менің болжамым – қысқа мерзімді перспективада жағдай нашарлайды, бірақ ұзақ мерзімді перспективада оң өзгерістерге үміт бар. Біз адамдардың күту деңгейі жоғарылаған әлемде өмір сүріп жатырмыз, және «Назарбаев дәуіріне» қайта оралу мүмкін емес. Қазіргі уақытта демократиялық институттарды құру әрекеттері көбінесе тек сыртқы көрініске ұқсас болып көрінсе де, он жылдан астам уақыт ішінде белгілі бір дәрежеде үміт бар деп есептеймін. Егер үміт болмаса, біз не үшін жұмыс істеп, өзгерістерге ұмтылар едік?

Бақытжан Құрманов

Central Asia Think Tanks Forum 2024 шарасын Paperlab зерттеу орталығы CAPS Unlock аймақтық аналитикалық орталығымен және Нидерланд Корольдігінің Орталық Азиядағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Басты беттегі сурет Қазақстан президентінің баспасөз қызметінен алынды

Фактчекер. Координатор образовательных и исследовательских программ МЦЖ Medianet. Проектный менеджер сервиса опросов Demoscope

Factcheck.kz