Министрлік “Алтын белгі” жасауға 150 млн теңге бөлген

2023-2024 оқу жылдары елімізде 186 мың түлек 11-сыныпты аяқтаған. Осы орайда, мектепте 11 жыл үздік оқыған және мемлекеттік емтихандарын сәтті тапсырған түлектерге “Алтын белгі” иегері деген атақ береді. Аталмыш төсбелгіні дайындауға оқу-ағарту министрлігі бюджеттен қанша қаржы бөлді? Factcheck.kz редакциясы мемлекеттік сатып алу порталында “Алтын белгіні” дайындау жұмыстары бойынша қандай тендер жарияланғанын қарап көрді.

Тендер туралы

Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасымен 2024 жылдың 28 наурызында мемлекеттік сатып алу порталында бір дереккөздерден сатып алуға тендер жариялады. Министрлік жариялаған келісім шартқа сәйкес, “Алтын белгі” төсбелгісін дайындау жұмыстары қосымша құн салығын қосқанда 150 827 600 теңгеге бағаланған. Ал тапсырысты ұлттық банктің Қазақстан теңге сарайы алған.

Шарт нысанында жарияланған тендердің техникалық сипаттамасына сай, “Алтын белгінің” диаметрі 30 мм шеңбер болатын Л-80 мыс және мырыш металдарының арнайы қорытпасынан дайындалады. Белгінің бет жағында астынан лавр бұтағымен көмкерілген ашық кітап бейнеленуі тиіс. Ал осы бейненің үстіңгі жағында “Алтын белгі” деген алтынмен жазылған жазу шығыңқырап тұрады. “Алтын белгі” жазба контуры, ашық кітап және лавр бұтағының бейнелері бедер түрінде 1 мм алға шығыңқырап тұруы қажет. Белгінің артқы жағында латын әріптерімен «QAZAQSTAN» деген жазумен көмкерілген елтаңба бейнеленуі тиіс. Ал дайын төсбелгі картон қорапта болуы керек.

Техникалық сипаттамада, бір данасы 18 172 теңге (ҚҚС қосқанда – авт.) болатын “Алтын белгінің” 8 300 данасы дайындауы қажет екені жазылған. 2024 жылдың 21 мамырында болған үкімет отырысында министр Ғани Бейсембаев 2023-2024 оқу жылында “Алтын белгіге” үміткер түлек саны 7 704 екенін айтқан. Дегенмен оқу-ағарту министрлігі біз жолдаған ақпараттық сауалымызға: “185 638 түлек мектепті бітірді, оның ішінде 7 420 оқушы “Алтын белгі” төсбелгісіне ие болды”,- деп жауап берді.

Тапсырыс орындалды ма?

Мемлекеттік сатып алу порталында тапсырысты орындаушы Қазақстан теңге сарайы 2024 жылдың 15 мамырында көрсетілген қызмет бойынша 150 827 600 теңге алған. Келісім шарттың күшіне енген уақытынан бастап 45 жұмыс күн ішінде жасап, дайын өнімді картон қорапшасына буып-түйіп, тапсырыс берушінің өкіліне тапсыруы тиіс. Дегенмен де шарт бір жылға жасалып, 2024 жылдың 31 желтоқсанында аяқталуы керек. Ал тапсырысты орындау мерзімі 2024 жылдың 31 мамыры деп көрсетілген.

Өткен жылы тапсырыс қалай болды?

2022 жылдың 11 маусым күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім және ғылым министрлігін ғылым және жоғары білім және оқу-ағарту министрлігі деп екіге бөлінетіні туралы Жарлыққа қол қойған. Сол уақыттан бері оқу-ағарту министрлігіне мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру, қосымша білім беру, балалардың құқықтарын қорғау, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді цифрландыру саласындағы функциялары мен өкілеттіктері берілген болатын.

Біз мемлекеттік сатып алу порталында оқу-ағарту министрлігі болып бөлінгеннен кейінгі деректі іздеп көрдік. Ведомство мемлекеттік сатып алу порталында “Алтын белгіге” қатысты алғашқы шартты 2022 жылдың 23 мамырында жариялаған. Ал екі тарап келісім шартқа 13 маусымда қол қойып, аталмыш тендердің техникалық сипаттамасы бойынша 8 500 дана “Алтын белгі” дайындауға (ҚҚС ескере отырып бірлік үшін бағасы – авт.) 100 436 000 теңге бөлген. Ал сол уақытта оқу-ағарту министрлігінің жариялаған ақпаратына сай, 2022 оқу жылының соңында «Алтын белгі» төсбелгісіне 8 139 оқушы үміткер болған. Ал министрліктің бізге берген жауабында “2021-2022 оқу жылы 168 306 білім алушы мектеп бітірді, оның ішінде 7 939 оқушы жалпы орта білім туралы “Алтын белгі” аттестатына ие болды“,-дейді.

Ал 2023 жылы 17 сәуірде “Алтын белгінің” 6 500 данасын дайындауға ҚҚС ескере отырып бірлік үшін бағасы бюджеттен 84 448 000 теңге бөлінген тендер жарияланған. Дегенмен де ол тендермен ешкім келісім шарт жасаспаған. Оған себеп ретінде аталмыш ведомствоның келісім шарттың толық мәтінін жарияламауында.

Артынша министрлік 2023 жылдың 3 мамырында ҚҚС ескере отырып бірлік үшін бағасы 90 860 000 теңгеге 5 500 дана “Алтын белгі” медаліне қайта тендер жариялаған. Аталмыш тендер бойынша екі тарап 16 мамырында қол қойған. Ал, министрліктің 2023 оқу жылының соңында жариялаған ақпаратына сай, аталмыш төсбелгіге үміткерлер саны 6 800 болған. Ал министрліктің жауабына сай, 171 469 түлектің ішінен 6 750 мектеп бітіруші «Алтын белгі» төсбелгісіне ие болған.

Артылған төсбелгілер қайда?

Аталмыш төсбелгіні дайындау және тапсыру жұмыстары бойынша оқу-ағарту министрлігіне артылған “Алтын белгі” төсбелгерге не болатыны туралы сауал жолдап көрген едік. Министрлік төсбелгілерді дайындау үшін ұзақ уақыт кететінін, әрі өңірлерден алдын ала алынған “Алтын белгіге” үміткерлер санын ескеріп, өткен жылы артылған төсбелгілердің санын қосып, қаңтар-ақпан айларында тапсырыс беретіні туралы хабарлады. Министрлік мәліметіне сай, “Алтын белгіні” алу, беру және сақтауға оқу-ағарту министрлігінің орта білім беру комитеті жауапты және комитет төсбелгілердің есебі жүргізетіні туралы ақпарат берді. “Алтын белгі” төсбелігісінің тіркеу нөмері болмайды, дегенмен оны жалпы орта білім туралы аттестатымен бірге береді.

Журналист-фактчекер, әлеуметтік ғылымдар магистрі. Factcheck.kz сайтының авторы. Poynter Institute ұйымының онлайн-курсынан өткен.

Factcheck.kz