10 қазан, бейсенбіге қараған түні АҚШ-тың Флорида штатының батыс жағалауынан Милтон дауылы өтті. Дауыл өзімен бірге екпіні 70 м/с болатын торнадо мен күшті нөсер және су тасқынын ала келді. Кейін, медиа кем дегенде 14 адам осы дауыл салдарынан мерт болғанын жазды.
Осыған қатысты Instagram желісінің қолданушылары әртүрлі бейнеден жинақталған видео жариялап, пост сипаттамасына “Американың Флорида штатында не болып жатыр? Қорқынышты, Алланың қаһары түсті ме?” деп жазды (1, 2, 3); (архивтелген нұсқасы: 1, 2, 3). Жарияланым авторларының бірі — darkhannan_ аккаунты “Видеодағы жойқын дауыл басқа елде болған” деген ескерту қалдырған, дегенмен нақты қай дауылды не қай бейнені меңзегенін түсіндірмеген.
Осыдан соң Factcheck.kz редакциясы жарияланған видеоның Флорида штатынан өткен Милтон дауылына қаншалықты қатысы бар екенін анықтап көруді шешті.
Үкім: Фейк және дәлелденбеген
Несі фейк: Жарияланған посттар әртүрлі кезде түсірілген видеолардың қосындысы. Олардың Флорида штатындағы Милтон дауылына қатысы жоқ.
Несі дәлелденбеді: Құрастырылған видеолардың біреуінің шығу тегін біле алмадық (10-видео). Оның Милтон дауылына қаншалықты қатысы бар екені бізге белгісіз. Дегенмен Милтон дауылы кезінде түсірілген видеолар мен жаңалықтарды қарадық, мұндай видеоны көре алмадық. Бұл да бейненің АҚШ-тағы дауылға қатысы жоқ екенін жанама меңзейді.
Видеоның әрбір кадрын жеке-жеке талдайық.
№1: Құлаған қыз бен анасы
Видео қатты желден құлаған қыз бен әйелдің бейнесінен басталады.
Бірақ бұл видеоның АҚШ-тағы Милтон дауылына қатысы жоқ. Ол маусым айының 30-ы күні Қытайда түсірілген. New York Post газетінің Facebook парақшасындағы дерекке сай, анасы мен қызы қатты желдің екіпініне шыдамай, құлап қалған. Newsflare.com сайтында басқа ракурстан түсірілген бейне, әйел мен қыздың құлағаны бақылау камерасына түсіп қалған тұсы жарияланған.
№2: Үндістандағы су тасқыны
Видео су басқан көшенің бейнесімен жалғасқан.
Google-дың кері іздеу жүйесі арқылы видеоның желіде алғаш рет 2024 жылдың маусым айының 23 күні X әлеуметтік желісінде пайда болғанын көруге болады. Оның сипаттамасына “Itanagar current situation” (“Итанагардың қазіргі жағдайы”) деп жазылған. Итанагар — Үндістанның солтүстік-шығысындағы қала. Nagalandpost.com сайтының жазуынша, жексенбі, маусымның 23-і күні таңғы сағат 10:30 шамасында жауған нөсер Итанагардың әр жерінде және оған жақын аудандарда көшкінге себеп болған.
Видео жарияланған басқа әлеуметтік желідегі видеоларда да көшкіннің Итанагарда болғаны жазылған (1, 2, 3).
№3: Қытайдағы тасқын
Видеоның үшінші бейнесінен суда ағып бара жатқан көліктерді көруге болады.
Factcheck.kz редакциясы видеоның нақты қашан және қай жерде түсірілгенін таппады. Дегенмен, бейненің Милтон дауылына қатысы жоқ екені анық. Мысалы, видеоның сапалырақ нұсқасы бұған дейін TikTok желісінде 2021 жылдың шілдесінде жарияланған. Видеоның өзінде тасқын Қытайда болғаны жазылған. Бұл нұсқаға көк түсті көлік тіркеу нөмірі де (Қытайдың көлік тіркеу нөмірлері) жанама түрде дерек бола алады.
Қызығы, бұл кадрды ресейлік медиа 2024 жылдың қыркүйек айының басында солтүстік Вьетнамды, одан кейін Қытайдың Хайнань провинциясы мен Филиппиннен өткен Яги тайфунының кадры ретінде берген (1, 2).
№4: Алып толқындар мен кеме
Келесі видеодан алып толқындарды еңсеріп келе жатқан кемені көреміз.
Бұл видеоның да Милтон дауылына қатысы жоқ. Бейненің алғашқы нұсқалары 2018 жылдың мамырында жергілікті Hourpress.net сайтының әлеуметтік желісінде жарияланды, сайт мұның Мекуну циклоны екенін жазды. Видео сипаттамасында “Мекуну циклоны Йемен жағалауы мен Араб түбегіне жақындап келеді” деп жазылған.
№5: Су шайған жағалау
Келесі видеодан су шайған жағалауды, кішкентай ғимаратқа кеп соғылған толқынды көреміз.
Бірақ бұл видеоның да Милтон дауылына қатысы жоқ. Бейне желіде алғаш рет 2023 жылдың 28 қарашасында пайда болған. Сипаттамасында мұның Гаграда болған 27 қарашадағы дауыл екені жазылған. Видео 2023 жылдың желтоқсанында Youtube.com платформасындағы Rumble Viral арнасында да жарияланып, онда да Гагра қаласының жағалауында болған дауыл бейнеленгенін жазды.
Видеоның алғаш пайда болуы мен сол кезде расымен Қара теңізде дауыл тұрғанын ескерсек, бейне сипаттамасы рас болуы ықтимал. 27 қарашада Ресейдің оңтүстік аймақтары мен Украинаның шығысында дауыл тұрып, теңізге жақын аймақтар зардап шекті. Бұл дауыл Гагра қаласын да айналып өтпеді.
№6: Күмәнді алып құйын
Бұдан кейінгі бейнеден алып құйынды, құйынға қарай бара жатқан көлікті және құйынның жанында ұшып бара жатқан әлденені көреміз.
Дегенмен бұл видео желіде кем дегенде 2022 жылдың 27 қаңтарынан бері тарап келеді. Бейне қаңтар айынан соң да бірнеше рет, сол жылы 28 ақпанда, сәуірдің 18-де, 8 мамырында да жарияланған. Ал 2022 жылғы 29 маусымда Istockphoto.com сайтында Rida Nawaz аккаунты атынан жарияланды.
Видео, шамасы, жасанды интеллект көмегімен жасалған. Бұған құйын маңында “ұшып бара жатқан” әлдеқандай объект те жанама дәлел бола алады.
№7: Жел ұшырған…
Құйын видеосынан кейін ұшып жатқан ұсақ заттарды, қатты желді көреміз.
Дегенмен бұл видеоның да Милтонға қатысы жоқ. Бейне 16 шілдеде iWeatherNet сайтының Facebook парақшасында жарияланған. Пост сипаттамасында “Nasty storm that just tore through Urbandale, IA on the west side of #DesMoines #tornado” (қаз – “Урбандейлден қорқынышты дауыл өтті, Айова штаты, #ДесМойнс батыс жағындағы #торнадо”) деп жазылған.
№8: Төніп келе жатқан бұлт
Бұдан соң, қалаға тездетіп төніп келе жатқан бұлтты көреміз.
Сурет арқылы кері іздеп, бұл видеоның да ескі екенін таптық. Дәл осы бейне, бұған дейін 2022 жылы 3 тамызда Facebook парақшасында жарияланған. Онда мұның Аустралияның Перт қаласында түсірілгені, “жаңбыр бомбасының” тездетілген нұсқасы деп сипаттаған.
№9: Жағажай мен дауыл
Бұлттан соң ағаштарды майыстырып жатқан қатты желді көреміз.
Дегенмен бұл видеоның да Милтон дауылына қатысы жоқ. Бейне YouTube платформасының TeleAmbiente арнасының аккаунтында 2024 жылы 4 шілдесінде жарияланған. Оның сипаттамасында мұның Берилл дауылы екені айтылады.
№10: Қонақ үй жанындағы жел
Осыдан кейінгі видеода қатты жел мен ғимаратты көреміз. Онда қонақ үй деп жазылған болуы мүмкін.
Барлық видеоның ішінен Factcheck.kz редакциясы осы видеоның ғана қаншалықты шындыққа жанасатынан біле алмады. Мұның себебі — видеоның тым қысқа екенідігі мен сапасы нашарлығы. Дегенмен Милтон дауылы кезінде түсірілген видеолар мен жаңалықтарды қарадық, мұндай видеоны көре алмадық. Бұл да видеоның АҚШ-тағы дауылға қатысы жоқ екенін меңзейді.
№11: Бұршақ пен көліктер
Видеоның соңында бұршақтың жауып жатқанын көруге болады.
Дегенмен бұл видеоның да Милтон дауылына қатысы жоқ болып шықты. Видео биыл маусымның 7-і X әлеуметтік желісіндегі This Is Slovakia аккаунтында жарияланып, онда мұның Словакия болғаны жазылған.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.