Құқыққорғаушы Вениамин Алаев қайтыс болды

Қазақстандық құқық қорғаушы Вениамин Алаев 43 жасында қайтыс болды. Бұл туралы оның Facebook парақшасында хабарланды.

Вениамин енді арамызда жоқ, қоштасу уақыты кейінірек белгілі болады. Ол 17.00-де 12-қалалық ауруханада қайтыс болды.

Хабарлама мәтіні

Құқыққорғаушының өлімінің себебі әзірге белгісіз.

Вениамин Алаев туралы не білеміз?

Вениамин Алаев 1979 жылғы 9 қазанда дүниеге келген, ІІ топтағы мүгедектігі болған. 9 жасында оған церебрал сал ауруы диагнозы қойылған. Вениамин барлығына ортақ мектеп пен университетті тәмамдаған.

Көпшілік үшін бұл қорқынышты, қайғылы жағдай болып көрінуі мүмкін. Бірақ менің ата-анам өте батыл, шығармашыл болып шықты. Олар басқалар сияқты мені үйде жасырып ұстап отырмады.

В. Алаев, 2017 жыл, Vlast.kz сайтына сұхбатынан үзінді

Ол қазіргі AlmaU — Халықаралық бизнес академиясында “бизнесті басқару” саласы бойынша магистр дәрежесін алды. Америка Құрама Штаттарында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғаушыларды даярлау бағдарламасы бойынша білім алған.

Вениамин Алаев мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғаумен айналысып, Қайрат Иманалиев атындағы мүгедектігі барлардың құқықтарын қорғау комиссиясын басқарды.

Ол “Құқық қорғаушылардың жаңа буыны” коалициясының мүшесі, 2017-2019 жылдары Алматы қаласы әкімінің мүгедектігі бар жандардың құқықтарын қамтамасыз ету және олардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі болды.

2019 жылғы шілдеде ол БҰҰ-ға Қазақстандағы мүгедектігі бар адамдардың жағдайы туралы баяндама жасады.

Factcheck.kz сайты және MediaNet Халықаралық журналистика орталығы Вениамин Алаевтың отбасына, Қазақстан халқы мен азаматтық қоғамына қайғырып көңіл айтады…

Factcheck.kz