Мемлекет «мықты адамның» басқаруымен ғана гүлдене ме?

Әртүрлі елдегі пікірталастарда (1, 2, 3, 4, 5) мемлекетті «мықты адам» басқаруы керек деген дау толастар емес. Мұндай әңгімелерде «мықты адам» деп көбіне «тәртіп енгізе алатын» және мемлекетті тұрақтылыққа жетелейтін авторитар лидерді меңзейді.

Factcheck.kz редакциясы демократиялық басқарумен салыстырғанда расымен де «биліктің мықты қолы» жақсырақ па деген сұраққа жауап іздеп көрді.

«Мықты адамның басқаруы» нені білдіреді?

Саясаттанушы Артёма Земцовтің сөзінше «мықты адамның» басқаруы дегенде саяси, экономикалық және басқа да аспектілерде нақты және жеке дара шешім қабылдайтын лидерді көру, қоғамның биліктің бір қолда болуын қолдау, мұндай жағдайды бәрі үшін игі жағдай деп көру ниеті айтылады. Басқаша айтсақ, «биліктің мықты қолы» деген бұқара санасында мемлекеттің авторитар моделі дегенге саяды.

Мемлекеттерді демократиялық және авторитар деп бөлу шартты ұғым. Әр мемлекетте негізгі институттардың қалай жұмыс істейтініне және өзара әрекеттесуіне қарай әртүрлі режим элементтерін көруге болады: бұқаралық ақпарат құралдары қаншалық тәуелсіз, күш құрылымдарының құзыреті қандай, билік тиімді бөлінген бе? Әлеуметтанушы Роберт Михельстің «олигархияның темір заңына» сәйкес, кез келген құрылымда, мейлі демократиялық, мейлі авторитар болсын, биліктің кішігірім топтарда шоғырлану тенденциясы бар. Демократиядағы тиімді теңгерім мен қарама-қарсылық жүйесі, биліктің ауысып отыруы бұл заңның әсерін төмендетіп отырады, бірақ кез келген режимде осы тенденция сақталады. Сондықтан, қандай да бір мемлекетті белгілі бір режимге телігенде, нақты топтар туралы емес, оның спектрі туралы айтады. Демократияның әртүрлі индекстеріне сәйкес, мемлекеттің спектрде орналасуы қандай критерийдің анықтаушы екеніне байланысты: сайлаудың әділ өтуі, теңгерім мен тежеу жүйесінің болуы және тиімділігі, сөз бостандығы, адам құқықтарының сақталуы, экономикалық еркіндік және т.б.

The Economist (The Economist Democracy Index) басылымының демократия индексі режимдерді «толық демократия», «кемеліне жетпеген демократия», «гибрид режим» және «авторитар» деп бөледі.

Мемлекет «мықты адамның» басқаруымен ғана гүлдене ме?
Дереккөз: EIU индексі деректері бойынша Wikimedia

BTI (Бертельсманның трансформация индексі) демократияландырудың және нарықтық экономикаға өтудің әлемдік процестерін саралайды. Индекс «тұрақты демократия», «тиімді емес демократия», «өте тиымды емес демократия», «орташа автократия» және «қатаң автократия» деп бөледі.

Мемлекет «мықты адамның» басқаруымен ғана гүлдене ме?
Дереккөз: BTI

Freedom House құқық қорғау ұйымының жаһандық бостандық рейтингі мемлекеттердегі саяси және азаматтық құқықтарды бағалайды және оларды «азат», «ішінара азат» және «азат емес» деп бөледі.

Мемлекет «мықты адамның» басқаруымен ғана гүлдене ме?
Дереккөз: Freedom House

Жоғарыда айтылған индекстердің әдістемелеріндегі айырмашылықтар әртүрлі нәтижеге алып келген. Мысалы, BTI индексі Қырғызстанды өте тиімді емес демократияға жатқызса, EIU индексі авторитар режим деген, ал Freedom House азат емес мемлекеттер қатарына қосқан. Пәкістан BTI индексі бойынша қатаң автократияға, EIU индексінде гибрид режимге, ал Freedom House дерегінше азат емес мемлекетке жатады. Жіктеудің қиындығы мен қарама-қайшылықтары болғандықтан, бұл мақалада біз «авторитаризм» мен «демократияның» жалпы сипаттамаларына жүгінеміз.

Демократия, авторитаризм, тоталитаризм

Режимдерді салыстырмас бұрын, біз айтатын ұғымдарға тоқтала кеткен жөн.

Демократияны демократиялану процесі деп қабылдау керек.

Хейки Патомаки, Тейво Тейвайнен. «A Possible World: Democratic Transformation of Global Institutions» кітабы

Жалпы алғанда, демократия деп биліктің легитимдігінің көзі — халықтың қалауы болған жүйені айтамыз. Демократия кезінде азаматтардың бәрі дауыс беру құқығына теңдей ие және бұл құқықты мемлекеттің саясатын құру үшін қолдануға ерікті. Қазіргі заманда демократия өкілдік формаға ие, яғни, азаматтар саяси шешімдер қабылдауға тікелей араласпайды, бірақ сайлау арқылы өзінің өкілдерін тағайындайды. Бұл жүйе «демократия» болып қалып отыр, себебі екі негізгі принципке негізделген: бәрінің тең болуы (бір адам – бір дауыс) және әр адамның жеке автономияның белгілі бір деңгейіне ие болу құқығы (ар-намыс бостандығы, сөз бостандығы және т.б). Азшылықтың мүдделері мен құқықтары толықтай назардан тыс қалатын «көпшіліктің басқару» жүйесі демократияға жатпайтынын айта кету керек. Демократияда қандай да бір мәселені қарастырған кезде халықтың әртүрлі топтарының мүддесі ескеріледі және консенсус арқылы шешім қабылданады, мүдделердің тоғысқан жерін табуға міндетті болады.

Көптеген мемлекет ұмтылып отырған «таза», «мінсіз» демократия осындай. Бірақ саясаттанушылар (1, 2, 3, 4, 5) қазіргі таңда ондай демократия да, демократияның әмбебап моделі де жоқ дейді.

Мына әлемде басқарудың әртүрлі формасы болды және бола береді. Демократияның мінсіз емес екенін бәрі түсінеді. «Әр уақытта болған басқару формаларының бәрін ескермегенде, демократия  — ең жаман форма» деген сөз дұрыс айтылған болса керек.

Уинстон Черчилль, Британия Парламенті қауымдық палатасында 1947 жылғы 11 қарашада сөйлеген сөзі

Алайда, демократиялардың бәрінде белгілі бір деңгейде БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комиссиясы атаған элементтер болуы керек:

  • адам құқықтары мен негізгі бостандықтардың сақталуы;
  • жиналу бостандығы;
  • сенім мен өзін-өзі көрсету бостандығы;
  • билікке қолжетімділік және оның құқықтың үстемдік құру принципіне сәйкес іске асырылуы;
  • халықтың еркі ретінде жалпы және құпия дауыс беру негізінде еркін әрі әділ сайлау өткізу;
  • саяси партия мен ұйымдардың плюралистік жүйесі;
  • билік тармақтарының бөлінісі;
  • сот билігінің тәуелсіздігі;
  • мемлекеттік басқару органдарының жұмысындағы транспаренттілік және есептілік;
  • еркін, тәуелсіз және әртүрлі пікірді көрсететін бұқаралық ақпарат құралдары.

Жоғарыда айтылғандай, барынша осы сипаттамаларға сай келетін демократиялық мемлекеттің табылуы екіталай. Алайда осы құқықтар мен ережелердің толық сақталмауының өзі бір адамға немесе топқа шексіз биліктің берілу мүмкіндігін шектеп (толық жоймаса да), демократия болып қалуға мүмкіндік береді. Басқаша айтсақ, демократияның негізгі сипаттамалары оны автократиядан ерекшелендіреді және сондай болудан қорғап тұрады.

Авторитаризм* — саяси билік нақты адамның, топтың, партияның және т.б. қолында болатын саяси режим. Авторитар лидерлерді азаматтар сайламайды және олар халыққа есеп бермейді, сондықтан мұндай режимдердегі билік әрекеттерін заң шектемейді я қағаз жүзінде ғана шектейді. Азаматтар ерік білдіре алмайды, олардың автономдығы да саяси емес салалармен шектелген, азаматтар мемлекетті басқару процестеріне қатыстырылмайды, саяси элита бәсекеге сай электроралды күрес арқылы емес, жоғарыдан таңдау арқылы құрылады. Саяси институттардың, ең алдымен биліктің өкілдік органдарының рөлі төмен немесе демократиямен салыстырғанда мардымсыз, ал теңгерім мен қарама-қарсылық жүйесі тиімді емес. Авторитар режимдер белгілі бір плюрализмге жол бере алса да, шынайы саяси оппозиция жоқ не шектеулі. Авторитар режимдер пропаганда мен репрессия арқылы басқарылады, сондықтан мұндай режимде күш құрылымдары мен мемлекеттік БАҚ үлкен рөл атқарады. Тәуелсіз ақпарат агенттіктері мен журналистер цензура мен қудалауға тап болады. Авторитар билік азаматтардың жеке өміріне қызықпайды және саяси емес белсенділікті сирек шектейді. Демократиялар секілді, авторитар модельдер әртүрлі бола алады және репрессияның қаталдығы, институттардың тиімділігінің деңгейі, өмір сүру ұзақтығы секілді белгілері бойынша ерекшелене алады. Кей авторитар режимдер демократиялық сипатта көрінуі мүмкін, ал басқалары тоталитарлыққа ұқсайды. Алайда мұндай мемлекеттердің жұмысын мұқият қарастырған кезде демократиялық не тоталитарлық сипаттар авторитаризмге арқау болған элементтер ғана екені байқалады.

Авторитаризм кез келген формада бостандықты ығыстырады я болмаса шектейді, бірақ оны жоққа шығармайды. Ал тоталитарлық билік бостандықты шектеуді емес, оны жоюды мақсат етеді.

Ханна Арендт, саяси философ, тарихшы

Биліктің бір адамның немесе бір топтың қолында шоғырлануына келгенде екі режим сырт көзге ұқсас көрінгенімен, авторитаризм мен тоталитаризмнің басты айырмашылығы — жан-жақты қатал идеологияның болмауы және халықтың жеке өміріне бей-жай қарауы. Авторитар билік азаматтардың саяси өмірге араласуына мүдделі емес және пропаганда арқылы олардың селқостығы мен кво-статусын сақтау ниетін жақтап отырады. Ал тоталитаризм мемлекет пен жеке тұлға арасындағы шекараны толықтай жойып, идеология мен азаматтардың жаппай индоктринациясына сүйенеді. Тоталитаризмге жаппай репрессия тән — террор, ал оны жүзеге асыру үшін халықтың саяси және идеологиялық мобилизациясы қажет. Бүгінгі таңда World Population Review дерегінше тек 4 мемлекет тоталитарлы саналады: Солтүстік Корея, Түркіменстан, Ауғанстан мен Эритрея.

Бұрынғы кездерге қарағанда қазіргі замандағы авторитар режимдер демократияны жиі иммитациялайды және репрессияға көп жүгіне бермейді. Саясаттанушылар Дженнифер Ганди мен Адам Пшеворский авторитар режимдер бұған мемлекет ішіндегі қауіпті сейілтіп, демократиялық елдердің әріптестігіне қол жеткізу үшін баратынын айтады. Соңғысының белгілі бір қаупі бар, себебі демократиялық лидерлерге авторитар әріптестерін қолдау тиімді болуы мүмкін, дейді Нью-Йорк университетінің саяси ғылымдар профессоры Брюс Буэно де Мескита.

Демкоратиялық лидерлердің алдында тұрған негізгі мақсат – басқа мемлекеттердегі емес, өз еліндегі сайлаушыларға тиімді саясат жүргізу. Атворитар лидерге достарын тыныштандыру қажет болғандықтан, көбіне демократиялық лидерлер қажет нәрсені істету үшін диктаторларға жай ғана ақша төлеп отыруға барады. Бұл ақша керек диктаторға да, өз еліндегі саясатты қажет ететін демократқа да тиімді.

Брюс Буэно де Мескитаның BBC-ге сұхбаты

*Кей дереккөздерде (1, 2, 3, 4, 5) «авторитаризм», автократия, «диктатура» және тіпті, «тоталитаризм»/«тоталитар» ұғымдары теңестіріліп, синоним ретінде қолданылады. «Авторитариз» мен «диктатура» ұғымдары көп жағдайда жақын болғанымен, бірдей емес, себебі диктатурақарулы зорлық-зомбылық арқылы шексіз билік орнату, сәйкесінше, тоталитар режимдерді диктатура деп атауға да болады. «Авторитаризм» мен «автократия» ұғымдары да синоним емес, себебі соңғысы бір адамның абсолютті билігін меңзейді. Авторитар режим лидері нақты адам ғана емес, саяси партия да, әскери топ (хунта) та бола алады. Сондықтан әрі қарай біз диктаторлар туралы айтқанда, авторитар лидерлерді меңзейміз және «авторитаризм» мен «автократия» терминдерінің ара-жігін бөлмейміз, себебі авторитаризм — мемлекет пен қоғамның өзара әрекеттесу процесстерін сипаттайтын кең ұғым. Тоталитар режимдер қазіргі таңда аз мемлекетте байқалады, сондықтан бұл сараптамада оған бөлек тоқталмаймыз.

«Диктатор парадоксі»

Диктатор парадоксі я болмаса дилеммасы (ағылш. Dictator’s dilemma) деп лидер мен оған бағынушының, билік пен азаматтардың арасындағы ақпараттық асимметрияны айтады. Парадокс мәні мынада: авторитар лидер мен оның қол астындағыларда ақпарат алмасуда проблема болады: диктатор қол астындағылардың не ойлайтынын (не ойлағаны барын) білмейді, ал бағынушылар диктатордың не ойлайтынын білмейді. Билік репрессиялар арқылы күшейген сайын диктатордың жалған ақпарат алу мүмкіндігі де арта береді. Бағынушылар жазаланудан қорқып, автократқа ол естігісі келетін ақпаратты айтады. Авторитар лидер қол астындағыларға зиян тигізбей, олардың ризалығын сақтауға уәде беруі мүмкін, бірақ қол астындағыларда автократты сол келісімді орындауға итермелеу механизмдері болмайды.

Диктатор парадоксі эффекті оның айналасындағылармен өзара байланысына ғана емес, азаматтармен қатынасына да тарайды. Халықтан кері байланыс алудың жұмыс істейтін механизмдері болмағанда (мысалы, әділ сайлау мен митиң мен наразылық акциларына шығу мүмкіндігі), авторитар лидер өзі мен оның саясатының халық арасында қаншалық танымал екенін, қандай маңызды проблемалар бар екенін білмейді. Бұл ақпараттық алшақтық шешім қабылдауды қиындатады және тиімсіз басқаруға алып келеді.

Салыстыру әдістері

Жеке бір мемлекеттегі өмір сүру жағдайын анықтайтын өзара ықпал етуші факторлар көп болғандықтан, біз демократиялық және авторитар елдерді не әр мемлекетке сай келетін кезеңдерді (мысалы, Солтүстік және Оңтүстік Корея немесе Франко кезіндегі және қазіргі Испания) емес, жалпы режим типтерін салыстырамыз. Біз салыстыратын негізгі алты критерий: экономикалық даму, жемқорлық, денсаулық сақтау және азаматтардың өмір сүру ұзақтығы, дағдарыстармен күресу тиімділігі, қылмыс және саяси тұрақтылық.

Экономикалық даму

Бүгінгі таңда демократия мен автократияның қайсысы экономикалық дамуға апаратынына қатысты ортақ пікір жоқ. Сингапур, Тайвань (80 жылдардың аяғы мен 90 жылдардың басындағы демократияға өту кезеңіне дейін), Оңтүстік Корея (1987 жылдағы демократияландыруға дейінгі кезең) және Қытай экономика саласында демкоратиялық емес режимдердің қаншалық тиімді болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Алайда, зерттеулер көрсеткендей (1, 2, 3), бұл шығыс-азиялық елдердің мысалын ережеден гөрі, ерекшелік деуге болады. Ал демократия болмай, жемқорлық деңгейінің жоғары болуына қарамастан болатын экономикалық өсім тенденциясын Шығыс-Азия парадоксі деп атайды.

Жалпы, авторитар режимдерге экономикалық өсімге кепіл бар деп есептеуге себеп жоқ. Белгілі бір уақытта жан басына шаққандағы ЖІӨ секілді экономикалық көрсеткіштер жақсы болғанымен, мамандар автократиядағы экономикалық ғажайып ұзаққа созылмайтынын және нақты лидердің әрекеттері мен біліктілігіне байланысты екенін айтады. Автократтардың басты артықшылығы – олар азаматтар мен олардың қалауын ескермей, біржақты пікір қабылдай алады, халықтың қажеттіліктерін елемей, ресурстарды алға қойылған мақсаттарға жұмсай алады. Бұл өте аз уақытта үлкен реформалар жүргізуге мүмкіндік береді. КСРО мен Қытайдағы қарқынды индустрияландыру мысал бола алады. Ал демократиялық лидерлер әртүрлі топтың пікірін назарға алады, жұмсалған қаражат туралы есеп береді және сәтсіздік болған жағдайда саяси беделін бәске тігеді.

Экономика бойынша Нобель сыйлығының иегері Гэри Бэккер автократияның экономикалық жетістігі демократиялық елдерге қарағанда жоғары бола алатынын, бірақ тұрақсыздау және дағдарыс кезінде автократия экономикасы қатты құлдырауы мүмкін екенін айтқан. Тұрақты даму неміс институты жасаған бақылау орташа есеппен демократия экономикалық дамуда автократияны басып озбағанын, қатты қалыс та қалмағанын дәлелдейді. Алайда экономикалық емес көрсеткіштерде (балалар өлімі, өмір сүру ұзақтығы, білім деңгейі және т.б.) демократияның өсімі тұрақты және жоғары.

  • Мемлекет «мықты адамның» басқаруымен ғана гүлдене ме?
  • Мемлекет «мықты адамның» басқаруымен ғана гүлдене ме?
  • Мемлекет «мықты адамның» басқаруымен ғана гүлдене ме?

Жемқорлық деңгейі

Мемлекет «мықты адамның» басқаруымен ғана гүлдене ме?
Жемқорлықты қабылдау индексі. Дереккөз: Transparency International ұйымының 2022 жылғы баяндамасы

Экономист Сергей Гуриевтің сөзінше, жалпы алғанда жемқорлық деңгейі демократиялық емес режимдерде жоғары. Саяси бәсекелестік деңгейі жоғары болып, демократия ерте орнаған сайын жемқорлық төмен. Алайда демократияның болмауы не жемқорлықтың қайсысы бірінші орында екені әлі анық емес.  

Жалпы, […] себеп-салдарлық байланыстың қай бағытта екенін білмейміз. Жемқорлық демократиялық емес режимдерде жоғары болуы мүмкін, себебі онда саяси бәсеке шектеулі, биліктің есеп беруі төмен және көбірек ұрлай бергісі келеді. Екінші жағынан, кері себеп-салдарлық байланыс та бар: жемқорлық жоғары болған сайын, басқарушы топта демократияға өтуге қарсы тұруға стимул көп болады, десе де, демократияландыру, демократиялық емес режимнен демократиялық режимге өту мүмкін. Сондықтан себеп-салдарлың байланыстың қай жаққа бағытталғанын түсіну қиын, тіпті, мүмкін емес.

Сергей Гуриев, экономист
Мемлекет «мықты адамның» басқаруымен ғана гүлдене ме?
Әлемде жемқорлықты қабылдау индексі, 2021 жыл. Көрсеткіш түстік мәндерде жоғары болған сайын, қоғамда жемқорлық аз болады. Экономиканың даму деңгейінің өсі (көлденең), демократия/автократия деңгейінің өсі (тігінен).

Гарвард университетінің профессоры Мэттью Стивенсонның еңбегінде айтылған зерттеулер Сергей Гуриевтің сөзін растайды. Осы күнге дейін демократия деңгейі мен жемқорлық арасындағы тікелей байланыс анықталған жоқ — демократияландыру жемқорлықты қабылдау деңгейінің төмендейтінін білдірмейді. Демократиялық режимнің жасы ықпал ететін сияқты. Стивенсон айтқандай, жемқорлықты қабылдау деңгейі демократиялық емес елдерге қарағанда жаңа демократияларда жоғары. Басқа экономистер мәселе режимнің жасында емес, жас демократиялардың басқа да сипаттамаларында деген пікірді айтады. Мысалы, мұндай режимдер парламенттіктен гөрі, президенттік болады, шешімдер пропорционал өкілдікті ескермей, көпшілік дауысымен қабылданады, әлі қалыптаспаған институттар асыра пайдалануға көбірек мүмкіндік қалдырады. Бәлкім, мемлекет либерал демократия болғанда, демократиялық институттар дамығанда және азаматтық қоғам білімді және дамыған жағдайда ғана жемқорлық деңгейі айтарлықтай түсетін шығар.

Зерттеушілер үшін тағы бір қызық мәселе — жемқорлық, экономикалық өсім мен режим типінің арасындағы өзара байланыс. Кембридждік «Институционал экономика журналында» жарияланған зерттеуге сәйкес, автократияларда жемқорлық көбіне экономикалық өсіммен ассоциацияланады. Ең жарқын мысал жоғарыда айтылған жемқорлық пен жоғары экономикалық өсім қатар келген «шығысазиялық парадокс» елдері бола алады.

Зерттеушілер бұл автократия эффектін билік ауыспайтын болғандықтан мұндай режимдердегі саясаткерлердің ұзақ мерзімге жоспарлайтынымен байланыстырады. Өздерінің «басқару» мерзімін ескеріп, автократиядағы билік саяси қолдау үшін ақша төлеуге дайын бизнес пен кәсіпорындардың дамуына мүдделі. Өз кезегінде автократиялардағы бизнес иелері мемлекеттік қызметкерлермен келісімге баруға бейім, себебі саясаткерлер өз міндеттерін айтарлықтай ұзақ уақыт атқара алатынына сенімді. Мемлекет пен бизнестің мұндай қарым-қатынасының моделі —Кембридж анализіне сәйкес Африка мен Латын Америкасындағы автократияның неліктен жемқорлық жоғары болса да экономикалық өсімге жетпегенін көрсетеді. Бұл мемлекеттердегі саяси лидерлердің жағдайы тұрақсыз болғаны сонша, олар құзыреттерінің ұзаққа созылатынына сенімді емес. Сәйкесінше, мұндай автократтар қысқамерзімді пайда алуға бағытталып, пара беріп отыратын бизнестің гүлденуіне мүдделі емес.

Алайда, демократия деңгейі мен жемқорлық деңгейінің өзара ықпалы туралы кез келген қорытындыға байыппен және күмәнмен қарау керек екенін айта кеткен жөн. Біріншіден, ескерілуі керек көптеген аспекті үшін жемқорлықты нақты өлшеу мүмкін емес, ал деректердің өзі «ластанған» болуы мүмкін: жемқорлықты қабылдау индексі, аты айтып тұрғандай, азаматтардан жауап алу арқылы жасалады, яғни, елдегі шынайы жағдайды емес, субъективті пікірді негізге алуы мүмкін. Жемқорлық дегенде негізінен пара алу, ақша шашу мен тамыр-таныстық ойға келгенімен, ол басқа да формада, кейде заңды түрде де болуы мүмкін, мысалы, лобби жасау және саяси қолдау. Соңғы айтылғандары қоғамға байқала бермейді, сәйкесінше, жемқорлықты қабылдау индексінде ескерілмеген болуы мүмкін. Екіншіден, әртүрлі режимдерде азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу деңгейі әртүрлі, сондықтан, баспасөз құралдары жемқорлық қылмыстар туралы айта бермейтіндіктен, автократияларда азаматтар шынайы жағдайды білмеуі мүмкін.

Денсаулық және азаматтардың өмір сүру ұзақтығы

Our World in Data ұйымы жинаған деректерге сәйкес, азаматтардың денсаулық деңгейі мен саяси режим типінің арасында тікелей байланыс бар: орташа есеппен демократиялық елдерде азаматтардың өмір сүру ұзақтығы авторитар елдерден жоғары.

Стэнфорд университеті мен АҚШ халықаралық қатынастар кеңесі мамандары 170 мемлекеттің 1980-2016 жылдардағы көрсеткіштерін зерттеп, нақты себептерден болатын өлім деңгейі (жүрек-қан тамырлары ауруы, рак, АИТВ, туберкулёз және басқасы) демократияландыру өсімімен қатар төмендеп отырған деген қорытынды жасаған. Зерттеушілер денсаулықтың жақсы болуын орташа есеппен демократиялардағы денсаулық сақтау саласы шығындарының дағдарыс жылдарының өзінде жоғары болатынымен және жемқорлықтың төмендігімен түсіндіреді. Бұл факторлар өз кезегінде еркін сайлаумен және сайлаушылар алдында ашық есеп берумен байланысты.

  • Мемлекет «мықты адамның» басқаруымен ғана гүлдене ме?
  • Мемлекет «мықты адамның» басқаруымен ғана гүлдене ме?
  • Мемлекет «мықты адамның» басқаруымен ғана гүлдене ме?

Ғалымдар анализде ЖІӨ мен сырттан келетін материалды көмекке тәуелді емес көрсеткшітерді ескеруге тырысқанымен, BTI графиктері мемлекеттің экономикалық жағдайының, денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы мен азаматтардың денсаулық көрсеткіштерінің ара-қатынасын көрсетеді. Сондықтан бұл аспектіде мемлекеттің экономикалық жағдайы емес, режим типі ықпал етеді деп нық сеніммен айту қиын.

Мемлекет «мықты адамның» басқаруымен ғана гүлдене ме?
Оң жақтағы графиктен байқалғандай, денсаулық сақтау саласы шығындары тігінен тұрған өсте демократия деңгейін көрсететін тігінен тұрған өсте емес, көлденең өсте — ЖІӨ жан басына шаққандағы көлемі — белгіленген.

Тиімділік

Екі режим типі дағдарыстармен қаншалық тиімді күресетінін түсіну үшін біз автократия мен демократиялар екі жаһандық дағдарыс: COVID-19 пандемиясы мен климаттың өзгеруіне байланысты қабылдаған шешімдерін салыстырдық. Біріншісін еңсеру жылдам әрекет етуді және қолда бар ресурсты мобилизациялауды, ал екіншісі алдын ала жоспарлауды қажет етеді.

COVID-19 пандемиясымен күрес

Мемлекет «мықты адамның» басқаруымен ғана гүлдене ме?
COVID-19 таралуымен күрес бойынша шаралар деңгейінің индексі, 2020 жылғы 15 наурыз. Дереккөз Our World in Data

Кейінгі кездердегі дағдарыстардың ішінде болған COVID-19 пандемиясы әртүрлі режимдердің қатты дағдарыстармен қалай күресетінін көрсетті. Әртүрлі билік тиімділіктерін зерттеу 2020 жылғы наурыздағы локдауннан кейін бірден пайда бола бастады. Сол кезде-ақ режим типі биліктің «вагонша дилеммасын» қалай шешетінінде де екінші орында рөл ойнайтыны байқалды — экономикаға қауіп төндіріп, қатал карантин енгізу (1, 2) немесе азаматтардың өмірін қауіпке тігіп, шектеулерді барынша жеңілдету (1, 2). Авторитар режимдер репрессивті аппарат есебінен шектеулерді сәтті енгізуі керек сияқты көрінуі мүмкін, бірақ Иранның мысалы жазалау қаупі короновирус шектеулерін жақсырақ орындауға әкелмейтінін көрсетеді.

Карнеги қорының 2020 жылғы наурыздағы баяндамасына сәйкес, билік енгізген шектеулердің табысты болуы негізінен халықтың билікке сеніміне байланысты болған және мұнда азаматтардың билікке сенімі мен демократия деңгейі арасында корреляция жоқ. Edelman  компаниясы жасаған сенім рейтингінде 27 мемлекеттің ішінде Қытай мен Сингапур  2020 жылы екінші және бесінші орында болған, ал АҚШ пен Италия 21 және 15 орында жайғасқан. Билік әрекеттеріне сене отырып, азаматтар карантинді ұстанып, маска тағып, коронавирусқа тест тапсыруға келіскен. Бұл шектеу шараларының жылдам және тиімді қолданылуын қамтамасыз еткен. Ақыр соңында Қытай азаматтары карантиннен және ПЦР тест тапсырудан шаршап, жаппай наразылыққа шықты, бірақ бұл 2022 жылдың аяғында, пандемия төмендеген шақта болды және бір жылдан соң Италияда да карантин шараларын қатаңдатуға қарсы наразылықтар туды (мемлекетте шектеу шаралары онсыз да ішінара сақталған еді).

Әртүрлі мемлекеттерде пандемияға ықпал еткен факторлардың бірі — бірізді шешім қабылдау тиімділігі және жылдамдығы. Бұл аспектіде демократиялық мемлекеттер арасында АҚШ жақсы жақтан көрінген жоқ. Онда республикалықтар мен демократтар арасында коронавируспен күресу жолдарына қатысты келіспеушілік туды.

Өкінішке қарай, біз авторитар және демократиялық елдердегі COVID-19 жұғу көрсеткіші мен өлім көрсеткішін салыстыра алмаймыз. Біріншіден, авторитар режимдерге билік үшін тиімді нарратив барына қарамастан, демократиялық елдердің өзінде өлім деңгейінің ресми деректері мен шынайы жағдай өзгеше болды.

Екінші және салмақты себеп — тікелей коронавирустан қайтыс болған адамдардың нақты санын есептеу қиындығы.

Климаттың өзгеруімен күрес

Конрад Аленауэр қоры дайындаған баяндамада автократия мен демократиялар климаттың өзгеруімен күресуде жетістікке жете алуының себептері қарастырылған.

Бұл мәселеде автократиялардың негізгі артықшылығы биліктің өзгермейтіні және саяси лидерлер құзыретінің кеңдігі болып отыр. Атвократтардың билік уақыты шектелмегендіктен, олар климат проблемаларын шешу үшін бірізді және ұзақмерзімді шешімдер қабылдау мүмкіндігіне ие. Автократтардың шексіз билігі оларға кез келген бағдарламаны жылдам енгізуге, тыйым мен шектеулер қоюға, сонымен қатар мүдделі тараптардың пікірін ескерместен кез келген бюджетті инвестициялауға мүмкіндік береді.

Демократияның артыққшылығы климат проблемасы туралы ақпараттың қолжетімділігінде, сонымен қатар пікір білдіру еркіндігі мен азаматтық қоғамның дамуында. Бұл «жасыл» ұйымдарға қоғам пікіріне, сәйкесінше, саясаттағы күн тәртібіндегі мәселелерге (1, 2) де ықпал етуге мүмкіндік береді. Алайда демократиядағы эко-белсенділер мен зерттеушілер жаһандық жылынуға қатысты жағдайды өзгертуге бұл жеткіліксіз дейді.

Сонымен қатар, демократиялық режимдердегі шешім қабылдау айтарлықтай уақыт алуы мүмкін, себебі заңға ғана сүйенбей, әртүрлі топтар мен партиялардың мүдделерін ескеріп, шығындар мен оның тиімділігін мұқият ойластыруы қажет. Климат проблемаларын шешу үшін мұндай жағдай шараның іске асыру уақыты келгенде оны пайдасыз қылуы мүмкін. Сонымен қатар билікте аз уақыт отыру мен танымал емес шешімдердің саяси бағасы демократиялық саясаткерлерді қысқа мерзімге бағытталған популистік қадамдар жасауға итермелейді.

Уппсаль университеті әлеуметтанушысы Даниэль Линдвалл сөзінше, демократияларда шешім қабылдауға ірі мұнай-газ компаниялары да ықпал етеді. Корпорациялар биліктегі мүдделеріне лобби жасап, сол үшін демократиялық құралдарды пайдаланады. Жарқын мысал — британ мұнай компаниясының акваториядағы мұнай орнын өңдеуге тыйым салған Италия билігін сотқа беруі.

Мұнай-газ индустриясы заң шығару процесіне белсенді араласатындықтан, АҚШ, Аустралия, Канада секілді демократиялық мемлекеттер экологиялық тиімділік жағынан әлемдік рейтингте кейбір автократ елдерден төмен. Тұр. Бұл туралы Халықаралық демократия және сайлауға жәрдемдесу институтының климаттың өзгеру проблемалары туралы баяндамасында айтылған. (ағылш — IDEA: The International Institute for Democracy and Electoral Assistance). АҚШ-та 2000-2016 жылдары жанармай компаниялары өз мүдделерін қорғау үшін лобби жасауға 2 млрд доллар жұмсаған. Мұндай жағдайларда «жасыл ұйымдар» билікте мүддесін таныту үшін бәсекеге түсе алмайды.

Мемлекет «мықты адамның» басқаруымен ғана гүлдене ме?
Экологиялық тиімділік индексі 2022

IDEA баяндамасына сәйкес, климаттың өзгеруіне қарсы тұру қажеттілігі демократияның өзіне қауіп төндіруі мүмкін. Тиімді шаралар қабылдау тимділігі төмен болғандықтар, адамдардың көбі «эко-авторитаризм» жағына басымдық беріп жатыр. Онда шешім қабылдауда саяси партиялар мен азаматтардың қалауына қарамай қажет экологиялық бағдарламаларды іске асырылады.

Қылмыс деңгейі

Қылмыс деңгейі мен саяси режим арасындағы өзара байланысты зерттей отырып әлеуметтанушылар зорлық-зомбылық қылмыстарына, атап айтқанда, қасақана өлтіру, нақты мемлекет халқы сезетін қауіп/қауіпсіздік деңгейіне қарайды. Біз қарастырған зерттеулерде қызық тренд байқалды: қасақана өлтіру мен қауіп деңгейі «толық» демократия мен авторитар мемлекеттерге қарағанда демократияға өтіп жатқан мемлекеттерде жоғары.

Брукинг институты зерттеушілері мұндай жағдайды тұрақты демократиялардың дамыған институттарға ие екенімен, олар шиеленістерді тиімді шешуге және қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды төмендетуге, сонымен қатар сотталғандарды мерзімі аяқталған соң қоғамға қайта кіріктіруге мүмкіндік береді. Бұған қоса демократиялық құндылықтар зорлық-зомбылықсыз әрекетті қолдайды және қасақана адам өлтіруге кедергі келтіреді.

Мұнда жазалау қатаңдығы емес, жазадан қашып құтыла алмайтыны әсер етеді. Бірақ бұл полиция сынаушылар мен билікке разы емес азаматтарды қудалаумен емес, өз ісімен айналысатын жағдайда болады.

Лев Гудков, әлеуметтанушы, философ. Дереккөз «Новая газета» 

Авторитар режимдер өз кезегінде зорлық-зомбылық қылмыстарының деңгейін жазалаудың қатаң шаралары мен бақылау арқылы бақылайды. Алайда жазалау қатаңдығы мен қылмыс деңгейі арасындағы байланыс туралы зерттеулер жазалау қаупі тағы екі фактор болмаса, қылмыс санын азайтпайтынын көрсетті: жазалаудан қашып-құтыла алмау және заң алдындағы теңдік. Түзетудің тиімді жүйесі мен қайта әлеуметтендіру болмай жазалауды қатаңдату қылмыс санын азайтпай, арттырып жібереді, себебі рецидив мүмкіндігі артады. Айыппұлдың көп болуы, өмір бойына қамау және өлім жазасы да қылмыс құрбандарының қылмыс жасаушы туысы немесе отбасы досы болған жағдайда сотқа беруден бас тартуына алып келеді. Үндістанда зорлау үшін өлім жазасын енгізу 94.6% жағдайда құрбандардың отбасы немесе туыстары қысымымен полицияға жүгінбеуіне алып келді ( 10 жағдайдың 8-інде құрбан мен зорлаушы таныс).

Авторитар елдерде ауыр қылмыс деңгейінің төмен болуы репрессивті саясатпен емес, деректердің нақты болмауымен және жемқорлық деңгейінің жоғары болуымен байланысты. Бұл қылмыскерлерге жазадан құтылуға мүмкіндік береді және қылмыстар азаматтар мен әлеуметтанушылардың назарына іліне бермейді. Өтпелі тип режиміндегі қылмыс статистикасының жоғары болуын да осымен түсіндіруге болады: демократиялық институттар қылмыстың алдын ала алмайды, бірақ есеп беру жүйесі авторитар режимге қарағанда ашық болып, статистиканы өтпелі демократияға қарсы өзгертеді.

Саяси тұрақтылық

Бұл мақаланың басында билікте «мықты адамның болуына» ұмтылу туралы айтып, авторитар режимдер тұрақтылықты қамти алатынына тоқталдық. Жоғары экономика мектебі профессоры Андрей Коротаевтің, америкалық саясаттанушы Джек Голлстоунның пікірінше, бұл шындыққа жанасады, себебі мұндай режимдерде билік орталықтандырылады, ал репрессиялардың кең мүмкіндіктері кез келген оппозицияны басып жаншуға мүмкіндік береді. Әсіресе бұл мықты күштік құрылымды ұстай алатын шикізатқа тәуелді авторитар мемлекеттерге қатысты. Алайда 1991 жылдан кейін демократияландырудың үшінші толқынынан соң авторитар режимдердегі тұрақтылық орнаған демократияларға қарағанда айтарлықтай төмендеген. Коротаев пен оның әріптестерінің зерттеуінше, мұның үш себебі бар:

  1. «Жастар буграсының» (ағылш. youth bulge) жойылуына әкелген демографиялық жағдай — 15-25 жастағы жастар аға буыннан көп болады. Қоғамда жастардың көп болуы радикал наразылықтар деңгейіне тікелей байланысты, сондықтан, демократиялық елдердің халқы қартайған сайын наразылық белсенділігі де төмендей берген.
  2. Индустриалды экономикадан посиндустриалды экономикаға өту және дамушы елдердегі өндіріс кәсіпорындарын шығару. Жұмысшылардың наразылықтары демократиялардағы саяси тұрақсыздық көзі болғандықтан, бұл мемлекеттерде өндірістің төмендеуі наразылық статистикасының төмендеуіне алып келген.
  3. КСРО құлауы. Бұрынғы совет мемлекеттерін ғана емес, социалистік блоктағы мемлекеттердің бәріне ықпал еткен жағдай. Саяси, экономикалық және әскери қолдаудың болмауы кеңес көмегіне мұқтаж болған режимдердің ішкі тұрақтылығын теңселтті, мысалы, Куба, Ауғанстан, Эфиопия және т.б. Бұған қоса қырғи-қабақ соғыс аяқталған соң АҚШ авторитар про-америкалық режимдердегі тұрақтылықты сақтап тұру стимулынан айырылды, бұл да саяси дағдарыстарға алып келді.

Посткеңестік блоктағы мемлекеттердің көбі өтпелі демократия жағдайында ұзақ болған жоқ және үшінші мыңжылдық басында тұрақты атворитар режимге орнығып алды.

Жалпы, демократиялардағы саяси процестер әртүрлі мүдделі тараптардың қарама-қайшылығымен, пікір алуандығымен және жүргізіліп жатқан саясатқа разы емес азаматтардың наразылықтарымен бірге «бейберекет» көрінуі мүмкін. Алайда дәл тұрақты институттар мен заң үстемдігімен біге осы саяси еріктің ашық көрсетілуі демократияларға әлеуметтік шиеленісті шығаруға, дағдарыс жағдайында икемділік пен тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді. Осылайша сайлау мен биліктің ауысып отыруы құзыретті бейбіт жолмен, легитимді процес аясында болуына жағдай жасайды. Сөз бостандығы мен ақпараттың қолжетімділігі демократиялық лидерлерге азаматтарды алаңдататын проблеманы білуге және жағдай ушықпай тұрып соған реакция танытуға мүмкіндік береді. Бұл құралдар мінсіз әрекет етпейді, бірақ демократияға тән өзін өзі реттеу олардың тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Алайда, мұның бәрі тұрақты демократияға тән, ал өтпелі кезеңдегі және гибридті режимдегі мемлекеттер, Коротаев пен Голдстоунның дерегінше, басқа режимдермен салыстырғанда тұрақтылықтың ең төмен деңгейін көрсетеді. Роллин Тусейлем мұны саяси қайраткерлердің әлсіздігімен, популизммен және саяси институттардың дамуын басып озатын жылдам экономикалық дамумен байланыстырады. Саясаткерлер азаматтардың сұраныстарын қанағаттандырып, тиісті реформаны іске асыра алмағанда, радикал топтар қоғамның наразылығын билікті басып алу үшін пайдалануы мүмкін.

Коротаев пен оның әріптестері айтқандай, орнаған авторитар режимдердегі және демократиядағы тұрақсыздық типтері әртүрлі: біріншісіне әскери төңкеріс, террористік актілер мен азаматтық соғыстар тән болса, екіншісіне жаппай наразылықтар мен ереуілдер тән.

Түйін

Кейінгі бірнеше жылда Freedom House, IDEA және БҰҰ секілді ұйымдар әлемде демократия дағдарысы мен авторитар көңіл-күйдің өскенін айтады. Халықаралық ғалымдар тобының 2019 жылы Psychological Science журналында жарияланған зерттеуі экономикалық теңсіздік аномия жағдайын күшейтетінін көрсетті — қоғамды қайта ұйымдастыру, әлеуметтік теңсіздік, жалпы деморализация, бағыттардың жоғалуы ақыр соңында демократиялық құндылықтарға кесірін тигізсе де, «тәртіп орната алатын» мықты лидерге ие болу ниетін тудырады.

Пандемия, инфляция өсімі және өмір сүру қымбаттауы, Украинадағы соғыс, ядролық соғыс қаупі, климаттық апаттар мен демократиялық институттардың әлсіреуі  — әлем кейінгі кезде бетпе бет келген негізгі дағдарыстар. Адамдар тұрақтылық қалап, тірек іздейтіні таң қалдырмайды, ал авторитар пропаганда әлсіреп жатқан демократияға тиімді балама ретінде өзін ұсына алады. Алайда ешбір режим азаматтарының бәрін гүлдендіруге кепіл болмайтынын, кез келген форматтағы демократия балама пікірге кеңістік қалдыратынын және шешім қабылдауға ықпал ету механизмдерін сақтайтынын айта керу керек. Саясаткерлер тиімді болудан қалғанда, азаматтық бастамалар, үкіметтік емес ұйымдар мен белсенділер бірінші қатарға шығады.

Демократия саяси амбиция дәрісі емес және тіпті демократияда да саясаткерлер билікте қалу үшін азаматтардың мүддесін құрбандыққа шалып жіберуі мүмкін. Алайда авторитар режимдердің мақсаты, қандай жағдай мен тұрақтылыққа жетсе де, өзгеріссіз қалады  — кез келген жолмен билікті сақтап қалу.

Диктаторлардың теріс әрекет — туа бітті ақау емес және психопат лидерге тап болған азаматтардың жолы болмағанының салдары емес. Саяси құрылымның өзі әрекеттің осындай моделін таңады.

Брюс Буэно де Мескита ВВС айтқаны

Авторитар лидерлер мемлекетті гүлдендіре алады. Алайда Сингапур секілді мысалдар «тірі қалғанның» қатесі. Диктаторлардың бәрі мемлекетін тонап, келіспегендерді қудалай бермейді. Бірақ атворитаризм қаупі азаматтардың саяси жағдайды бақылаудан айырылатынында жатыр және билікке қандай да бір себеппен демократиядан гөрі тоталитаризмді имитациялау тиімдірек болса, халықтың оған ықпал етуге еш мүмкіндігі болмайды. Гарвард университеті эволюциялық психология процессоры Стивен Пинкер «жарамсыз демократия гуманды диктатурадан жаман болып шығуы мүмкін» екенін айтады және оған қарсы шығу қиын. Алайда жарамсыз демократия азаматтарына оны өзгертуге мүмкіндік береді, ал диктатура ондай мүмкіндік бермейді.

лингвистка, фактчекерка

Factcheck.kz