«Кран суын ішпеңдер!» аудиохабарламаны тексерейік

Қазақстандықтар мессенжер арқылы белгісіз адамның Роспотребнадзорға сілтеме жасап, су тасқыны салдарынан инфекция жұқтыру жағдайы көбейгендіктен, кран суын ішуге тыйым салынғаны туралы хабарлаған аудиожазбаны таратып жатыр.

Аудиожазбаның мәтіні:

Светик, Роспотребнадзор кран суын ішпеңдер деп қатаң ескертті. “Жедел жәрдемде” жұмыс істейтін қыздар қалада құсып, іші өткендердің шағымы көбейгенін айтты. Ішек ауруы көбейіп, адамдар ауыра бастаған. Су басқан аймақтарда зираттар мен мал қорымдары бар, мұның бәрі су жиналатын жерге түседі. Кран суын мүлде ішпеңдер. Болмаса суды кем дегенде 10 минут қайнатып барып, ішіңдер. Халық дүрлікпей тұрғанда дүкендегі бөтелкедегі суды молырақ алып үлгеріңдер. Тіпті кран суымен тіс тазаламаған да жөн.

Жазбаның Ресейде жасалғаны белгілі болса да, еліміздің тұрғындары алаңға салынғаны байқалады. Өйткені Ресейдің су басқан кей облыстары Қазақстанмен шекаралас орналасқан.

Factcheck.kz редакциясы аудиохабарламаның рас-өтірігін, сондай-ақ Қазақстанның мемлекеттік мекемелері жасаған осындай ескертулерінің бар-жоғын анықтап көрді.

Бізге белгілісі

7 сәуірде Орынбор облысындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі үкімет комиссиясының отырысында Роспотребнадзор басшысы Анна Попова шынымен ішек инфекциясын алдын алу үшін тек бөтелкедегі немесе қайнатылған суды ішу керектігін айтты. Әңгіме Орынбор облысы туралы екенін тағы да ескертеміз. Мәселені талдау кезінде Роспотребнадзор Ресейдің басқа аймақтары үшін мұндай ескерту жарияламаған.

Орынбор облысы бойынша Роспотребнадзор басқармасы 1 сәуірде «бөтелкедегі, қайнаған немесе ішу мен тамақ дайындауға жоғары тазартылған тұрмыстық сүзгіден өткен суды» пайдалануды ұсынды. Біз тексеріп жатқан аудиожазба 1 сәуір мен 7 сәуір аралығында пайда болуы мүмкін.

6 сәуірде Орынбор облысының Денсаулық сақтау министрлігі өткір ішек инфекциясымен медициналық көмекке жүгінген 18 адам туралы хабарлады, олардың 8-і ауруханаға түскен. Барлығына ортақ анамнез – кран суын тұтынған. Географиялық тұрғыдан алғанда, аталған оқиғаның бәрі Орск қаласындағы үш көшенің бойында болған.

Қазақстанға келсек, 31 наурызда денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті «су тасқыны кезінде тамақтан улану мен жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша» ұсынымдар тізімін жариялады. Еліміздің бірқатар өңірлеріндегі су тасқыны жағдайына байланысты комитет ауызсу және тамақ дайындау үшін тек бөтелкедегі немесе қайнатылған суды пайдалануды, сондай-ақ су басқан аймақтарда бұлақтың, құдықтың суын ішпеуді ұсынады.

Ұсыныстардың толық тізімі төменде.

«Кран суын ішпеңдер!» аудиохабарламаны тексерейік
Дереккөз: Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті

3 сәуірде СЭБК ауыз суға санитариялық-эпидемиологиялық мониториң күшейгенін хабарлады.

Қорытынды

Мессенжерде тараған ақпарат Ресейге, нақтырақ айтқанда Орынбор облысына қатысты екені анық. Алайда, санэпидбақылау жөніндегі қазақстандық Комитет су басқан өңірлерде бөтелкедегі немесе қайнатылған суды ішуге және тамақ істеуге пайдалану қажеттігін ескертеді.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz